Жуырда Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болып, онда алдыменен Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов «2024 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және 2025 жылға алға қойылған міндеттер туралы» есеп берді. Кеңес мүшелері аудан басшысының мазмұнды да мағыналы баяндамасын өте зейін қоя тыңдап отырды. Өйткені оның барлығы да халыққа, бәрімізге де ортақ, аса қажетті мәнді мәселелер ғой. Бұл жөнінде жиынды басқарған Қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов та атап айтқан болатын.
– Ауданымызда 2024 жылдың қорытындысы бойынша да әлеуметтік-экономикалық дамуда оң серпін сақталды, – деп бастады өз сөзін Жасұлан Тоққожаұлы. – 2024 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 9,4%-ға өсіп, 622 млрд. теңгеге жетті (2023ж. – 576 млрд. тг.). Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 570 млрд. теңгені құрап, 9,8%-ға өсім көрсетті (2023 ж. 12 айы – 519,0 млрд.теңге). 2024 жылы Қарасай ауданы әкімдігінің қолдауымен бірқатар жаңа өндіріс орындары ашылды. Атап айтқанда, Шамалған ауылында инвестиция сомасы 2,5 млрд. теңгені құрайтын «Қазақстандық құбыр арматура заводының» (КЗТА) құрылысы аяқталып, тұрақты 80 жұмыс орны құрылды. Сауыншы ауылында инвестиция сомасы 2,2 млрд.теңгені құрайтын «BMG Holding» компаниясының сэндвич-панель шығаратын зауыт құрылысы аяқталып, 60-қа жуық жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. 2024 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 224,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 40,4%-ға өсті. Оның 70%-ға жуығы жеке инвестициялар есебінен болады. Ивестиция көлемі 80 млрд. теңгені құрап, Оңтүстік Кореялық «KT&G» компаниясының зауыты ақпан айында ашылуы жоспарлануда (300 жұмыс орны). «Фокус Логистик» инвестициясы 16 млрд. теңгені құрайтын кешенінің бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып, «OZON» қоймасы жұмысын бастап кетті (250 жұмыс орны). Оған қоса «Apple Logistics» (16,5 млрд. тг) логистикалық кешенін наурыз айында (500 жұмыс орны), «MP Solution» (70 млрд. тг) логистикалық кешенін қараша айында қолданысқа беру жоспарланған (800 жұмыс орны). Сонымен қатар, жылдық қуаттылығы 7 млрд. теңгені құрайтын «Алтын таға» темірбетон бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы жалғасуда (700 жұмыс орны). Бұл жобалар ауданның өнеркәсіп өндірісін нығайтып қана қоймай, алдағы уақытта шамамен 3500 жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Дегенмен, бұл жетістіктермен шектелмей, жаңа мүмкіндіктерді қарастырып, инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Мәселен, 2025 жылы 20-ға жуық жаңа инвестициялық жобалар іске асыру көзделуде. Мысалы: 1. Көкөзек ауылында құны 16 млрд. теңгені құрайтын ірі логистикалық кешені «MP Solution» бірінші кезеңінің құрылысы; 2. Жармұхамбет ауылында құны 15 млрд. теңгені құрайтын «ROIR» компаниясының шағын индустриялық аймақ құрылысы; 3. Көкөзек ауылында құны 10 млрд. теңгені құрайтын «Бурундай контейнер Терминал» компаниясының көп салалы контейнерлік терминал құрылысы; 4. Береке ауылында құны 6,8 млрд. теңгені құрайтын «ATEK GROUP» компаниясының, автоклавты кірпіш шығару зауытының құрылысы сияқты тағы басқа инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған.
Қарасай ауданында ірі бизнеспен қатар шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда ауданда аталған салада 32 827 субъект тіркеліп, 55 250 астам тұрғынды жұмыспен қамтыды. 2024 жылы шағын және орта бизнестен бюджетке 48,6 млрд. теңге түсім түсті, 2023 жылмен салыстырғанда 13,7 млрд. артық (2023 жылы 34,9 млрд). 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын кәсіпкерлік субъектілерімен 252 млрд теңгеге өнімдер шығарылды және қызметтер көрсетілді. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 15%-ға артық. Шағын және орта бизнес дамуына «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 540 кәсіпкерге 53,8 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Олар: — кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 355 жобаға 48,9 млрд. теңге; — қарызды ішінара кепілдендіруге (гарантирование) 185 жобаға 4,9 млрд.теңге берілді. Ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласына келетін болсақ, 2024 жылы 74,6 млрд. теңгенің өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2%-ы құрады (2023ж. – 94,6 млрд. тг.). Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 313 жобаның өтінімі жинақталып, оның ішінде 2,3 млрд. теңгеге 263 жобаның құжаттары «Қонаев әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына» өткізілді (СПК «Қонаев»). Қазіргі уақытта 79 жобаға 688 млн. теңге несие берілді. Сонымен қатар, аталған бағдарлама шеңберінде аудан бойынша 590,0 млн. теңге несие алу үшін 20 өндірістік кооперативі құрылып, «Қонаев әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына» 13 кооперативтердің құжаты өткізілді. Бұдан басқа Береке ауылында орналасқан «Жетісу» өндірістік кооперативі «Қонаев әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамы арқылы 400 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салу үшін 1,0 млрд. теңге несие алды. Жобаның аяқталу мерзімі – 2025 жылдың 2-ші жарты жылдығы. Пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша айтсам, 2023-2024 жылдар аралығында ауданда мақсатты бағыты бойынша пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы 2939,5 га ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды(жайылымдық жерлер).
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2024 жылы 73,1 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 137,9% құрады. (2023 ж. – 69,0 млрд. тг). Іске қосылған тұрғын үй көлемі 245,6 мың шаршы метрді құрап, 8,9%-ға өсім көрсетіп отыр (2023 ж. – 225,4 мың м2). Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтардың саны 7604 адам. Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 199 пәтер сатып алынып, 2024 жылы 72 пәтердің кілттері табысталды. Қалған 127 пәтерді ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында комиссия шешіміне сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне беріледі.
Қарасай ауданы әкімдігінің жұмысындағы маңызды бағыт халықты жұмыспен қамтуды арттыру болып табылады. Аудан бойынша 2024 жылы жалпы 11750 азаматты (оның ішінде 9498 азаматы тұрақты және 2252 азаматты уақытша) жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде 12125 азамат (100,3%) жұмыспен қамтылды, оның ішінде: 9997 азаматы (100,5%) тұрақты және 2128 азаматы (94,5%) уақытша жұмысқа жіберілді. 2024 жылы аудан бойынша 7722 жаңа жұмыс орындары ашылды (оның ішінде 1968 уақытша құрылған жұмыс орындары), (жұмыссыздық деңгейін 4,7%-дан 4,5%-ға түсіру жоспарлануда). Ал, халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2121 азамат тартылып, 1 млрд. 394 млн. теңге қаражат бөлінді.
Сонымен қатар ауданда халықты әлеуметтік қорғау бағытында бір қатар жұмыстар жүзеге асырылды. 2024 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 1183 отбасына, 560,7 млн.теңге тағайындалып төленді (2023 жылы – 1692 отбасына 936,5 млн.теңге тағайындалып төленді). Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының балабақшаға баратын 732 балаға 82 млн.теңгеге төлем жасалды (2023 жылы — 903 балаға 96,5 млн.теңге төленді).
– Аудандағы маңызды мәселенің бірі білім саласы болып саналады, – деп сөзін жалғастырды Жасұлан Тоққожаұлы. – Аудан аумағында мемлекеттік — 61 мектеп, 10 балабақша және жекеменшік — 13 мектеп,183 балабақша бар. 2024 жылы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Қаскелең қаласы, Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында жалпы 8100 балаға арналған жаңа форматтағы 6 мектеп қолданысқа берілді. Алмалыбақ және Бұлақты ауылдарында жаңа мектептердің құрылыс жұмыстары 2025 жылдың 2-ші тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Атқарылған жұмыстардың арқасында ауданымыздағы үш ауысымдық мектептердің саны соңғы 2 жылда 12-ден 2-ге азайды. Сондай-ақ, Абай ауылындағы М.Ғабдуллин орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Қаскелең қаласының А.Пушкин атындағы және Шамалған ауылының М.Әуезов атындағы орта мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Осы жерде айта кететін мәселе, 44 473 оқушы ыстық тамақпен қамтылған (оның ішінде 64 қаулы бойынша 1-4 сынып – 3,731 оқушы, 5-11 сынып – 6,191 оқушы).
Денсаулық сақтау саласына келсек, медициналық мекемелердің қазіргі заманға сай қызмет көрсетуін арттыру мақсатында Абай (құны 649,6 млн.тг), Үштерек (құны 618,2 млн.тг) ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның және Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фелдшерлік акушерлік пунктінің құрылысы басталды (аяқталуы 2025 жылға жоспарланған).
Қайнар, Бекболат, Шалқар және Ұлан ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттік комиссияға өтінім тапсырылды. Одан бөлек, Қаскелен қаласында заманауи перинаталды орталығының және бір күнде 500 келушіге арналған көп салалық емхананың, Көлащы ауылында 300 келушіге арналған бастапқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығының және Бұлақты ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның ЖСҚ-сы әзірленуде.
Ауданның мәдениет және спорт салаларына да тиісті деңгейде көңіл бөлінуде. Мысалы, екі ауылда 200 орындық Мәдениет үйлерін салуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Жібек жолы мен Әйтей ауылдарында Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізіледі. Ал, Жандосов ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысына облыстық бюджеттік комиссияға 774,9 млн. теңгеге өтінім тапсырылды. Мерей ауылындағы Мәдениет үйіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау ақпан айына жоспарланған. Бекболат ауылының ескі Мәдениет үйінің ғимараты 2023 жылы мемлекет меншігіне қайтарылып, ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілді. Одан бөлек, ауданның жастары әрі демалып, әрі білімін жетілдіретін «Жастарға арналған қызмет көрсету орталығының» құрылысы жүргізілуде. Жаңатұрмыс және Қаратөбе (2-кезең) ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылғы бюджетте 4 елді мекеннің ауыз су жүйелерінің бастапқы құрылыс-монтаждау жұмыстарына 1,8 млрд. теңге бөлінді. Одан бөлек 4 елді мекенде 4 су ұңғымасын бұрғылау және 1 су мұнарасын орнату жұмыстары жүргізілді (Шамалғанда 2, Әйтей, Қырғауылды және Қаскелен қаласында). Қазіргі таңда Әйтей мен Шамалған ауылдарында су мұнаралары қолданысқа беріліп, ал Қаскелең қаласы мен Қырғауылды ауылында сұ ұңғымасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қаскелең топтық су құбырының құрылыс жұмыстары атқарылуда. Аудан бойынша соңғы 10 жылда халық саны 130 мыңға өсіп, жаңа құрылыстар бой көтеруде. Сәйкесінше, тозығы жеткен электр желілері қуатының жетіспеуі салдарынан жиі өшуі орын алуда. Аудандағы энергия тапшылығын шешу мақсатында Көлді ауылында қолданыстағы электр станциясын жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, ал Исаев ауылында «Индустрияльная» қосалқы станциясын салуға жер телімі рәсімделуде. Жобалардың құны 15,7 млрд. теңгені құрайды. Одан бөлек, 4 елді мекеннің электр жүйелерін жаңарту жұмыстарына 1,3 млрд. теңге қарастырылды. Сонымен қатар, 13 елді мекеннің электр жүйелерін жаңғырту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жалпы 4,6 млрд. теңгеге облыстық комиссияның қарауына бюджеттік өтінім тапсырылды. Ал Кемертоған ауылының электр жүйесін қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
2023 жылы 10 елді мекеннің 38 көшесінің 42 шақырымына жарықтандыру жүйесі орнатылды, бөлінген қаржы 192,0 млн. теңге (Қаскелен, Іргелі, Жамбыл, Үштерек, Тұрар, Еңбекші, Батан, Ұлан, Қошмамбет, Көлді). 2024 жылы 9 елді мекеннің жалпы 51 көшелеріне жарықтандыру жүйелері орнатылып, қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, Шамалған мен Бекболат ауылдарындағы 22 көшеге жарықтандыру желісін орнатуға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін облыстық комиссияның қарауына бюджеттік өтінім тапсырылды.
2024 жылы «Өмірұзақ» шағын ауданында аумағы 3,2 гектарды құрайтын саябақтың құрылысы аяқталып қолданысқа берілді. Сонымен қатар, Қаскелең қаласы Наурызбай батыр көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Наурызбай батыр» ескерткішінің аумағын абаттандыру үшін эскиздік жоба жасалып, жобалау-сметалық құжаттамасы 25 қаңтарда сараптамадан өтті.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 2024 жылы 939 мекемеден 35 841 адам қатысты, барлығы 629 техника жұмылдырылды. Жалпы көктем айларында 4513 түп ағаш, күз айларында 4450 түп ағаш отырғызылып, әлеуметтік нысандарда 58 тонна, 5305 шаршы метр көлімінде сквер мен саябақтардан 31 783 тонна күл-қоқыс Әйтей полигонына шығарылды. 2024 жылы ауданның жолдарын жөндеуге 2,9 млрд. теңге қарастырылып, 28 елді мекеннің 60 көшесінің 71 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылдың қыркүйек айында «КазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен Жібек Жолы ауылын айналып өтетін жол толықтай аяқталып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар, 2024 жылы «Алматы-Жандосов» тас жолының 20-23 шақырымындағы кеңейту жұмыстары басталды. Төрт қатарлы жол түседі. Аяқталу мерзімі 2025 жылдың екінші жарты жылдығы.
Қазіргі уақытта Қарасай ауданының аумағында 36 бағыт бойынша автобустық маршруттар халыққа қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде аудан әкімдігімен бірлесіп, Алматы қаласының мобильдік басқармасы ұйымдастырған 29 маршруттың 14-і соңғы екі жылда іске қосылған. 2023 жылдан бастап жергілікті бюджеттен субсидияланатын, аудандық әлеуметтік маңызы бар 7 маршрут халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда тек Жармұханбет ауылында қоғамдық көлік қамтылмаған.
– Белгіленген жоспарларды іске асыру аудан экономикасының барлық салаларында өсудің оң серпінін сақтауға мүмкіндік береді, – деп аудан әкімі баяндамасын қорытындылады. Қарасай ауданында атқарылған әр саладағы жұмыстар толық бақылауда және жоспарға сәйкес жүргізілуде. «Қоғамымыз ортақ, мемлекетіміз бір» деген ұстаныммен осы бағытта жұмысымызды жалғастырсақ, алға қойған мақсатымызға нәтижелі еңбекпен жетеміз!
Мұнан кейін кеңес мүшелері аудан басшысының есебі бойынша пікірлерін білдіріп, ой-тілегін жеткізді. Мәселен, Тұрғанбек Оразалиев кейбір ұсынысын айта келе, ауданда көп жұмыс, әсіресе, халық үшін атқарылғанын атап өтіп, әкімнің жұмысын өте жақсы бағалады. Сол сияқты Сағат Мәсімақынов та аудан басшысының барлық мәселені де қалт жібермей басты назарда ұстап отыратынын, әсіресе, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін әңгімелеп, алда да елге арналған еңбегіне табыс тіледі. Ал Несіпбала Әбділдаева Қаскелеңге бір көпшілік кино көретін жер керек екенін айтты. Басқа да сөз алушылар бұл айтылғандарға қосылды.
– Әрине, – деді сөз аяғында Жасұлан Тоққожаұлы, – өздеріңіз айтқандай, көп жұмыс істелді, алайда алда тұрған міндеттер де жетіп артылады. Мысалы, Сауыншы ауылы газдандырылуы керек, ауыз су жетіспеушілігі орын алуда. «Батан» канализациясының мәселесі бар, Қаскелең өзені жағалауын абаттандырып, демалатын орындар жасау қажет, халық саны барынша артып отыр, жаңа мектептер, әлеуметтік орындар салуға тиіспіз және тағы басқа жұмыстар аз емес. Кинотеатр ашу жағын ойластырып отырмыз. Осы тұста мынаны атап айтсам деймін, Қарасай ауданы өткен жыл қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жөнінен облыста бірінші орын алды. Қоғамдық кеңес, депутттар бар, бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы, яғни жұмыс ортақ, мүдде бір, мақсат белгілі – ол халықтың жағдайын көтеру. Сондықтан әрдайым береке-бірлікпен бірге, біріге жұмыс істейік. Сіздерге алғыс айтамын!
Келесі кезекте «Аудандық орталық кітапхананың жұмысы және өзекті мәселелері туралы» аудандық кітапхананың әдіскері Кенжегүл Сопбаева баяндады. Ол кітаптың адам өміріндегі маңызы, аудандық кітапханадағы игі істер мен ілгерілеу туралы, жұмыстарындағы жаңашылдықтар жайында жан-жақты айтып берді. Өздерінің 2024 жылы «Білім және мәдениетті дамыту» қорының ұйымдастырылуымен өткен «Jana Kitaphana – 2024» байқауында, «Заманауи кітапхана» аталымы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталғанын айтты.
Кітап, кітапхана жөнінде аудан әкімі Жасұлан Естенов, кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы, Тұрғанбек Оразалиев және тағы басқалар өз ойларын жеткізсе, Қаныбек Айтжанов «Аманат» партиясының «Кітап аманаты» жобасы туралы әңгімеледі. Барлығы да адам өміріндегі кітап пен кітапхананың үлкен рөлін айрықша атап өтті.
Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Жанат Исағұлов аудан әкімі Жасұлан Естеновке аудан дамуы туралы жан-жақты баяндап бергені, ілгері бастар мағыналы, мәнді сөзі үшін көп рақметін айтып, үлкен қызметінде табыс-жетістік тіледі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Қоғамдық кеңес те ортақ жұмысқа үлес қосатынын жеткізді. Сондай-ақ аудандық кітапхана ұжымына да ақ ниетін білдірді.
Отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.