Қарасай ауданы – бүгінде өндірісі өркендеген, экономикасы қарқынды түрде өсіп келе жатқан өңірдің бірі. Бұған жылдан-жылға аудан аумағындағы ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындар санының көбеюі елеулі ықпал етті. Өткен жылы өндіріс көлемі 9,4%-ға өсіп, 622 млрд. теңгеге жеткен. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 224,2 млрд. теңгені құрап, былтырғымен салыстырғанда 40,4%-ға өскен. Соған сәйкес қазіргі уақытта аудан басшылығы кәсіпкерлік саласына аса назар аударып, қарасайлық іскер азаматтар мен инвесторларға барынша қолдау көрсетуде.
Аптаның сәрсенбісі күні әкімдіктің мәжіліс залында «Атамекен» ҰКП Қарасай аудандық филиалының ұйымдастыруымен бизнесті қорғау және инвестициялық жобаларды құқықтық қолдау мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов, аудандық прокуратура қызметкерлері, кәсіпкерлермен жұмыс істейтін бөлім басшылары және де облыстық, аудандық бизнес өкілдері қатысты.
Отырысты Адис Жаратбекұлы ашып, 2024 жылдың қорытындысы нәтижесінде Қарасай ауданы Алматы облысы бойынша экономикалық дамудан 1 орынға шыққанын және бұл жетістікке аудан кәсіпкерлерінің арқасында жетіп отырғанын мәлімдеді. Сондықтан алдағы уақытта осындай жиындар жиі өткізіліп, кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсету жұмыстары артатынын жеткізді.
Мұнан кейін сөз арнайы шақыртылған аудан прокуроры Әлібек Ертасқа берілді. Ол бүгінде прокуратура тарапынан кәсіпкерлер құқықтарының сақталуын қадағалау, әкімшілік кедергілерді жою және бизнеске заңсыз қысым көрсетудің алдын алу мәселелеріне баса назар аударылып отырғандығын айтты. Оның мәлімдеуінше, өткен жылы прокуратура органдары кәсіпкерлік қызметке нұқсан келтіретін көптеген заң бұзушылықтарды анықтап, жолын кескен. Мемлекеттік тапсырыс берушілер тарапынан кәсіпкерлерден ақшалай қаражатты заңсыз ұстау, сондай-ақ бизнес үшін қаржылық тәуекелді тудыратын келісімшарт талаптарын бұзу фактілері анықталған. Жалпы прокуратураның жедел араласуының арқасында кәсіпкерлерге 23 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Ағымдағы жылы да прокуратура органдарымен мемлекеттік сатып алу саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бойынша бірқатар ауқымды шаралар қолға алынуда.
Мұнан бөлек Әлібек Нұрланұлы залда жиналғандарға кәсіпкерлерге арналған «QR код» жайында ақпарат беріп өтті. Яғни кәсіпкерлерге қарсы жасалып жатқан құқықбұзушылықтарды тоқтату мақсатында Алматы облысының прокуратурасы облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, «Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі мобильді топ» атты арнайы бот әзірлеген. Оның көмегімен қарасайлық іскер азаматтар өздеріне қарсы жасалған заңсыз әрекеттер туралы хабарлай алады. Сонымен қатар қызықтырған мәселелері бойынша заңнамалық түсініктеме алып, қажет кезде прокуратура өкiлдерiмен жедел байланыс орнату мүмкіндігі бар. Қолдану әдісі өте қарапайым. Кәсіпкер телефонындағы камерасы арқылы QR-кодты сканерлеп, ботқа өтіп, сигнал қалдыруы қажет. Сигнал түскен сәтте, прокуратура қызметкерлері оны бірден қарастырып, тиісті тексеріс жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды қабылдайтын болады.
Прокурордан кейін Өңірлік кәсіпкерлер палатасының индустрияны дамыту және жобаларды қолдау бөлімінің басшысы Елена Константинова жиналғандарды пилоттық режимде іске қосылған ұлттық цифрлық платформамен жақынырақ таныстырды.
«Атамекен» ҰКП мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті арасында қол қойылған меморандум аясында іске асырылған жаңа ақпараттық жүйе – еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында қажетті жұмыс құралы. Яғни бұл платформа инвесторлардың, мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың өзара іс-қимылына арналған «Бірыңғай терезе» болып саналады. Бүгінде инвестициялық жобалар пулының тізіліміне 755 жоба енгізілген. Негізгі үш бағыт бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Біріншісі – инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерін онлайн мониторингі, екіншісі – мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің инвестицияларға өтінім беруді автоматтандыру, үшіншісі – инвесторлар тарапынан инвестициялық жобаларды іске асыруға өтінім беруді автоматтандыру.
Процестің әртүрлі жақтарын біріктіретін орталықтандырылған хаб ретінде әрекет ететін платформа арқылы инвестиция құйып, ауқымды жобаны жүзеге асырғалы отырған кәсіпкерлер жаңа бизнес нысанын салу үшін бос учаскелер, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат ала алады. Жалпы айтқанда, инвесторлар үшін қазіргі таңда ҚР қолжетімді мемлекеттік қызметтерді толық қамтуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ платформада мемлекеттік қызметтер үшін жасыл дәліз, прокурорлық сүзгі модулі қарастырылған.
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жұмыстар таныстырылып болғаннан кейін жиын барысында бірқатар инвесторлар прокуратура өкілдеріне мазалаған сұрақтарын қойды.
Мәселен, жеке кәсіпкер және ірі инвестор «Atek Group» ЖШС-ның директоры Жанат Алтангадас бүгінде Қарасай ауданының прокуратурасы тарапынан қысым көріп жатқанын айтып, наразылығын білдірді. Дәлірек айтқанда, оның айтуынша, 2024 жылы аудан аумағында құны 1,2 млдр теңгелік инвестжобасын бастаған. Алайда алғашқы жұмыстар жүргізіле бастаған сәтте Қарасай ауданының прокуратурасы тарапынан кәсіпкердің сатып алған жерінде қажетті инженерлік желілер жоқ деп сотқа шағым түсірілген. Бірақ тексеріс барысында инженерлік желілер бар екені анықталып, сот кәсіпкердің пайдасына шешім шығарған. Одан кейін аудандық прокуратура экономикалық ауданаралық сотқа кәсіпкердің алған жерінің көзделген мақсаты суармалы деп шағым білдірген. Бірақ бұл жолы да тексеріс барысында аудандық кадастр бөлімінен қате кеткендігі, жердің көзделген мақсаты өндірістікке өзгертіліп, бас жоспарға сәйкес ол өндірістік жер екені анықталған. Сот шешімі кәсіпкер пайдасына шешіліп, кадастр бөліміне сөгіс жарияланған. Осыған қарамастан кәсіпкер 1 жылдан астам уақыт әлі де жұмысын бастай алмай отыр екен.
Бұл жағдай бойынша аудан прокуроры Әділбек Игілікұлы жауап беріп, жоғарыда айтылған прокуратура тарапынан жасалған жұмыстар базада көрсетілген ақпарат пен кадастр бөлімінен жіберілген мәлеметтерге сәйкес жүргізілгенін түсіндірді. Кәсіпкер прокуратура өкілдерінен тағы бір мәрте арнайы топ құрап, тексеріс жүргізіп, тезірек мәселені толығымен шешіп берулерін сұрады. Әділбек Игілікұлы оның ұсынысы хаттамаға енгізіліп, жақын арада кәсіпкермен байланысатынын жеткізді.
Мұдан бөлек Қаскелең қаласында орналасқан SDU университетінің өкілі «elicense.kz» порталы бойынша шағымын білдірді. Оның айтуынша, мамыр айында университет аумағында оқу ғимаратының құрылыс жұмыстары басталған. Қажетті құжаттар бар. Алайда таяуда құрылыс жұмыстары аяқталып, ғимаратты ашу үшін «пайдалануға беру» актісін алу сәтінде, мамыр айында «elicense.kz» порталынан «құрылыс жұмыстарына рұқсат жоқ» деген хабарландыру келгені белгілі болған. Порталдың дұрыс істемеуі себебінен өтініш берушілер бас тарту қағазын осы уақытқа дейін көрмеген. Енді салынған ғимарат тұр, бірақ оны қолданысқа беру мүмкін емес.
Аудандық прокуратура өкілдері бұл жайында хабардар екендерін, қазіргі сәтте осы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Ал Өңірлік кәсіпкерлер палатасының индустрияны дамыту және жобаларды қолдау бөлімінің басшысы Елена Константинова аталған порталдың жұмысы прокуратурамен емес олармен байланысты екенін алға тартып, университет өкіліне көмек көрсететінін білдірді.
Бұдан бөлек жиын барысында «Атамекен» ҰКП Қарасай аудандық филиалының жетекшісі Орынбай Басарұлы жоғарыда аталған мәселелердің барлығы тиісті органдар мен мекемелердің бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас орнатпауы салдарынан пайда болып жатқанын айтып, прокуратура өкілдеріне осыған назар аударуларын сұрады.
Жиын соңында аудан прокуроры Әлібек Ертас қазіргі уақытта прокуратура тарапынан өз қаражаттарына «eGov.kz» порталына ұқсас кәсіпкерлерге арналған сайт құрастырылуда екенін жеткізді. Онда жер учаскесінің мәселелері, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасын беру, учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту, кәсіпкер тарапынан берілетін өтініштер секілді жалпы ісін бастағысы келетін кәсіпкер өтетін барлық қажетті қадамдар бойынша функциялар болады. Жаңа бастама жоспарға сай жүзеге асырылып, тексерістен өтсе, онда кәсіпкерлерге таныстырылып, қолданысқа беріледі. Одан бөлек прокурор инвесторларға байланысты мәселелерді қарастыру үшін тоқсанына бір рет жиналыс өткізу қажет екенін айтып, Орынбай Басарұлы мен Адис Сейдакматовқа ұсынысын білдірді. Бұл бірден мақұлданды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.