2023 жылдың І жарты-жылдығы бойынша есеп берген Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Досымбаев жақында ауыл тұрғындарымен онлайн-брифинг өткізді. Сұрақ-жауап негізінде онлайн кездесуге қатысушылар Талдыбұлақ, Бірлік, Белбұлақ сияқты ауылдардың тұрғындары болғандықтан, аталған елді мекендердегі қордаланған мәселелер жөнінде өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға нақты жауап алуға тырысты.
Олардың ішінде жол, жарық, ауылдарға кіретін маршруттар мәселелері айтылды. Мәселен, «Талдыбұлақ ауылының жаңа құрылысы жағына мектеп салу жоспары бар ма?» – деген сұраққа округ әкімі жоспар бойынша БАКАД жаққа салынатын мектепке тиесілі жер телімінің дайын екенін айтып, 2024 жылы құрылыс жұмысы басталатынынын жеткізді.
Ал осы ауылға тұрақты жүріп тұрған «Тұлпар Экспресс» ЖШС-іне тиесілі №5 маршруттың жүру бағытын ұлғайту туралы сұрағына округ әкімі былай деп жауап қатты: «Жаңа құрылыс жақтың жолын асфальттаған соң ғана Қарқаралы көшесіне дейін жүргізу жоспары бар. Биылғы жылға ол мақсатта бөлінген қаражат болмағандықтан, ол келесі жылға қалып отыр». «Тұлпар Экспресс» ЖШС-нің басшысы Бауыржан Әукеновтің сөзіне сүйенсек, егер ол жақтың жолы асфальтталатын болса, автобус маршрутын созуға ешқандай кедергі жоқ.
Елді мекендерді жарықтандыруға 95 млн 320 мың теңге – жергілікті бюджет қаражаты есебінен 38 млн 320 мың теңге бөлінді. Оның ішінде, жарық бағаналарын ұстап тұруға 6 млн 550 мың тенге, жұмсалған электр жарығының төлемақысына 15 млн 770 тенге.
Мамыр, маусым айларында 10 млн 530 мың теңге қаражатқа Белбұлақ ауылының Біржан сал, Астана, Бұқар жырау, Абай көшелеріне, БАКАД Талғар трассасына, Талдыбұлақ ауылындағы аялдамаға, барлығы 140 жарық бағаналары орнатылды.
Талдыбұлақ ауылының Наурызбай батыр көшесіне жарық бағаналарын орнатуға 5 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыс атқарылады.
Нұрбол Досымбаев,
Белбұлақ ауылдық округінің әкімі.
Ауыл ішіндегі көшелердің жарықтандыру мәселесін көтерген тұрғындарға мәселелердің кезегімен қарастырылатынын жеткізген Н.Досымбаев: «Қазір жарықтандырылған және жарықтандылырып жатқан көшелер бар. Жұмыстар жоспар бойынша жүргізілетіндіктен, Ягодный, Әлиев көшелерінің төменгі бөліктерін жарықтандыру үшін келесі жылы сұраныс береміз», – деп атап өтті.
Бірлік ауылының Іздеубай көшесін су тартамыз деп жаңа асфальтты талқандап кетті деген тұрғын жұмысты атқарып жатқан компанияның шалағай ісіне наразы. Ал округ әкімі аталған сұрақ бойынша бір-екі аптада көшені қалпына келтіру жұмысы жүргізілетінен айтып, су құбырын тартып жатқан компанияны да көшені қалыпқа келтірумен айналысатын мердігер мекеме іздеп жатқаннын тілге тиек етті. Ал Талдыбұлақта тартылып жатқан су құбырының жұмыстары аяқталуға жақы қалғандықтан, алда бұл ауылдағы ауыз су мәселесі толық шешіледі деген үміттеміз.
Сондай-ақ қордаланған мәселелер қатарында ауылішілік жол мәселесі де көптеп көтерілді. Ол бойынша да округ басшысы тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ.