Мeмлeкeт бacшыcы Қaсым-Жомaрт Тoқaeв 2020 жылғы 1 қыpкүйeктeгi Жoлдayындa «Үкiмeткe 2021 жылдaн бacтaп «Aңcaғaн cәби» apнayлы бaғдapлaмacын жүзeгe acыpyды тaпcыpaмын. Экcтpaкopпopaльды ұpықтaндыpy бaғдapлaмaлapы бoйыншa бөлiнeтiн квoтa caнын 7 мыңғa дeйiн, яғни, 7 ece көбeйтy қaжeт» дeгeн бoлaтын. Президентіміз биыл да болашағымыз бүлдіршіндерді назардан тыс қалдырған жоқ. 2022 жылды балаларға арнады. Осылайша ағымдағы жылы да бұл бастама жүйелі жалғасын табады дегенге сенім мол. Өйткені, аталған бағдарлама сан жылдар бойы сәбиді аңсап күткен жандарға шынайы үміт сыйлайды. Мұндай балалар жұмыр жердің бетіне келмес бұрын ананың жатырында емес, шыны құтының құрсауында жатқан. Соған қарамастан олардың өмірге табиғи жолмен келген балалардан еш айырмашылығы жоқ. Бүгінгі әңгімеміз экстрокорпоральді ұрықтандыру жайлы өрбімек. «Экстрокорпоральді ұрықтандыру әдісіне кімдер жүгіне алады?», «ЭКО жасату қаншалықты қолжетімді?», «ЭКО жасатуға жолдаманы қалай алуға болады?» деген сияқты бірқатар маңызды сұрақтарға Қаскелең қаласында орналасқан «Жанұя Жұмабек Мед» клиникасының бас дәрігері, гинеколог Зада Сартаева жауап берді.
– Зада Алшимбекқызы, алдымен өзіңіз басшылық ететін медицналық орталықтың қашан және қалай құрылғанын айтып берсеңіз.
– «Жанұя Жұмабек Мед» клиникасын жұбайым Жұмаш Нұржауов екеуміз ол құрылтайшысы, мен бас дәрігер ретінде бірлесіп аштық. Мен 43 жылы медицина саласында қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан дәрігермін. Алматы мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған соң әр жылдары Семей облысы Аягөз қаласындағы ауруханада, Алматыдағы №12 ауруханада, жекеменшік медициналық мекемеде жұмыс істедім. Уақыт өте келе Алматы қаласына барып-келіп жүру маған қиындық туғыза бастады. Осылайша 2010 жылы Медицина ғылымына кандидаттығымды қорғағаннан кейін жеке клиникамды ашуды ойладым. Жолдасым айтқан ұсынысыма бірден қолдау білдірді. Сөйтіп, бар күшімізді салып 2012 жылы 9 мамырда медициналық орталығымыздың ашылу салтанатын жасадық. Мен бастапқы кезде репродуктивтік орталық ашсам деп жоспарлағанмын. Дегенмен басқа да мамандарға тұрғындардың сұранысы жоғары екенін бақылай келе, барлық саланы қамтуға тырыстық. Биыл бұйыртса, үздіксіз еңбек етіп келе жатқанымызға 10 жыл толады екен. Қазіргі таңда бізде Ирина Асанова Ляззат Жылқышыбаева, Айгүл Тұрсынбетова, Базарбай Үмбетов, Дина Турлибаева және тағы да басқа осы сынды жоғары дәрежелі, тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді.
– Сіздер жекеменшік мекемесіздер гой. Қай жылдан бастап республикалық бюджет есебінен тегін түрде халыққа қызмет көрсете бастадыңыздар?
– Иә, біз жекеменшік медициналық орталық ретінде ашылғанбыз. 2017 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілген болатын. Бұл деген – МӘМС жарнасын төлейтін және кейбір (қарттар, студенттер, мүмкіндігі шектеулі жанда) топтардағы адамдарға тегін медицналық қызмет көрсету. Біз осы жүйемен 2018 жылдан бастап жұмыс істей бастадық. Қазір «Жанұя Жұмабек» медициналық орталығында 8000 тіркелген адамның тегін емделуге мүмкіндігі бар.
– Ал, енді бастапқы тақырыбымызға оралсақ, ЭКО дегеннің не екені және оның көмегіне қандай адамдар жүгіне алатыны жайлы айтып өтсеңіз…
– ЭКО – медицина тілімен айтқанда «экстрокорпаральді ұрықтандыру», ал көпшілікке түсінікті тілмен айтқанда «табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ ерлі-зайыптылардың аталық ұрығы мен аналық жасушасын алып, инкубаторда бірнеше күн сақтап, әйелдің жатырына салу арқылы балалы болу мүмкіндігін беретін, бедеуліктің кез келген түрін емдей алатын әдіс». Табиғи жолмен пайда болған баладан айырмашылығы – ер мен әйелдің аталық ұрығы мен аналық жасушасы адам ағзасының ішінде емес, сыртында қосылады.
– «ЭКО-ның тағы қандай қосымша әдістері бар?
– Жалғызбасты әйел донордың аталық ұрығын алып, өзінің жатырына салу арқылы бала көтере алады. Тағы бір әдісі – отбасылы әйел ЭКО арқылы да бала көтеруге мүмкіндігі болмаған жағдайда жұбайының және өзінің аталық ұрығы мен аналық жасушасын алып, суррогат ананың жатырына салу арқылы бала көтеру. Бізге көбінесе отбасылы адамдар бала сүю мақсатымен келеді. Ал жеке өзі үшін бала туып алу сияқты мәселемен келетіндер саны өте аз, дегенмен бұл әдістерге жүгінуге кез келген адам құқылы. Кез келген өркениетті елдерде, тіпті мұсылман мемлекеттерінде донорлық, суррогат ана бағдарламасы бар. Егер қажеттілік, сұраныс болмаса мұндай бағдарлама жүзеге аспаушы еді. Одан бөлек, бұл бағдарламаны халық санын көбейтіп, демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында қолданатын адамдар бар.
– «Донордың аталық жасушасын алып, өзі үшін бала туып алғысы келетін әйелдер туралы мысал келтіре аласыз ба?»
– Донорлық аталық жасуша қазіргі қоғамда көп талқыланып жатыр, бірақ мұның бәрі уақытша құбылыс қана деп білемін. Ерте ме, кеш пе, адамдар мұның бәрі қажет әдіс екенін түсінетін болады. Донорлық бағдарлама бойынша келетін әрбір адамның артында тұтастай өмір, жай ғана өмір емес, көз жасына малынған тағдыр жатыр. Олардың бұл жерге келуі еріккеннің ермегі емес, шын мәнінде, жаны ауырып, тығырықтан шығар жол іздеп келеді. Мысалы, біздің орталыққа келген бір әйелдің жұбайы мен баласы көлік апатынан қаза тапқан. Келіншек екінші мәрте тұрмысқа шығуға, жаңа өмір бастауға дайын емес еді. Ол тек қайтадан ана болу бақытын армандады. Балалы болу үшін ер адаммен қарым-қатынаста болуы керек, ал ол жаңа қарым-қатынасты қаламады. Донор ұрығы арқылы бала көтеру ол үшін таптырмас мүмкіндік еді. Біз оның өтінішін жерде қалдыра алмадық, сөйтіп өмірдің мәнін жоғалтқан адамға үміт, жарық сәуле сыйладық.
– «Бедеуліктің басты себептері қандай?»
– Қазақстандағы бедеуліктің көрсеткіші 15-29 пайыз аралығында. Бедеуліктің себептері көп, солардың бірқатарын атап өтейін. Қарағанды, Өскемен сияқты өндіріс орындары көп шоғырланған өңірлер бедеулік көрсеткіші жоғары аймақтарға жатады. Бізге сол өңірлерден адамдар көп келеді. Аяқтан суық өткізу, алғашқы балаға түсік жасату сияқты әрекеттер арқылы денсаулыққа немқұрайлы қарау немесе басқа да оқыс жағдайлар әсерінен адам табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін. Елімізде Қазақстанда 25 жасқа дейінгі бала туатын жастағы қыздар арасында ерте жүктілік және аборт тақырыбы өзекті күйінде қалып отыр. Өкінішке орай, әйелдер қауымы арасында көпшілігі абортты қажетсіз жүктіліктің алдын алудың бірден-бір тәсілі деп санайды. Аборттан кейінгі ең қорқынышты диагноз – бедеулік.
– «Квотасыз, өз қаражаты есебінен ЭКО жасатудың орташа есеппен құны қанша?»
– Бізде ЭКО бағасы басқа мемлекеттерге қарағанда арзан. Шетелдегі дәрігерлердің жалақысы жоғары, сондықтан оларда қызмет түрі де қымбат. Ол жақта ЭКО арқылы бала сүюге бір рет талпынып көру бағасы орташа есеппен 30-35 мың доллар тұрса, бізде 700000-800000 теңге аралығында шығын болады. Бұл қаражаттың көбі дәрі-дәрмекке кетеді. Қандай дәрі ішуі керектігі, қандай мөлшерде қабылдайтыны әрбір әйелдің ағзасына, денсаулық жағдайына байланысты болады. Ал, қалған қаражат инкубатор, жасанды ұрықтандыру, оны бірнеше күн сақтау, медициналық құрылғылар сияқты жалпы процедураларға кетеді.
– Сіздер ЭКО-ға квота бересіздер ме? Оны алу үшін не істеу керек?
– Иә, әрине. Ол үшін мен жоғарыда айтып кеткендей, біздің медициналық орталыққа тіркелген МӘМС төлеушісі болу керек. Біздің клиникада 2017 жылдан бастап репродуктолог-дәрігер Ирина Александровна жұмыс істейді. Сол кезден бері бала көтеруге ниетті әйелдерді ЭКО-ға дайындаймыз. Ал, 2021 жылдан МӘМС арқылы тегін квота бере бастадық. Мәселен, өткен жылы біздің орталықта қаралған 5 әйел балалы болды. Үш әйелге тегін жолдама берілген. Биыл бізге төрт квотаға орын берілді. Қазіргі уақытта оның үшеуіне үміткерлер табылды. Енді тегін квотаға үміткер болу үшін не істеу керектегіне тоқталсақ. Алдымен біздің клиникадағы гинекологқа қабылдауға жазылады. Одан кейін дәрігер бала көтеруді жоспарлап болашақ ананың картасын ашады. Осылайша жалпы анализдер мен гормандардың нормасы, қалқанша безі тексеріледі. Бұл тек бастамасы ғана. УЗИ-ке түсіріп, гистероскопия, метросальпингография сынды әдістер арқылы әйелдің жатырын тексереді. Салалық емхананың дәрігерлері ЭКО жасатуға денсаулығы жарайды деген қорытынды береді. Сол қорытындыны алып орталық ауруханадағы жауапты маманға әкеліп тапсырады. Біз тізімге тіркеп, облысқа жібереміз. Квотаны сол облыстық денсаулық сақтау басқармасынан құрылған арнайы комиссия шешеді.
– «Түтіктен пайда болған» балалар шындықты қалай қабылдайды? Моральдық соққы келтірмеу үшін ата-аналар не істеуі керек?
– Өкінішке қарай, біздің қоғам ЭКО әдісімен туған балаларды әлі де қабылдамайды, цирктегі аң секілді қызықтайды. «Ана баланы ЭКО-мен туған» деп маған келіп айтса, мен үшін ол – қалыпты бала. Себебі, мен маманмын, түсінемін. Ал, халықтың көзқарасына байланысты көптеген ата-ана қандай жолмен балалы болғанын жасыруға мәжбүр. Бізге келіп, балалы болған жұптар өз таныстарын жіберерде «Біздің ЭКО жасатқанымызды айтпаңызшы» – деп өтінеді. Біздің қоғам бұған әлі әзір емес. Сондықтан, қоғамымыз дайын болғанша, дәл қазіргі уақытта балаға ештеңе айтпаған да дұрыс шығар. Себебі, олардың өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ.
Біз жалпы ақпарат ұсындық. Абзалы, азамат өзі тіркелген емханаға барып, дәрігермен кеңескені жөн. Себебі, әр адам – индивид және оған тек арнайы маман көмектесе алады.
– «Сұхбатыңыз үшін рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Бұрым ОРЫНБАСАР.