Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Мемлекет басшысы «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес»,– деп бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын. Ал енді осы берілген тапсырма мен айтылған мәселе төңірегінде елімізде қандай шаралар ұйымдастырылып, қандай шаруалар атқарылып жатыр екен, соған сараптама жасап көрген едік.
Алдыңғы кезекте мәселелерді көтерсек. Өткен жылы бастау алған балалар мен жасөсіпірімдерге арналған Аrtsport тегін үйірмелері Балалар жылында керісінші тоқтап қалайын деп тұр. Үлкен үмітпен басталып, соңы күдікпен аяқталатын сыңайы бар. Балаларға тегін үйірмелер ұйымдастырылады дегенде бөркін аспанға атқан ата-аналардың қуанышы қазір су сепкендей басылған. «Қыркүйекте балам тегін үйірмеге баруын жалғастырады ма?» деген сұрақ алаңдатады. Өйткені осы айда елдегі бірнеше өңірде олардың жұмысы тоқтады. Қайта жандану немесе жанданбауы да белгісіз. Күні кеше Үкімет отырысында ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Константин Авершин ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жан басына шаққандағы спорттық және шығармашылық үйірмелер жұмысының қайта жандануына ықпал етуін сұрады.
Бұған қатысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ArtSport бағдарламасының жұмысы тоқтамайды деп сендіруде. Бүгінде 495 мың бала 15 мың үйірме мен секцияға барады екен. Оған 32 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген, жыл соңына дейін қосымша 97 млрд теңге қажет етеді. Министрдің айтуынша, көпшілікті қамту мақсатында бір балаға бір секцияны ғана ұсынылатын болады.
Жалпы балаларға қатысты көп мәселе көтергенімізбен жеме-жемге келгенде, олардың кішкентайлығын пайдаланып, мәселесін шеше де бермейді екенбіз. Мәселен, еліміздегі оқушылардың сөмкесінің ауырлығы неше жылдан бері айтылып келе жатқанымен, әлі күнге дейін балаларымыз алты пәнге арналған алты оқулығымен, салмағы зілдей сөмкесін көтеріп жүр. Қазір елімізде омыртқасы қисаймаған бала жоқ шығар. Балаларымыздың денсаулығы нашарлап бара жатқаны да талай рет мінберлерден көтерілгенімен, оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар жоқ. Тіпті, балалар жылы да олардың мәселесін шешіп бере алмай отыр. Ал біздің балаларымыздың денсаулығына қатысты көп мәселе айтылғанымен, шешу бағытында нақты ештеңе қолға алынар емес.
Тағы бір көптің көңілінде жүрген мәселе – мектептердегі асхананың тамағы. Қазіргі уақытта тендер арқылы жеке кәсіпкерлер ұтып алатын асханалардың тамағының сапасы сын көтермей тұр. Дәл осы мәселені жуырда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен өткен кездесуде көксайлық Әсет есімді азамат көтерген болатын. Оған сол жиынға келгендпердің басым бөлігі бірден қолдау білдірді Асхана білім мекемесінің меншігінде емес, өз алдына бөлек билік құрып алған. Алайда балалар тамақтан уланса, мектеп директоры немесе ұжымы кінәлі болып шығатын көрінеді. Облыс басшысы тұрғынның сөзіне баса назар аударып, ретке келтіруді, жолға қоятынын айтты. Иә, осы мәселе тек сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде шешілетініне сенім мол.
Биылғы жыл балалар есінде жағымды жаңалықтарымен де есінде қалмақ. Мемлекет басшысы Президент жақында халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына бір жолғы ақшалай сыйақы беру туралы заңға қол қойған болатын. Ол заңға сәйкес алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі әрі ол оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге де осындай ақылы сыйақы тағайындалған. Сондай-ақ халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің еліміздегі ЖОО-ға түсу үшін автоматты түрде гранттарға ие болу мүмкіндігі бар. Бұл білім бәйгелерінде бақ сынайтын балалар үшін үлкен «базарлық» екені даусыз.
Ал аудандық білім бөлімінің берген мәліметінше, аудандағы «Балалар жылына» арналған іс-шаралар жоспары 8 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Үздіктердің үздігі» тақырыбында олимпиада, ғылыми жобалар, әдеби оқулар, байқаулар мен спорт жарыстардың 345 жүлдегерлері қала және ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізді. Ал, 10-11 сынып оқушылары арасында облыстық «Mу Battle» (Май Батл) интелектуалды ойындары 10 бала қатысып бірінші және ұшінші орындар алды. Сонымен қатар, табиғатқа жақын болу мақсатында оқушылар Қарасай, Жамбыл аудандарындағы тарихи орындарына саяхаттады. «Ұшқыр ой алаңы» жалпыұлттық мәдени-ағарту жобасы аясында ауданда ашылған 54 дебат клубы биылғы жылы 5 рет ойын көрсетті. Ағымдағы жылдың шілде айына «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» іс-шарасын, «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» атты спорттық эстафетасын, «Балалар кітап әлемінде» кітап көрмесін, аудан бойынша балалар және театр әлемімен таныстыру жұмыстарын жүргізуді және тағы да басқа осы сынды түрлі бағыттары жұмыстар жоспарлануда.
Расыммен, сол бүлдіршіндердің құқығын қорғау, жан-жақты дамытуға бағытталған жобалар мен шаралар қолға алынып жатыр. Дегенмен басты назар олардың санына емес, сапасына аударылса деген ниет бар. Ең болмаса үш ай жазғы демалысын да дұрыстап ұйымдастырып бере алмасақ, қайтадан оқу жылының жүктемесімен балалар жылын елеусіз өткізіп жіберетін түріміз бар. Шыны керек, жылдың аяғында қаржыны игеру үшін жанталасып, аяқ асты өткізілетін балалар арасындағы көзбояушы концерттер мен көрмелерден оларға пайда жоқ. Нақты дамуына, денсаулығының нығаюына, есейіп балалық шағын есіне алғанда мемлекеттің қамқорлығы ретінде еске алатындай не істей алдық? Сондықтан ең болмаса биыл үш ай жазғы демалысында ірі қалалардағы ойын алаңдарының ақшасын арзандатып, ал зоопарк, мұражай, цирк, парк, бассейн, спорт үйірмелері мен ипподромдар секілді орындарды тегін етуге болмас па? Дамыған елдерде мұражайдың балаларға тегін екенін, норвегиялық балалардың тегін спорттық үйірмелермен қамтамасыз етілгенін естіп жатамыз. Бізде ше, балаларымызды ең болмаса балалар жылында жарылқай алмаймыз ба?!
Бұрым ОРЫНБАСАР.