Жуырда аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ұлтаралық бірлікті, достықты нығайтуға арналған семинар өтті. Бес ауданнан келген ішкі саясат бөлім мамандарының басын қосқан жиынды аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева ашып, төрағалық етті.
Алғашқы сөз кезегін алған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин өңірлердегі қоғамдық кеңес міндетін жандандыруды айтып, олардың жұмысына ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасының қосар үлесі зор екенін түсіндірді. Оның айтуынша, этносаралық достықты нығайту ең алдымен жастарды тәрбиелеуден, оларға дұрыс жолды көрсетуден басталады. Яғни, бұл іс мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар мен кеңестің, жастар саясаты мен ата-әжелер алқасының іске асырып жатқан бағыттарымен тікелей байланыста. Сондай-ақ, Ғалым Нұрмағамбетұлы ішкі саясат бөлімдерінің қызметіне назар аудара келе, жоғарыда айтылған мекеме, ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста болып, жұмыстарын жаңа қарқынмен, заман талабына сай жүргізуге ұсыныс берді. Бұдан бөлек, ол әкімдіктің ішкі саясатына жүктелген міндеттің де оңай еместігін алға тартып, заманауи үрдіске көшудің өз қиыншылығы бар екенін айтты.
Жиын соңында залда жиналған мамандардан да көптеген ұсыныстар болып, бірқатар мәселелер ортақ талқыға түсті. Басқосуды қорытындылаған Алматы облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев барлық әріптестеріне сәттілік, жұмыстарының жемісті болуына тілек білдірді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.