Осыдан бір апта бұрын «Nur Otan» партиясының Қарасай аудандық филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтіп, бірқатар мәселелердің айналасында айтылған пікірлер назарға алынды. Басқосуға бақылау комиссия мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымының төрағалары және арнаулы оқу орындарының өкілдері қатысты.
Сағындық Жылқыбаев төрағалық еткен жиында комиссия мүшелерінің талқысына бірнеше нақты мәселе алға тартылды. Олар: бес әлеуметтік бастама шеңберінде студенттерге арналған жатақханалар салу жөніндегі жобаларды іске асыру кезіндегі партия мүшелерінің жауапкершілігі туралы; партия Жарғысындағы қағидалардың сақталуы, партия мүшелерінің мүшелік жарнасы бойынша бастауыш партия ұйымдары төрағаларының жауапкершілігі туралы; Қаскелең бастауыш партия ұйымын бөлу туралы.
Алғашқы мәселенің мән-жайын аудандық партия филиалының кеңесшісі Ералы Рахметқожаев жан-жақты түсіндіріп, аудандағы бірқатар колледждердегі жатақхананың жағдайына қатысты олқылықтарды тізбектей жеткізді. Мәселен, Қаскелең Мәдениет колледжінің орталықтандырылған кәріз жүйесінің жоқтығы, Шамалған ауылындағы кәсіптік оқудағы көпсалалы колледждің оқу залына қажетті компьютер мен басқа да оның жабдықтарының жетіспеушілігі, С.Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінің жатақханасына күрделі жұмыстың қажеттілігі айтылды.
Айтылған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, кейбір білім ордаларының өкілдері өздерінің уәждері мен өтініштерін де жеткізді. Ал, комиссия мүшелері ортаға салынған пікірлерді тыңдай келе, назарға алынатынын бір ауыздан мақұлдады.
Жиын барысында жоғарыда аталған Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі директорының міндетін атқарушы Жанна Шайхиева да сөз сөйлеп, айтылған мәселеге қатысты ойын айта келе, оқу ордасының жай-күйін, жеткен жетістігіне де қысқаша тоқталып өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселенің ретін аудандық партия филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі Абылай Манабаев қозғап, бастауыш партия ұйымының жұмысына баға беріп, қаржылық-шаруашылық жұмыстарға қатысты кемшіліктерді түсіндірді. Сондай-ақ, Қаскелең бастауыш партия ұйымын бөлуге қатысты ойын жеткізді.
Жалпы, комиссия отырысында аталған мәселелердің барлығы қаралып, бірқатар бастауыш партия ұйымының төрағалары тарапынан пікірлер де ескерілді. Өз кезегінде аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов барлық мәселеге қатысты ойын білдіріп, әсіресе, мүшелік жарнаға қатысты жұмысты жеделдету керектігін тапсырды.
Жиын барысында баяндамашылардың айтқандары назарға алынып, қажетті шаралар қолдануға қатысты жұмыстардың жоспары бекітілді. Оның ішінде партияның ішкі тәртібі бойынша атқаратын істері, жарнаның уақытылы төленуі бар. Сонымен қатар, «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасының 3-ші «ауыртпалықтардан арылу» серпіні бойынша Қаскелең бастауыш партия ұйымының үшке бөлінуі де айтылды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.