Талай нәубетті бастан өткерген халқымыз үшін «ақ» сөзінің астарында үлкен мән бар. Әсіресе, апа-әжелеріміз ақ сүт тағамын өте пайдалы әрі таза деп, одан алуан түрлі тағамдар жасайтын еді. Сондай сүттен әзірленетін байырғы ұлттық тағамдардың бірі адамның бойына қуат дарытып, шөлдегенде сусын, қарның ашқанда азық болатын құрт. Қанша уақыт өтсе де дәмі мен пайдалы қасиеттерін жоғалтпай келе жатқан құртты бүгінде де сүйсіне жемейтін адам жоқ шығар. Тіпті, ата дәмді жаңғыртып, оны заманауи үлгіде жасау арқылы шет елдің нарығына жаңа ұлттық бренд қылып шығаруға талпынып жатқан отандық кәсіпкерлер саны жылдан жылға артуда. Солардың қатарына «Asyl Tas Holding» өндіріс кәсіпорнын жатқызуға болады. Құрылғанына аз болса да бұл кәсіпорын отандық өнімді жасауда өздерінің тың идеяларын қолдану арқылы біраз танымалдылық жинап үлгерді.
Нақтырақ айтқанда, аталмыш кәсіпорынның жаңа өніміне бір қарасаңыз, кішкентай бүлдіршіндер жейтін кәдімгі «Chupa Chups» тәттілерін көресіз. Алайда, оны қолыңызға алып, сыртқы қағазын ашып қарайтын болсаңыз, ішінен қазақтың кәдімгі майлы құртын табасыз. Ал, осы қазақ халқының дәмді тағамын осындай бір жаңаша түрде шығару арқылы оны танымал қылуды жүзеге асырып жатқан аталмыш кәсіпорынның басшысы отандық кәсіпкер, көпшілікке танымал театр әртісі, тележүргізуші Рахман Омар болып келеді. Оның айтуынша, бұл өнімнің қызық пішіні балаларды қызықтырып, оларды пайдасынан зияны басым өзге тәтті өнімдерден алыстату және де жаңа отандық бренд қалыптастырып, құрттың мәртебесін жоғарлату мақсатында жасалған.
– Әр қазақ құрттың қаншалықты пайдалы екенін жақсы біледі. Құрт біздің қыста қатпайды, жазда бұзылмайды, дәмі қай уақытта жесең де тіл үйіретін ұлттық тағамымыз ғой. Дәмінен бөлек, бойына көптеген дәрумендер жинаған құрт адамның денсаулығына да өте пайдалы. Сондықтан біз шығаратын өніміміз ретінде құртты тандадық. Ал, оның ерекше пішініне келетін болсақ, бұл бірінші кезекте кішкентай балаларды қызықтыру үшін. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі дүкендерге кірсеңіз, оның сөрелерінен химиялық қоспалары бар көптеген тәттілерді көресіз. Сондықтан біз өнімімізді осындай қызықты пішінде жасау арқылы балаларды пайдасынан зияны көп тәттілерден алыстатайық дедік. Екіншіден, осындай қызықты маркетингтік қадам жасау арқылы біз оны ұлттық бренд ретінде дамытып, шет елдің нарығына шығармақпыз. Үшіншіден, бүгінде құрт жасап шығаратын кәсіпорындар жетерлік, бірақ та, олардың көбі оны тек сүттен жасалатын өнімдерге қосымша ретінде, оның үстіне әртүрлі қоспалар қосу арқылы шығарады. Сондықтан да халықтың арасында оған деген сұраныс көп емес. Біз өз құртымызды тек табиғи өнімдерден жасау арқылы елімізде де оның мәртебесін көтергіміз келеді. Мұны осы өнімді шығарудағы ең басты бағытымыз десек те болады, – дейді Рахман Омар.
Бүгінде Бекболат ауылында орналасқан цехте жалпы 10 адам еңбек етеді. Олар күнделікті 5000-нан аса құрт өнімдерін жасап шығарады екен. Цех басшыларының айтуынша, олар өз жұмыстарын енді бастап жатқандықтан әзірге жасалып жатқан өнімнің саны осындай. Бірақ, алдағы уақытта басшылық жұмысшылар санын көбейтіп, шығарылатын құрттың санын арттыруды жоспарлап отыр.
Таяқшадағы тәттіге ұқсайтын құртты жасау үшін тек табиғи таза заттар ғана қолданылады екен. Нақтырақ айтқанда, құрттың құрамында ешқандай қоспа жоқ, яғни, ашытқы, тұз және сүт өнімдері ғана қолданылады. Сондай-ақ, компанияның директорының айтуынша, құртты жасау кезінде ешқандай заманауи құралдар қолданылмайды, бәрін де цехтың жұмыскерлері бұрынғы кездері апа-әжелеріміз сияқты қолмен жасайды. Ал, бұл өнім біздің еліміздің бренді екенін көрсету мақсатында олар мемлекетіміздің туы мен картасы салынған арнайы қапшықтарға қапталады. Тағы бір айта кетері, дайын өнімді салатын қораптың сырты да ерекше дизайнмен жасалған. Оның екі түрі бар: біреуінің сыртында Қазақстанның картасы салынған; екіншісінде ата дәмнің құрамы мен оның құндылығы жайлы, сондай-ақ, Ұлы ақын Абай атамыздың «Жетінші қара сөзі» үш тілде жазылған. Бұл басқа мемлекеттердің адамдарына еліміздің мәдениетін насихаттау мақсатында жасалған екен.
«Asyl Tas Holding» өндіріс компаниясының басшылығы бұның бәрі тек бастама ғана дейді. Алдағы уақытта олар өз өнімдерін «Chupa Chups»-тің ғана емес, сондай-ақ, қытырлақ картоп пен «tic tac» пішінінде жасап, шет елдің нарығына отандық өнімді жаңа үлгіде шығаруды да мақсат етіп отыр.
Осы өндірісті жолға қойып, ақуыз бен дәруменге өте бай құрттың технологиясын жетілдіріп, оны әлемдік нарыққа шығару арқылы еліміздің атын әлгілі етуді қолға алған Рахман ағамыздың кәсібіне береке мен табыс тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.