Жақында, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбектің төрағалығымен, партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде қаралған төрт мәселенің біріншісі бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев ортаға шығып, денсаулық сақтау саласында осы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстар жайында есеп берді.
Комиссия мүшелері тарапынан баяндамашыға бірқатар сұрақтар қойылды. Солардың бірі партия филиалына Жаңашамалған ауылдық округі тұрғындарынан жедел жәрдем көлігінің жетіспеушілігіне орай келіп түскен шағымына байланысты еді. Яғни, бүгінде ресми тіркелген халқының саны 29 мыңға жуықтаған округке бір ғана жедел жәрдем көлігі аздық ететіні, соның салдарынан шұғыл шақыртылғанда ақ желеңділер жылдам келе алмайтыны сөз етілді. Сонымен қатар, Айдын Қадырбекұлы есімді тұрғын ауданымызда тегін қарайтын балалар невропатологының жоқтығы жайлы мәселені көтерді. Жаңа туған нәрестенің дұрыс жетілуіне, он екі мүшесінің сау болып өсуіне әсері зор мұндай маман орталық ауруханада аптасына бес күн сағат 8-ден 12-ге дейін ғана қабылдайтын көрінеді. Аталған тұрғын невропатолог-дәрігерге қабылдауға жазылған күннің өзінде тек екі айдан кейін ғана кезегі жететінін, соның салдарынан нәрестенің алғашқы екпелерінен кешігуге болатынын, осындай жағдайдан соң ақылы маманға баруға тура келетінін айтты. Бас дәрігер болса, аталған сұрақтарға берген жауабында бұл мәселе қарастырылып жатқанын, алдағы уақытта шешімін табатынын мәлімдеді.
Мұнан кейін күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша «Іргелі» және «Ұмтыл» бастауыш партия ұйымдарының төрағалары баяндама жасап, округтердегі партиялық жобалардың орындалуы барысын мәлімдеді. Бұл ретте комиссия мүшелері партия атына келіп түскен Алмалыбақ ауылы Алмалы көшесінің тұрғындарынан жолдарды жөндеуге қатысты өтініштерін алға тарта отырып, сұрақтар қойды. Халықтың ұсыныс-тілектері әрдайым партия назарында болатындығы айтылып, кейбір проблемаларды тез арада шешу қажеттігі тапсырылды.
Отырыста, сондай-ақ, «Таусамалы тазалық» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің көрсететін қызметіне қатысты Бірінші Май округіне қарасты Бекболат ауылы Жаңағасыр көшесінің тұрғындарының шағымы қаралды. Ауыз су тапшылығынан қиналған көше тұрғындарының тілегін арқалап келген Марал Альшуразованың айтқандары мұқият тыңдалып, округ әкімі Ержас Тоқтасыновқа, аталған мекеменің бөлім бастығы Әміржан Махамбеталиевке оқиға орнына барып, мәселені шешіп, бақылау комиссиясына нақты жауап қайтару қажеттігі айтылды.
Клара КӨПБАЕВА.