Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жыл – Балалар жылы деп жарияланды. Тәуелсіз ел болғалы балаларға арнайы ден қойып, маңыз беріп жатқанымыз осы шығар. Біреуін ескереміз, біреуін ескермейміз, жыл сайын балаларға қатысты қаншама құқық бұзушылық, қылмыс, оқыс оқиғалар болып жатады. Шын мәнінде соның барлығы терең зерделеуді, тегеурінді тәртіпті қажет етеді.
Мемлекет басшысы жаңа жылдық құттықтауында балаларға ерекше көңіл бөлу керек екенін айтты. «Олардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Сондықтан келесі жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін» деген Президент бұл жерде әңгіме ұрандар мен мерекелік іс-шаралар туралы емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, балалық шақты қорғау бойынша нақты шаралар туралы болып отырғанын атап өтті. Осылайша «Балалар жылын жариялау» туралы жарлығына ағымдағы жылдың 19 қаңтары күні Мемлекет басшысының қолы қойылды.
Жалпы, 2021 жылы жүргізілген Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша жалпы халық саны 19 169 550 адам болды. Соның 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар. Білім және ғылым министрлігі баланың мектепке дейінгі білім алу құқығы мен ерте дамуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударып отыр.
Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беретін заңға қол қойған болатын. Әрбір балаға шығындарды төлеуді көздейтін қаржыландырудың жаңа әдісі 1 мамырдан бастап енгізіледі. Заң Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің бастамасымен әзірленді.
Қабылданған нормаларға сәйкес, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру қағидалары мен әдістемесін әзірлейді және бекітеді. Өз кезегінде әкімдіктер мемлекеттік тапсырысты орналастырып, жеткізушілерді іріктеу, кезектілікті қалыптастыру, қызметтерге ақы төлеу және қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау бойынша жұмысты ұйымдастырады.
Аталған жобаның аясында мәдениет және спорт саласы бойынша үйірмелердің 58 бағыты қолжетімді. Жаңа жүйемен біздің аудандағы жеке кәсіпкерлік және жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген тегін балаларға арналған үйірмелер жұмыс істей бастады. Қарасай ауданында жекеменшік ретінде мемлекеттік тапсырысты орындайтын 52 спорттық 37 шығармашылық орталықтар бар екен.
Тегін сабақтарға 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Десе де, талап бойынша таңдау екі секция мен үйірмеден аспауы керек. Секцияға немесе үйірмеге бару үшін электронды кезекке тұрып, нақты үйірме түрін таңдау маңызды. Электронды тізімге тіркелу үшін баланың заңды өкілі өтінім бере алады. Енді ата-аналарға түсінікті болуы үшін «artsport.edu.kz» порталы арқылы қалай тапсырыс беруге болатынын түсіндірейік. Алғашқы қадам – порталға тіркелу. Одан кейін ата-анаға арналған тетікті басып, өзіңіздің жергілікті елді мекеніңізді таңдайсыз. Негізгі бетке мәдениет бағыты және спорт бағыты деген екі бөлім пайда болады. Соның біріне кіріп, қажетті үйірмені таңдайсыз. Мысалы, домбыра үйірмесін іздейтін болсаңыз ауылыңызда немесе қалада домбыраны тегін үйрететін қанша орталық бары анықталады. Сол арқылы балаларға керекті тегін үйірмелерді тауып аласыз. Айтқан мәліметіміздің нақтылығын білу үшін, біз де «artsport.edu.kz» порталына кіріп, тіркелдік. Ескере кететін жайт, елді мекенді белгілейтін кезде Алматы облысын таңдайсыз. Өйкені, Қарасай ауданы ол порталда жеке көрсетілмеген, облыстағы барлық үйірмелер шығады. Мұнда карта арқылы Сіз өз ауылыңызды тауып, үйіңізге жақын орналасқан үйірмені іздейсіз. Порталда біздің өңірде тегін үйірмелерге деген сұраныстың жоғары екенін байқауға болады. Себебі, орталықтардағы секциялардың басым бөлігі толығымен құралған. Осы негізде біздің ауданда бүгінгі күні қанша орталықтар барын санап көрдік. Нақтырақ айтар болсақ, Жібек жолында 3, Тұрарда 2, Әйтей 2, Шамалған 4, Жамбылда 1, Қаскелеңде 12, Райымбекте 7, Бұлақтыда 5, Кемертоғанда 4, Көксайда 6, Іргеліде 1 спорттық бағыттар бойынша үйірмелер балаларды қабылдап жатыр екен. Ал, шығармашылық бойынша Жібек жолында 4, Елтайда 1, Көксайда 1, Мерейде 1, Іргеліде 2, Кемертоғанда 3, «Асыл арман» тұрғын үй кешінінде 2, Райымбекте 1, Абайда 2, Бұлақтыда 1, Жандосовта 1, Қырғауылдыда 1 Алмалыбақта 1, Қаскелеңде 10, Шалқарда 2, Шамалғанда 1 орталықтарда балалар өз қабілеттірін дамыта алады.
Осындай түрлі бағытта балалардың бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастырып жүрген орталықтың алға қойған жоспарлары нақты әрі жүйелі. Үйірмелерге қатысушылардың қабілеттерін шыңдап, қана қоймай, әрбір бағыт бойынша да жарыстарға қатыстырып, көрмелер мен концерттер ұйымдастырмақ. Балаларға мол мүмкіндік сыйлап жүрген үйірмелерді ашқысы келетін кәсіпкерлерге «Атамекен» ҰКП Қарасай аудандық филиалының менеджер-кеңесшісі Елена Константинова нұсқаулықты ұсынды. Алдымен, мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысу үшін өнім беруші цифрландыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) арқылы операторға бірінші қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді. Одан кейін төмендегі құжаттарды жинақтау қажет болады: бірінші жеке кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламаның нөмірі (NICAD). Келесі кезекте шығармашылық үйірме қызметін ұйымдастыру шеңберінде пайдалануға өтініш берушінің меншігіндегі және (немесе) өзге де заңды негіздер бойынша (өтініш берген күннен бастап кемінде 1 жыл пайдаланатын) жылжымайтын мүлікке ие екенін растайтын құқықтық құжаттарды дайындау қажет. Өйткені, ата-ана үйіне жақын мекен-жайда орналасқан орталықты іздейді. Ғимаратын жиі ауыстыру балалар үшін де қолайсыздық тудыруы мүмкін. Осылар сай келген жағдайда мемлекеттік тапсырысты орындаушы оқыту бағдарламасында дайындайды. Оның барысында мыналар қамтылу керек: оқу жоспарының мақсаттары мен міндеттері; болжамды шығармашылықтың нәтижелер; білім деңгейлері бойынша сабақ мазмұны; үйірмелердің материалдық-техникалық жабдықталуының сипаттамасы; сабақ кестесі; ішкі, оның ішінде конкурстық (конкурстық), есеп беру іс-шараларын және балалардың ата-аналарына арналған ашық сабақтарды өткізудің жоспарланған кестесі; сабақтарды өткізуге қажетті балалардың жеке жабдықтары туралы мәліметтер; жеткізуші бекіткен шығармашылық үйірмеге бару ережеі. Одан кейін балаларға сабақ беретін қызметкерлердің тізімі ұсынылады. Әрине, алдыңғы кезекте ұстаздардың аталған үйірме бойынша сабақ бере алатындығын растайтын диплом, сертификаттар қажет. Сонымен қатар, тәжірибелі маман және балалармен осы кезге дейін қанша уақыт жұмыс істегендігі де ескеріледі. Оған қоса басқа да қажет етілетін құжаттар бар. Оның толық нұсқасын «Атамекен» ҰКП-нің Қарасай аудандық филиалынан алуға болады.
Сөз соңында биылғы Барыс жылын Мемлекет басшысы балаларға арнауы оң шешім екенін айтқым келеді. Өткен жылға өкпе жоқ дейміз ғой, дегенмен, тарих қойнауына кеткен сиыр жылында көкейімізде түйін болып қалған бірнеше оқиға осы балаларға қатысты еді. НЗМ-ның қайтыс болған оқушысы, туған аналары өзімен бірге ала кеткен бейкүнә періштелер, балабақшада біресе тәрбиешіден, қала берді қатарластарынан таяқ жеген балапандар…
Иә, осы жайттар қайталанбасын десек бала тәрбиесі, соның ішінде балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен педагогтарды тереңірек зерттеген жөн. Дегенмен де, мәселенің тамырына үңілетін мезгіл жеткелі қашан.
Бала лайықты тәрбие алсын, бала ұлттық тамырынан ажырамасын, заманға бейім болсын, бос уақытын пайдалы өткізсін, қажетті ем-домын еш кедергісіз алсын, арман-қиялының шындыққа айналарына сенсін. 2022 жыл бала құқығына қатысты мемлекеттің батыл қимылдары жүзеге асатын берекелі, тиімді жыл болады деген сенім басым.
Бұрым ОРЫНБАСАР.