Ертеден келе жатқан халқымыздың көне дәстүрі мен қолөнерін игеріп, заманға сай жаңғыртып келе жатқандардың ішінен Қаскелең қаласында тұрып жатқан Бекдайыр әулетін ерекше атап өтуге болады. 40 жылға жуық уақытын қолөнерге арнаған отбасының бұйымдары бүгінде жергілікті халық пен елімізде сұранысқа ие.
Таяуда аталған әулет жыл сайын ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық іріктеу кезеңіне Қарасай ауданының атынан қатысып, жеңімпаз атанды. Енді жерлестеріміз байқаудың республикалық кезеңінде ауданның ғана емес, сондай-ақ Алматы облысының намысын қорғайтын болады.
2013 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы мыңдаған отбасының жетістігін насихаттап, жас отбасыларға өнегелі жол көрсетіп келеді. Аталған конкурстың биылғы аудандық және қалалық іріктеуіне облысқа қарасты аймақтардан өнерімен өрге жүзген, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей болған өнегелі отбасылар мен жас шаңырақ иелері, жалпы 87 отбасы қатысып, өзара бақ сынасты. Алайда оның тек 15-і ғана облыстық кезеңге жолдама алды.
Негізгі талаптарға баса мән берген облыстық комиссия шешімімен байқау нәтижесі бойынша жүлделі үшінші орынды Жамбыл ауданының Қондыбаевтар және Балқаш ауданының Телтаевтар отбасы өзара бөлісті. Екінші орынды Еңбекшіқазақ ауданынан қатысқан Шолпанбай әулеті иеленді. Ал біздің қарасайлық шеберлер отбасы Бекдайырлар бас жүлдеге лайық деп танылып, үздіктер қатарынан көрінді. Енді ауданымыздың өнерлі отбасысы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынайтын болады.
Осыған байланысты өткен аптада облыс орталығы Қонаев қаласында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңі бойынша марапаттау рәсімі өтті. Оның барысында сол кездегі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов еліміздің халқы үшін дәстүрлі, көптен күткен өзіндік мерекеге айналған байқауға қатысып, өз өнерлерін көрсеткен қатысушыларға алғысын білдіріп, облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады. Сондай-ақ оларға тиесілі грамоталар, сыйлықтар мен ақшалай сертификаттарды табыс етті.
Айта кетейік, биылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында облыстан үздік деп танылған Бекдайыр әулеті – қолөнердің қыр-сырын бірнеше буыннан бері жалғастырып келе жатқан көпке үлгілі отбасы.
Жанұя құндылықтарын дәріптейтін жобада жеңімпаз атанған әулеттің тірегі Қоңыр Бекдайыр – зергерлік өнердің хас шебері. Әке жолын қуған қолөнерші інжу-маржан, рубин және басқа да асыл тастармен безендірілген күміс әшекей бұйымдарды жасауға маманданған. Ат әбзелдері, ер-тоқым секілді былғары мен ағаштан жасаған бұйымдары сапасы мен көркемдігі арқылы көптің сұранысына ие. Ал жұбайы Анаргүл Нарботанова – жүннен бұйым дайындау мен қазақи шақыштағы киімдер тігу өнерін жетік меңгер майталман тігінші. Оның туындылары арасынан қазақы оюмен көмкерілген сәукеле, тымақ, шапан, тұскиіз секілді қабырғаға ілінетін кілемшелерді жиі кездестіруге болады.
Шебер ата-ананың балалары да көне дәстүрді жалғастырып, шығармашылықты өмірлік жол етіп таңдаған. Әулет мүшелерінің әрқайсысы қолөнердің бір түрін таңдап, заманауи стильмен үйлестіріп, ерекше туындылар дүниеге әкеліп, қолөнерге терең бойлаған ата-аналарының ісін лайықты жалғастыруда. Отбасының тұңғышы – Айдос мүсінші. Бақытжаны саздан көркем бұйымдар жасаса, үшінші ұлы Ғалымжан әке жолын қуып, зергерлік бұйымдармен айналысады. Қыздары Еркежан өзіндік стильде жібектен әшекейлер жасап, кесте тігумен, гобелен тоқумен шұғылданады. Өнерлі отбасының келіндері мен немерелерім де осы саланың қыр-сырын жақсы меңгерген.
Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды байқаудың облыстық кезеңінде жеңіске жетіп, республикалық іріктеуде облысымыздың намысын қорғайтын қаскелеңдік Бекдайыр әулетін кезекті жетістіктерімен құттықтаймыз. Алдағы сайыстан да сүрінбей өтіп, жеңімпаз атануларына тілектеспіз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
