Жаз мезгілінде еңбекке араласып, жұмыс істейтін балалар мен жасөспірімдерді жиі көреміз. Мұндайда «баланың жұмыс істеуіне заң рұқсат ете ме, ата-анасының жауапкершілігі бар ма?» деген ой туындайды. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар жұмысқа орналасар алдында еңбек келісімшартын жасап, ата-анасының жазбаша рұқсатын алуға тиіс. Ал, жұмыс беруші тараптың өкілдері бұғанасы бекімеген жасөспірімді жұмысқа алмас бұрын облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының келісімін алуы керек. Осыған байланысты жақында Қаскелең қаласы бойынша балалардың еңбегін заңсыз пайдаланып жүрген орындарға рейд жүргізілді.
Тексеру тобының құрамында аудандық ЖҚПБ ювеналдық полицияның аға инспекторы, полиция майоры Ернұр Ембердиев, аудандық білім бөлімінің заңгері Айдар Сергазин, Пушкин және Әлімқұлов орта мектептер директорларының тәрбие ісі-жөніндегі орынбасарлары Алмас Оспанов пен Индира Патталова болды. Алдымен арнаулы құрылған топ Қаскелең қаласындағы «Жер-Ана» орталық базарындағы сауда нүктелерін тексеруден бастады. Базар ішін аралай келе киім сатылатын бөлігіндегі жалғыз өзі саудамен айналысып тұрған бала бірден басты назарға алынды. Анықтай келе ата-анасының жарты сағатқа ауруханаға кеткені мәлім болды.
Ал, келесі құрылыс нүктесінде тұрған мектеп оқушысы ағасына көмектесіп тұрғанын айтып жалтарғанымен, екеуінің екі жерде бөлек сататындары анықталды. Барлығына ауызша ескерту жасалып, жеке және туу туралы куәліктерін тексеріп, балалар босатылды. Сондай-ақ, екінші рет осы жағдай қайталанса, айыппұл салынатынын да ескертті.
Балалардың құқығын шектеу, бала еңбегін қанауға жол берудің салдары жақсылыққа апармайды. Қысқасы, баланың дене бітімі, ақыл-ойы дұрыс қалыптасуы отбасы үшін де, еліміз үшін де маңызды екенін естен шығармаған жөн.
Әрі қарай рейд Қаскелең өзенінде шомылып жүрген балаларды бар жоғын анықтаумен жалғасты. Тиісті талаптарға сай келмейтін, ағынды суға саналатын Қаскелең өзеніне түсуге үлкендерге де тыйым салынған. Тексеру барысында күннен қорғанамыз деген сылтаумен шомылып жүрген Камбар және Рахманхожа атты мектеп оқушыларның ата-аналарына Ернұр Ерланұлы ескерту хаттамасын толтырды. Шара соңында тексеру тобы алдағы уақытта кешкі мезгілде ата-анасының қарауынсыз жалғыз жүрген және компьютерлік ойын клубтарындағы кәмелеттік жасқа толмаған балаларға рейд ұйымдастыруды жоспарлады.
Арнайы құрылған топтың мұндай тексерістері бекерден-бекер емес. Бұл – ең алдымен жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін. «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Сондықтан жеткіншектердің түнгі уақытта жалғыз өзі жүрмеуі де, еңбек етіп ақша табуы да ата-аналар қатаң қадағалауында болуы тиіс. Мұндай шара өзін-өзі қорғай алатындай жағдайға жете қоймаған жасөспірімдерді әртүрлі заң бұзушылықтан, арам ниетті адамдардың құрбаны болудан сақтайтынын ешкім естен шығармаған жөн.
Бұрым ОРЫНБАСАР.