2021 жыл сол баяғы аты өшкір коронавирус індетінің ізін жалғаған, халықтың сабырын сынаған, түрлі тосын сәттерге толы аумалы-төкпелі кезеңге айналды. Жан жылытар жақсы жаңалығы мен көңіл тебірентер есте қаларлық оқиғалар да орын алып жатты. Жұртты елең еткізер түрлі жағдайлар болғанымен, тыныштық пен бейбітшілік орнаған бұл жылға еш өкпе айта алмаймыз. Сондықтан босағамыздан енген 2022 жылға аттар алдында «өткен күнге өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп, келешекті тек жақсылыққа жоримыз.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын өз деңгейінде жақсы атап өттік дей аламыз. Азаттығымыздың маңыздылығын лайықты түрде насихаттап, ширек ғасырдан астам уақытта жеткен жетістігімізді түгендедік. Алдағы уақытта да мемлекетіміз әлі талай жақсылыққа толы сәттерге куә болып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі одан әрі артады деген үміт бар.
Көңілде ұялаған сеніммен алдағы 12 айға болжам жасасақ дейміз. Өйткені, билік өз тарапынан елдің экономикасына қатысты бірқатар шешім шығарып, жалпақ жұртқа жария еткен болатын. Сондықтан Үкіметтің уәде еткен ілгері істерін тілге тиек етіп, қазақстандықтардың әл-ауқаты үшін атқарылатын біраз жұмыстарға тоқталуды жөн көрдік.
ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДЕ ӨЗГЕРІС БАР
Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) артады
2022 жылда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 5%-ға көбейеді. Өткен жылы, яғни, 2021-де бұл 2917 теңге болса, биыл алғашқы айдан бастап 3063 теңгеге өзгерді.
Ең төменгі жалақы өседі
Өткен жылы 42 500 теңге болған ең төменгі жалақы 2022 жылда оның көлемі 60 000 теңгеге артты. Бұған қатысты тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев міндеттеген болатын.
Еліміз бойынша ең төменгі жалақының осылайша өзгеруі 1,6 миллион қазақстандықтардың кірісінің артуы себепкер болған екен. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінде өзгеріс бар
Алдағы уақытта мемлекеттегі күнкөріс деңгейінің мөлшері де өзгеретін болады. Яғни, 5%-ға артып, сомасы 36 018 теңгеге теңеседі. Жалпы бұл көрсеткіштің өзгеруінің өз маңыздылығы бар. Өйткені, күнкөріс деңгейімен байланысты төлемдердің де мөлшері басқаша болады. Мәселен, асырауындағы екі адам үшін асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2022 жылы 53 666,82 теңге болады. Осы уақытқа дейін бұл төлем 51 109, 98 теңге шамасында еді.
Жөргекпұлдың мөлшері көбейеді
Аналарға мемлекет тарапынан босанғаны үшін жәрдемақы берілетіні белгілі. Жөргекпұл сомасы баланың кезегіне байланысты өсіп отырады: бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 116 394 теңге (2021 жылы – 110 846 теңге); төртінші және одан кейінгі балаларға –192 969 теңге (2021 жылы – 183 771 теңге). Егіз не үшем, төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.
Сонымен қатар, жүктілік пен босану бойынша табысынан айырылған жұмыс істейтін әйелдерге берілетін біржолғы әлеуметтік төлем 1 587 600 теңгеге дейін болады. Бұл сома өткен жылы 1 224 550 теңгеге дейін деп есептелген.
Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы шамалы өсті
Төрт және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан 23 жасқа толмаған балалары бар аналарға 2022 жылы сараланған мөлшерде келесідей жәрдемақы беріледі:
• төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 49 926 теңге (2021 жылы – 46 760 теңге);
• бес балаға – 61 382 теңге (2021 жылы – 58 457 теңге);
• алты балаға – 73 665 теңге (2021 жылы – 70 154 теңге);
• жеті балаға – 85 947 теңге (2021 жылы – 81 852 теңге);
• сегізінші баладан бастап әр балаға 4 АЕК немесе 12 252 теңге қосылады.
Атаулы әлеуметтік көмек жеке есептеледі
Атаулы әлеуметтік көмек көлемі әр адамға жеке есептеледі. АӘК мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы арасындағы айырмашылықты құрайды, яғни, 25 212 теңгеден отбасының бір адамға шаққандағы орташа табысын шегеру қажет. Кейде отбасының әрбір мүшесіне 1000 теңге немесе 20 теңге, тіпті, 1 теңге атаулы әлееуметтік көмек тиесілі болуы мүмкін.
Айыппұл, салық, және өзге бюджеттік төлемдердің мөлшері көбейеді
Мемлекеттік қызметтер үшін төленетін сомалардың мөлшері тікелей айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты өзгереді. Мысалы, жүргізуші көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асырса, 61 260 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Бұған дейін жүргізушілер 20 АЕК немесе 58 340 көлемінде айыппұл төлеп келген.
Сонымен қатар, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекетте АЕК мөлшерімен бірге міндетті сақтандыру полисі мен көлік салығының бағасы да өседі. Ал төлқұжат алу үшін төленетін мемлекеттік баж мөлшері 24 504 теңге көлемінде болады.
ШЕТЕЛДІК ТАСЫМАЛДАУШЫЛАРДЫҢ САЛЫҒЫ
Бұдан былай шағын және орта бизнестің шығынын азайту үшін салық салу мақсатында шағын көлемді фургондарға 3,5 тоннадан аспайтын жүк көтерімдігіне қарай салық салу тәртібі қолданылады. Ал Қазақстан аумағы арқылы халықаралық қатынаста жолаушы мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік көлік құралдарынан алынатын алым мөлшері 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.
ЦИФРЛЫҚ САЛЫҚ САЛЫНАДЫ
Салық кодексінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда тауар сатумен және қызмет көрсетумен айналысатын шетелдік интернет компаниялардың қосымша құн салығын тіркеуі мен төлеуінің оңайлатылған тәртібі қолданылады. Қосымша құн салығын толық және дер кезінде төлеуді қамтамасыз ету үшін «Мерчент ID» ұғымы енгізіледі. Интернет арқылы сатылған тауарларға қосымша құн салығы салынады. Цифрлық салық отандық және шетелдік компаниялар үшін бәсекелестік жағдайын теңестіруге мүмкіндік береді.
Зейнет жасы мен зейнетақы төлемі жайлы айтсақ…
Елімізде әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен арттыру қолға алынған болатын. Ал, ерлерде еш өзгеріссіз, яғни, 63 жасында шығады. Сонымен 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық әйелдер қауымы 60 жас 6 айда зейнетке шығады.
Келешекте әйелдердің зейнетке шығу жастары төмендегідей:
2022 жылдың 1 қаңтарынан – 60,5 жасында;
2023 жылдың 1 қаңтарынан – 61 жасында;
2024 жылдың 1 қаңтарынан – 61,5 жасында;
2025 жылдың 1 қаңтарынан – 62 жасында;
2026 жылдың 1 қаңтарынан – 62,5 жасында;
2027 жылдың 1 қаңтарынан – 63 жасында.
Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап көтеріліп келгенін айта кеткен жөн. Оған дейін апаларымыз 58 жасында зейнеткерлікке шығатын.
Жалпы, зейнетақы төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең. 2021 жылы – 18 524 теңге, ал 2022 жылы бұл сома 5 пайызға артып, 19 450 теңге болады.
1998 жылға дейін ерлер үшін 25 жыл және әйелдер үшін 20 жыл жұмыс өтілі бар қазақстандықтар толық көлемде алатын ынтымақты зейнетақының ең төменгі мөлшері 7 пайыз өседі деп жоспарлануда. Яғни, 2021 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері – 43 272 теңге болса, биылғы жылы бұл сома 46 302 теңгеге артады.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін ең төменгі зейнетақы төлемдеріне ықпал етеді. Оның мөлшері – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы. Қазір бұл 24 012 теңге, ал 2022 жылдан бастап 25 213 теңге болады.
АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚЫМБАТТАЙДЫ
Жаңа жылдан бастап азық-түліктің бағасы қымбаттайды. Бұл жайында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың өзі мәлімдеген еді. Осы мәселеге халық қанша наразы болса да Үкімет тарапы оны шешуге еш қауқарсыз. Министрліктің айтуынша, жалақы көбейгендіктен, тауардың да бағасы көтеріледі, ол артқан сайын жалақыны көтеруге жұмыс жасау керек.
КІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫЛАРЫ АРТАДЫ?
2022 жылдың қаңтар айынан бастап мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық қызметкерлердің жалақылары өседі. Бүгінгі таңда еліміз бойынша олардың саны – 588 мың.
Ал, білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биылдан бастап балабақша, мектеп және колледж педагогтерінің табыстары 25%-ға артады.
Одан бөлек, 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақылары да 2,5 есеге арттыру жоспарлануда. Бұл мақсатта 2022 жылға – 361,7 млрд теңге, 2023 жылға – 557,4 млрд теңге сомасында қаражат көзделген.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ САНЫ ҚЫСҚАРАДЫ
Үкіметтің арнайы қаулыларына сәйкес мемлекеттік қызмет штат саны қысқарады. Анығын айтқанда, биылдан бастап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (оның ішінде облыстық бар қалалардың) әкім орынбасарларының саны азаяды.
МӘСЛИХАТТЫҢ ХАТШЫЛАРЫ ТАБЫСТЫ БОЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат хатшыларының жалақысын көтеру туралы Үкіметтің ұсынысын қолдаған болатын. Бұл жөнінде өткен жылдың қазан айында Асқар Мамин депутаттардың сауалдарына жауап беру кезінде түсіндірді. Оның айтуынша, 2022 жылдың алғашқы айынан бастап барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының жалақылары өседі.
БАЛАЛАР ҮШІН ӘУЕ БИЛЕТІ ТЕГІН
Енді елімізде жаңа жылдан бастап 2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға әуе билеті тегін беріледі. Мәдениет және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, бұл жоба «Кидс гоу фри» (балалар тегін саяхаттайды) бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
НЕШЕ КҮН ДЕМАЛАМЫЗ?
Қазақстан халқы 2022 жылы 245 күн жұмыс істесе, 120 күн демалады. Тіпті, кейбір мерекелік демалыстар 3-4 күнге созылады. Ендеше соларға тоқталып өтейік:
• қаңтарда – Жаңа жыл кезінде төрт күн;
• наурызда – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай үш күн және Наурыз мейрамында бес күн;
• мамырда – Отан қорғаушылар мерекесі мен Жеңіс күніне орай төрт күн;
• желтоқсанда – Тәуелсіздік күні қарсаңында қатарынан төрт күн.
Сонымен қатар, биыл Рождество мейрамы аптаның жұмасына сәйкес келгендіктен қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады. Ал, мұсылмандардың Құрбан айты 9 шілдеге, яғни, сенбі күнге түсіп тұр. Бірақ, Заң бойынша діни мейрамдар демалыс күндерге түскен жағдайда демалыс күні ауыстырылмайды.
Дайындаған Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Деректердің барлығы ресми сайттардан алынды.