Аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мен аудандық прокуратура бірлесіп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша сот істерін жүргізу талқылады. Оған Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Мэлс Идирисов пен судьялар, Қарасай ауданы прокурорының орынбасары Шыңғыс Оспанов, аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, қала және ауылдық округ әкімдері, бөлімдердің мамандары қатысты. Әкімдік қызметкерлері заң өкілдеріне өз салалары бойынша кездесетін құқық бұзушылықтар жайлы сұрақ қойып, түйткілді мәселелерін басқосуда талқыға салды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданғанына екі жыл болды. Осы уақыт ішінде ол Қазақстанның құқықтық жүйесінде жақсы жүзеге асырылып келеді. Кодекс нормаларын және жеке әкімшілік рәсімдерді одан әрі жетілдіру қажеттілігіне байланысты көптеген істер қаралуда.
Жиында алдымен сөз алған Мэлс Ермағанбетұлы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің күшіне енген кезден бастап, оның мәні мен әкімшілік органдардың қызметіне әсері жайлы талдап айтып берді. Сонымен қатар, Кодекстің жария-құқықтық даулар бойынша сот ісін жүргізуді ғана емес, әкімшілік рәсімнің өзін де реттейтінін атап өтті. Мәселен, өткен жылға қарағанда биылғы жылы Қарасай ауданының мемлекеттік қызметшілеріне қатысты қылмыстық істердің саны 48%-ға өскен.
Аталған заңнама аясында толықтай мәлімет алған соң, Алматы облысы Заң консультанттары палатасының заң консультанты Нұрлан Толынбеков өзекті мәселелерді қозғады. Сонымен қатар аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары қандай тәртіптік жазалар қарастырылатыны жайлы, әсіресе шаруа қожалықтарына арналған жер учаскелерінде рұқсатсыз үй салып алғандардың не істеу керектігі және түсірілген арыз бен шағымға нақтылы жауабы бірден белгілі болмаған жағдайда не істеу керек және тағы басқа осы сынды сұрақтарын қойды. Сауалдарға ауданаралық соттың төрағасы заң аясында жауап берді. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік орган сотта өз шешімінің, әрекетінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге тиістігін айтты. Сот бұл деректерден бөлек қосымша мәліметтер сұратып, дәлелдемелер жинауға құқылы. Яғни, бұрын судья алдындағы іс материалдары мен дәйектерге ғана сүйенсе, енді әділетті шешім шығару үшін белсенді бола түседі. Жаңа әкімшілік сот өз шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауда ұстайды. Айталық, жауапкерден сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақша өндіріп алу көзделген, сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін. Жауапкер сот шешімін орындамаған жағдайда, жеке, лауазымды, заңды тұлға болсын немесе олардың өкілі болса да, мөлшері 50-ден 100 АЕК-ке дейінгі сомада айыппұл төлеуге мәжбүр. Заңның мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыра түсетіні осыдан белгілі болады.
Жиын соңында сот төрағасы мен судьялар қатысушыларға заң аясында түсінбеген мәліметтер болса, хабарласып кеңес алуға болатындықтарын айтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.