Таяуда ғана жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ресми қызметіне кірісу рәсімінде көптеген маңызды мәселелерге тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Оның ішінде бесінші бағыт ретінде, яғни, тұрғын үй мәселесін шешуді де қолға алуды тапсырғаны белгілі. Онда ол түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударатынын айтып, алдағы уақытта бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұрғанын тілге тиек еткен болатын. Сондай-ақ, Үкімет осы бағытта тиісті шаралар қабылдайтынын да нақты айтты.
Мен аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы ретінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының алға қойған үлкен мақсатын құптай отырып, халық игілігі үшін болашақ жоспарымызға жетуге бар ынта-жігерімізді салатынымызды айтқым келеді. Өйткені, еліміздің қазіргі басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрған сара жолын жалғастырып, сарабдал саясатымен қадам басып азаматтардың әл-ауқатын өсіру бағытында көптеген жұмыстарды атқаруды жоспарлауда. Оның барлығына жұдырықтай жұмылып қызмет етсек, бәріне де қолымыздың жететініне толық сенімдімін.
Қазіргі уақытта біздің ауданымызда да тұрмысы төмен, көп балалы және үйлі болуға мұқтаж отбасыларға арналған жалдық баспаналар салу да жоспарға алынған. Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасы да қарқынды жүзеге асуда. Алдағы уақытта бірқатар қарасайлықтардың да үйлі болу мәселесі шешіліп, мерейі үстем болатыны сөзсіз.
Ербол НАҒАШЫБАЕВ,
аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы.