Мектептегі тәрбие жұмысы нәтижесінің бір ұшы ата-аналар мен мектептің бірлескен әрекетінде екені ешуақытта күмән туғызбайды. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекшісі негізгі рөл атқарады. Мұғалім мен ата-аналардың өзара қатынасы міндеттерінің ең негізгісі – психологиялық-педагогикалық білімдерін көтеру.
Осы міндеттерді шешу мақсатында осыдан бір апта бұрын Әйтей ауылындағы Б.Қосынов атындағы орта мектебінде әр ата-ана бала көңілін таба білуіне ой қозғау, тәрбие жайлы пікір бөлісу мақсатында ерекше форматта «Бір тұтас тәрбие – болашақ кепілі» атты іс-шара өтті.
Шараның шымылдығын мектеп директоры Дәурен Саусақбаев ашып, жиналған ата-аналарға мектептің атқарып жатқан жұмысы жайлы баяндама жасады.
– Бүгінде біздің мектебімізде 1573 оқушы білім алуда. Биылғы жылы 1 сыныпқа 153 бала қабылданды. 2022-2023 оқу жылында 11 сыныпты 54 оқушы тәмамдап, 49 оқушы ҰБТ тапсырып, 31 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Осындай жақсы көрсеткіш арқылы біздің мектеп үлгерім бойынша ауданымыз бойынша үштікке кіріп отыр. Бұдан бөлек Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитетінің хаты негізінде 1-4 сыныптардағы 656 оқушы тегін тамақтануда.
Қауіпсіздік шараларына келетін болсақ биылғы жылы мектебімізге турникет орналастырылады. Олардан өту үшін әр балаға арнайы жеке карталар беріледі. Сондықтан енді мектепке рұқсатсыз бөтен адамдар кіре алмайтын болады, – деді мектеп басшысы.
Бұған қоса Дәурен Саусақбаев оқушылардың аудандық, облыстық және республикалық байқауларда жеткен жетістіктері жайлы толықтай ақпарат беріп өтті.
Мұнан кейін шараның екінші негізгі бөлігі басталды. Оның барысында ата-аналар үш топқа бөлініп, ұстаздармен бірге жұмыс жасады.
Бірінші топтағы ата-аналар ұлттық мүдде, талап және ар-ұят тақырыптарында ой қозғап, баланың бойында қандай қасиеттер болуы керек екені жайлы әңгімелесті. Екінші топта ата-аналар «Стакан мұнарасы» ойынын ойнап, өзара ұйымшылдық және ынтымақтастық сезімдерін арттыру бағытында жұмыс жасады. Ал үшінші топтағыларға – ұстаздар психологиялық коучинг өткізіп, бала тәрбиесі құрсақтан басталатындығы жайлы түсіндірді.
Жалпы бала тәрбиесінде отбасының алар орны ерекше, оған әрбір ата-ананың белсене атсалысуы маңызды. Расымен де, тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықта. Өйткені баланың басты ұстазы – ата-ана. Қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы және солай болып қала бермек. Сондықтан шаңырақтан алған тәрбие – барша халқымыздың баянды болашағының айқын кепілі. Жиында осы және де өзге бала тәрбиесіне қатысты мәселелер талқыланды.
Шара соңы «Өлкенің гүлжайнаған балғындары» атты мерекелік концертпен тәмамдалды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.