Заман жылжып, қоғам өзгерген сайын жастарымыздың көзқарастары, қалаулары, мақсаттары, құндылықтары да өзгеріп барады. Күн өткен сайын жастарымыздың арасында шет елдің ықпалы артып келеді. Сондықтан бүгінде жас ұрпақты өз елінің тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін білімін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті мол терең түсінетін шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Осы ретте әрине, біз жастарымыздың сана-сезімінің дұрыс қалыптасуына мән беріп, олардың білім деңгейін барынша арттыруға мүмкіндік жасауымыз керек. Алайда қоғамның қозғаушы күші бола алатын жастарды өсіру үшін біз оларға ең бірінші кезекте жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектесуіміз қажет. Бұл үшін ең алдымен отбасындағы тәрбиеге, одан кейін ол оқып жатқан мектептегі балаға жасалған жайлылыққа үлкен мән бергеніміз жөн.
Өткен аптаның жұмасы күні Қаскелең қаласындағы Алтын ауыл орта мектебінде «Жеке тұлғаны қалыптастырудағы мектептің рөлі» атты ауқымды форум өтіп, оның барысында жоғарыда аталған мәселелер талқыланды. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға ауданымыздағы 52 мектептің директорлары, педагог-психологтары, мектептердегі қамқоршылық кеңестердің төрағалары, ата-аналар қауымы және қоғам белсенділері қатысты.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева жүргізген форумның алғашқы бөлімі – пленарлық отырыста алдымен ақын, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Серік Қалиев, ауданның бас имамы Дәуренбек Жандосұлы сияқты арнайы шақырылған спикерлер жиналғандарға адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын айтып, балаларымызды ең алдымен рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыру керектігі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ отбасы құндылықтары, бала тәрбиесіндегі жанұянын ықпалы мен ата-ананың жауапкершілігі, оның ішіндегі әкенің айрықша рөлі туралы ойларын ортаға салды. Бұған қоса бас имам жиналған ата-аналарға жастардың өзіміздің дініміз туралы тереңірек білулері қажет екен тек сондай жағдайда ғана олар теріс ағымдарға еріп кетпейтіндігінде айтып өтті.
Ал аудандық полиция басқармасынан келген ЖПҚБ ЮПТ аға инспекторы, полиция майоры Е.Ембердиев бүгінде ауданымыз бойынша кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтар өскендігін, осыған байланысты жыл басынан бері 612 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылғандығы жайлы, осындай іс-әрекеттерді азайту мақсатында басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы толыққанды мәлімет беріп өтті. Бұған қоса ауданымызда кәмелетке толмағандарға, олардың арасында жасалған ауыр қылмыстар жайлы да ақпарат берді. Жалпы статистика бойынша мәлімет беріп өткеннен кейін полиция қызметкері жиналған ата-аналар қауымына балаларының тәртібіне аса көңіл бөліп, олардың түнде дала кезулеріне шектеу қоюларын сұрады.
Арнайы спикерлер ретінде шақырылған Алматы қаласы № 81 мектеп-гимназия директоры Нұрғали Турумбетов, тарихшы-этнограф Данияр Бибатыр, «Sear Psychology» халықаралық психологиялық компаниясының директоры Асхат Базарбаев енді мектеп табалдырығын аттаған балалардың бірден білімін алдыға тартпай тұрып, алдымен олардың психологиясына мән керу керектігін, ұстаз ретінде олармен тіл табысуға, достасуға тырысу қажеттігі туралы әңгімеледі. Жаңа ортада баланың күйзеліске, күрделі психологиялық шиеленісті жағдайға тап болмауы үшін бірқатар кеңестерін берді. Сондай-ақ, халықаралық психологиялық компаниясының директоры бірден 11-сыныпқа дейін баланың психологиясы жайлы кезең-кезеңмен түсіндіріп, оларға қай уақытта қандай қолдау көрсету керектігі туралы өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Форумның екінші бөлігінде шараға келгендер секцияларға бөлініп, мамандардың жеке курстарына қатысты. Мектеп директорларына Нұрғали Асанұлы бір ұжымды басқарып отырған басшы ретінде директор мен ұстаздар арасындағы қарым-қатынасты қалай жақсартуға болатындығын, үлкен сыныптағы оқушыларға мамандық таңдауға көмектесу үшін өзге колледждермен ынтымақтастық жасасу жолдары бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Ал Асхат Базарбаев педагог-психологтармен жұмыс жасап, педагог-психолог пен ұстаздың айырмашылығы, психологтың нақты жұмысы жайлы, оқушылармен қалай тіл табысуға болатындығы туралы әңгіме өрбітті. Ата-аналардан құралған үшінші топқа «Отбасы құндылығы – бала бақытының кепілі» атты тақырыпта жиын өткізілді.
Соңғы үшінші бөлімде форум қатысушылары жеке курстар барысында алған ақпараттары бойынша бір-бірімен пікір алмасып, спикерлерге алғыстарын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.