Адам баласы үшін білімнің, оқу мен тоқудың жөні бөлек, бөлекше екені ежелден белгілі. Білімдінің алды әрқашан жарық, санасы сәулелі, ойы орамды болатыны да баршамызға мәлім ғой. Ал, мұның бәрін де берекелі етіп беретін жер, әрине, алдымен мектеп.
Елтай ауылдық округінің орталығы Береке ауылында орналасқан өзіндік орны, өзінше тарихы бар Мәсімхан Бейсебаев атындағы орта мектеп – осы орайда алдыңғы қатарлы білім ұяларының бірі.
Өткен аптада аталған мектептің 100 жылдығы кеңінен аталып өтті. Сондықтан бұл жерде өздерінің қанатын қатайтып, алысқа ұшырған түлектері, бұрынғы мұғалімдер, қазіргі ұстаздар, ауыл тұрғындары, қадірлі меймандар және т.б. бас қосты.
Салтанатты жиын мектеп мұғалімдерінің хоры орындаған егемен еліміз – Қазақстан жайындағы тамаша әнмен басталды. Келесі кезекте аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов сөйлеп, мерейтоймен шын жүректен құттықтады, мұғалімдер мен оқушыларға табыс, жетістік тіледі. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіге Жүнісбеков, Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары Бекжан Әбжан сөз алып, ізгі тілектерін білдірді.
Мұнан кейін мектеп директоры Гүлзира Бердібекова мектептің бір ғасырлық тарихы, алғашқы директорлары, осы уақытқа дейінгі қол жеткізген жетістіктері, атақты түлектері, үздік оқушыларының табысы, қазіргі жай-жағдайы толық қамтылған баяндама жасады. Мектеп 1919 жылы ел ертеңін, балаларының болашағын ойлаған белсенді азаматтардың бастамасымен, күш салуымен ашылған. Олардың басында жүрген Қойкелді Байтұманов іске белсене, белшеше кіріскен. Алдымен екі жылдық сауат ашу орны ретінде ашылған білім ұясы көп ұзамай кәдімгі мектепке айналған. Ал, көзі ашық, көкірегі ояу, Қойкелді атамыз орыс тілінен сабақ берген әрі меңгеруші болған. Сондықтан бұл кісінің, шын мәнінде, еңбегі ерен. Оның алғашқы шәкіртінің бірі кейіннен үлкен лауазымды қызметтер атқарған, атақты Мәсімхан Бейсебаев еді.
Мектеп 1921 жылы төрт жылдық бастауыш, ал, 1937-1957 жылдары жеті жылдық мектеп болған.1957 жылы орта мектепке айналып, Лениннің атын иеленген. 1999 жылдан бері қазақ халқының тұғыры биік тұлғасының бірі – Мәсімхан Бейсебаевтың атында. Бүгінде мұнда 1600 оқушы бар, оларға 120 мұғалім сабақ береді.
Жиналғандар алдында, сонымен қатар, Қойкелді атамыздың қызы Мағрипа апа Байтұманова, Мәсімхан атамыздың баласы Қайрат Бейсебаев (айтқандай, жиынға әйгілі жерлесіміздің немересі Ерлан мен шөбересі Руслан да қатысты), Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, осы мектепті жиырма жыл басқарған Қалида Қосшығұлов, «Бала тәрбиесі» журналының бас редакторы Тамара Әзімханова, мектеп түлектері – филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайым, алғашқы алтын медаль иегері Раушан Тоқсейітова, белгілі кәсіпкер Расул Махмудов, республикалық өнерлі балалар конкурсын ұйымдастырушы Қарлығаш Әбдікерімова, «Қазпетролиум» ЖШС-нің менеджері Мейрамкүл Қоджашова, ішкі істер органдарының ардагері, полковник Кемал Тілеубаев және өзгелер сөйлеп, алтын ұяларының өткен жолынан сыр шертті, аяулы ұстаздарын, қымбатты сыныптастарын елжірей еске алды, сол бір қимас шақтары туралы толғана, толқи сөйледі, өздерінің басын қосқан қазіргі ұжымға үлкен алғысын айтты.
Мерекеге жиналғандар мектеп оқушыларының өнеріне ерекше тәнті болды. Олар туған ел, туған жер, халықтар достығы, береке-бірлік, ынтымақ-ырыс, бейбіт өмір, тәуелсіздік жайында ән айтты, өлең оқыды. Әдемі би билеп, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Бұл ретте мектеп түлегі, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясын бітірген, бірнеше республикалық конкурстардың лауреаты Жандарбек Еркімбаев орындаған әндер де көңіл түкпірінен орын алып, құлақ құрышын қандырды.
Әсіресе, жиынды мектеп мұғалімдерінен құралған хордың Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерімен түйіндеуі өте әсерлі болғанын атап айтуымыз керек! Сөзі мен сазы керемет келіскен ұлы ақынның тамаша, таңғажайып, сезімнің қылын шертіп, жүректің түбіне терең бойлаған әндері жиналғандардың жанын толқытып, теңіздей тербетті… Келесі жылы туғанына 175 жыл толатын хакім Абайдың мерейтойы орайындағы осы өнерін ұжымның білгендігі, көрегендігі дегеніміз дұрыс. Ал, бұл ең алдымен музыка пәнінің мұғалімі Назаркүл Уалиеваның еңбегі деп есептейміз.
Сондай-ақ, мектеп фойесінде Мәсімхан Бейсебаевтың кеуде мүсіні (бюст) ашылып, оның шымылдығын Қайрат Бейсебаев, округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов және ауылдың ардақты қариясы Таңжарық ата түсірді. Бұл да, әрине, елі үшін қызмет еткен елеулі тұлғаның рухына көрсетілегн үлкен құрмет.
Мәсімхан Бейсебаев – мемлекет және қоғам қайраткері. Ұлы Отан соғысына қатысқан қаһарман майдангер. Қазақ АКСР-і Егіншілік халық комиссариатында жұмыс істеген. Алматы ауыл шаруашылығы техникумының директоры болған. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде, Алматы облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан КП Ақмола облыстық комитетінің екінші хатшысы, Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген. ҚазКСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Яғни, алты жыл республика Үкіметін байыпты басқарған. Ол ХХ ғасырдың 60-жылдарында Қазақстандағы шаруашылық реформалардың жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан. М. Бейсебаевтың басшылығымен Қазақстанда титан, магний, синтетик, каучук, полиэтилен, т.б. өндіріс қолға алынған. Өскемен конденсатор, Кентау трансформатор, Семей кабель зауыттары іске қосылған. Химия өнеркәсібі қуатты салаға айналып, Маңғыстаудағы мұнай және газ орындары игеріле бастаған. Жеңіл және тамақ өнеркәсібі дамып, көлік, байланыс жүйелері жақсарған, Рудный, Ақтау сияқты жаңа қалалар бой көтерген. Өзі көптеген ордендер мен, медальдармен марапатталған.
Сонымен қатар, тойға жиналғандар 1999 жылдан жұмыс істейтін мектеп музейін аралап көріп, көне суреттерге, ескі құжаттарға, т. б. жәдігерлерге көз жүгіртіп те өткен тарихтың бір кезеңінің ішіне еніп кеткендей әсер алды.
Музейге таяу орналасқан Қазақстанның халық әртісі, күміс көмей опера әншісі, өнерімен туған халқының ерекше ыстық ықыласына бөленген Бақыт Әшімова атындағы музыка кабинеті де мен мұндалап, көңіл қуантып тұрды. Марқұм Бақыт апамыз да осы мектептің айрықша мақтан тұтар түлегінің бірі еді.
* * *
Мектеп мерекесі одан әрі Береке мен Елтай ауылдары арасында, Ақсай өзені жағасына таяу жердегі спорт алаңында жақсы жалғасып, мұнда теңге алу, аударыспақ сияқты ұлттық ат спорты ойындары болды. Әсіресе, елді ерекше елеңдеткені қазақтың күштілігін, мықтылығын, аттың құлағында ойнайтынын анық көрсететін көкпар еді. Салымға қой, тіпті, тана тасталған көнеден жеткен көкбөрілер «айқасы» да айтарлықтай биік деңгейде өтіп, оған қарасайлықтармен қатар, Түркістан облысынан, Жамбыл облысы, Шу ауданынан, өзіміздің Талғар, Іле ауданынан жігіттер де қатысты. Мектеп түлегі Әбдіжапар Көшербаев осындай ұлттық ат спорты ойындарының шын жанашыры, шынайы білгірі екенін тағы да танытып, бәсекенін бәсін көтеріп жүрді.
Жалпы, Бейсебаев мектебінің жүз жылдығы есте қаларлықтай дәрежеде әрі тәрбие-тағылымы мол болып өтті. Мерейтойға еңбек ардагері Күләш Тоқсейітова, «Ауыл» партиясы аудандық ұйымының төрағасы Орынбай Жанәділ, кәсіпкер Альбина Уалиева, «Бахус» фирмасының негізін қалаушы Атуш Карапетян, Елтай ауылдық округінің әкімдігі және т.б. демеушілік жасаған. Сондай-ақ, көптеген тұрғындар тойға өз үлесін қосып, ақжарма көңілін, ақ ниетін білдірді. Ең бастысы, қашанда жақсылыққа ұмтылатын халқымызға тән қасиетпен ортақ шаруа орайындағы осы жұмыстарға оң көзқарас танытқан округтегі ел-жұрттың ұйымшылдығы, намысқа тырысуы, қолдарының ашықтығы, шынайы жанашырлығы, береке-бірлігі бұл үлкен іс-шараның ойдағыдай өтуіне игі ықпал етті. Мерейтойлық шараларда. тарихи мәліметтерді іздестіруде, бюст орнатуда ардагер ұстаз, өлкетанушы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Орынбасар Жанәділ бірталай жұмыс атқарды. Сол сияқты мектеп директоры Гүлзира Бейсенбайқызы Бердібекова бастаған ұйымшыл ұжымның көп еңбек сіңіргені де айқын көрініп тұрды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.