1 наурыз – көктемнің көркем мерекелерімен қатар, жалпыхалықтық басты саяси ұйымға айналған мемлекеттің мызғымас тірегі «Nur Otan» партиясының құрылған күні. Биыл жиырма бірінші рет аталып өтіп отырған мерекеге арналған салтанатты жиын аудандық партия филиалының кеңсесінде ұйымдастырылды.
Басқосуға облыстық «Nur Otan» партиясының филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев арнайы келді. Сонымен қатар, жиынға аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай, аудандық «Nur Otan» партиясының филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, бөлім басшылары, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді жастары қатысты.
Алғашқы сөз кезегін Жанболат Әкебайұлы алып, Елбасы өзі жетекшілік ететін партиямыз қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған биіктігімен бағалы болып отырғанын айтып, әр нұротандық болашаққа деген сенімі мен білімін өз Отанының игілігіне жұмсауы тиіс екенін тілге тиек етті.
Одан кейін Қаныбек Құлжабайұлы екеуі барша жиналғандарды наурыздағы мерекелермен құттықтай келе, өңірдің өркендеуіне, партияның мақсат-міндеттерін орындауға елеулі үлес қосып жүрген белсенділерді өз аттарынан жеке-жеке Алғыс хаттармен марапаттады. Салтанатты шара барысында да қатарға жаңадан бірқатар азаматтар қосылып, оларға мүшелік билеттері табыс етілді.
Сондай-ақ, шара барысында аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Көшкімбаев, Қаскелең қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Несіпбала Әбділдаева, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділ партия күнімен құттықтады. Жиынның соңын облыстық «Nur Оtan» партиясы ұйымдастырған «Ортақ Абай» атты көркемсөз байқауына қатысқан Райымбек ауылындағы Ушинский орта мектебінің оқушысы Дарья Гаврилюк және Қошмамбет орта мектебінің оқушысы Мұрат Сарванов Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқып түйіндеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.