Маусым айының 19 күні аудан аумағында мектеп түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі өтеді. Соған байланысты күні кеше Қаскелең қаласындағы Жайлы мектептің актзалында түлектер мен кәмелет жасқа толмаған балалардың өмір қауіпсіздігін алдын алуды мақсат еткен «Бала қауіпсіздігі – басты назарда» атты ауқымды брифинг өткізілді. Аудандық білім бөлімі ұйымдастырған жиынға ауданға қарасты құқық қорғау және қауіпсіздік органдарының өкілдері, мектеп директорлары, ата-аналар комитетінің төрағалары және 5000-ға жуық ата-ана мен мектеп бітіруші түлек онлайн қатысты.
Ағымдағы жылы аудан аумағында оқушылардың қатысуымен бірқатар қайғылы жағдайлар орын алған еді. Осындай жайыттардың алдағы уақытта қайталанбауын қамтамасыз етуді мақсат еткен шараны аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева ашып, жыл сайын соңғы қоңырау, аттестат тапсыру, кешкі серуен, мерекелік кештер кезінде қайғылы оқиғалар тіркеліп жататыны жасырын емес екенін айтып, осы оқиғалардың артында бір сәттік бейқамдық, ата-аналық бақылаудың әлсіреуі, заң талаптарының бұзылуы тұратындығын жеткізді. Бұған байланысты жиналған ата-аналарды бірге жұмыс атқаруға және әрнәрсеге аса мұқияттылықпен қарауға шақырды.
Мұнан кейін сөз кезегі Қарасай АПБ жергілікті полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Ерлан Бекебаевқа беріліп, ол бүгінде аудан бойынша балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтті. Ерлан Асқарұлының айтуынша, оқу жылы аяқталған кезде әртүрлі оқиғалар орын алып жатады. Мәселен, ағымдағы жылы тойлаймыз деп ата-аналарының рұқсатымен кортеж жалдап, шағын жол көлік апаттарына түскен бірнеше жағдайлар тіркелген. 150-ге жуық автокөлік айыппұл тұрағына қойылған. 50-ден астам ата-анаға айыппұл салынып, 5 бала аудандық полиция басқармасына және мектеп аралық есепке алынған. Одан бөлек мопедтермен байланысты да бірнеше оқыс оқиғалар тіркелген.
Осыған сәйкес алдын алу шаралары янғи, әртүрлі рейдтер, тексеру, профилактикалық жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілуде. Бұған қоса алда келе жатқан аттестат тапсыру салтанатына байланысты аудан аумағында маусым айының 17-25 күндері аралағында полиция тарапынан ойын-сауық орталықтарына, компьютерлік клубтарға, кафелер мен адам саны көп шоғырланатын жерге арнайы нарядтар қойылып, күшейтілген бақылау және тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Осыны айта келе, полиция майоры ата-аналарға баланың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамай, мерекелік жиындар ұйымдастырып жатса, сағаттық кезекшіліктер қойып, полиция қызметкерлеріне ескертулерін сұрады.
Келесі болып аудандық прокуратураның прокуроры Елнұр Амангелді сөйлеп, облыстық прокуратура бастамасымен Алматы облыс аумағында «қауіпсіз және бақытты балалы шақ» атты ауқымды жоба ұйымдастырылғандығын айтты. Оның аясында Қарасай ауданында бірқатар жұмыстар атқарылған. Алайда ата-аналардың балаларына көп нәрсені істеуге шек қоймауларының себебінен біраз келенсіздіктер болып жатады. Осының алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өткендегідей оқиға қайталанбас үшін үйді жалға берушілерді де жауапқа тарту мәселесі қолға алынған. Алдағы уақытта алдын алу шаралары тек қатаңдай түсетін болады.
Ал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Рүстем Райсов болса келіп жеткен шомылу маусымы кезінде ұстану қажет қауіпсіздік шаралары жайында кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, бүгінде аудан аумағында жекеменшік бассейндерден бөлек шомылуға арналған өзен мен көлдер жоқ. Ал қазіргі ауданда бар сулар лас әрі қауыпті, шомылуға мүлдем жарамсыз болып табылады. Сондықтан ата-аналар балаларына ондай жерлерге баруға тыйым салулары қажет. Балаларының қылықтарына аса мұқияттылықпен қарауы керек. Мәселен, таяуда ғана ауданға қарасты бір округте аулада ойнап отырған үш жасар қыз бала үйдің қасындағы арыққа батып кеткен. Бұл уақытта анасы үйдің шаруасымен айналысып жүрген. Бір бейқам, қас-қағым сәттің аяғы ауыр жағдайға әкелген. Ал бұл орын алған және де орын алуы мүмкін жағдайлардың бірі ғана. Осыған байланысты ата-аналар бақылауларын әлсіретпей, балаларын барынша қадағалауы тиіс.
Құқық қорғау мен қауіпсіздік органдарының өкілдерінен кейін сөз кезегін аудан әкімі аппаратының басшысы Ержас Тоқтасынов алып, ата-аналарға баланы тәрбиелеуде ашық қарым-қатынас пен сенімді әңгімелердің маңызды екенін атап өтті. Әрбір ата-ана баласының әлеуметтік ортасы мен қандай әлеуметтік желілерге қызығатынын біліп, оның уақытын бақылауға тырысуы, сондай-ақ оған жақсы үлгі көрсетіп, онымен мүмкіндігінше көп уақыт өткізу қажеттігі жайлы сөз қозғады.
Бұған қоса ауданда жыл сайын ашылып жатқан воркауттардың қазіргі жағдайын айтып, балаларына оның маңыздылығын, бұзуға болмайтындығын түсіндіруді сұрады.
Жалпы диалог алаңы форматында өткен басқосу барысында жоғарыда аталып өткен өкілетті органдармен ата-аналар тығыз байланыста болып, біріге жұмыс атқарса, көптеген жағдайлардың алдын алуға болатындығы сөз етілді. Сондай-ақ бала қауіпсіздігі ең бірінші кезекте ата-ананың мойнында екені талқыланды.
Маңызды мәселе талқыланған жиынды аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Әблеқызы «балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деген Абай атамыздың тамаша сөзімен тәмамдап, жиналған ата-аналарды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, бала өмірінде бір-ақ рет болатын соңғы қонырау, аттестат алу секілді мерекелік сәттердің тыныш әрі жақсы өтуін тіледі.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
