Мемлекетіміз отандық кәсіпкерлікті қолдау мақсатында іскер жандарға барынша жағдай жасап келеді. Қарғалы ауылының тұрғыны Ермек Баймолдаұлы – сондай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі. Ол мемлекет тарапынан ұсынылған қолдаудың арқасында бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр.
Алдымен Ермек табиғи газбен жанатын пештер мен оған қажетті жабдықтар сатумен айналысуды қолға алды. Өйткені бұл істе тәжірибесі бар. Газ пештерін жөндеумен тікелей айналысып жүргеніне биыл сегізінші жылға аяқ басты. Сондықтан өз ауылында өткен жылы «Баймолда» атты жеке кәсіпорнын құрып, артынша осында дүкенін ашқан болатын. Ал биылғы жылы өзінің айналым қаржысын мемлекеттің қолдауымен толықтыра түсуге қол жеткізді. Яғни қызметін жаңадан бастаған кәсіпкерге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының желісі бойынша жылына 6 пайыздық жеңілдікпен 6 миллион теңге көлемінде несие берілді. Бұл қаржы дүкен сөресіне қойылатын тауар түрлерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік беріп, сол арқылы бизнесін одан әрі дамыта түсуге айтарлықтай жәрдемдесті.
Атап өтерлігі, бұл тек сатумен айналысатын дүкен ғана емес, бүтіндей бір қызмет түрін ұсына алатын орталыққа айналғандығы. Мұнда бір жағынан көгілдір отынмен жұмыс істейтін алуан түрлі газ пештері мен жабдықтары сатылса, екінші жағынан оларды керекті орнына орнатып, бұзылса жөндеу және пайдалану барысындағы тиісті қызметтер көрсетіледі. Дүкенде тауардың сапасына бір жылға кепілдік беріледі. Сонымен қатар тұтынушыларға жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен осыннан алынған қазандықтың ақшасын кейін бөліп төлейтіндей келісімге келу жолға қойылған.
Кәсіпкердің айтуынша, саудасы жақсы жүріп жатыр. Газ пештері мен оған қажетті қосалқы бөлшектерге деген сұраныс қазір жоғары. Іскер жанның ерінбей еңбектенуінің нәтижесінде мұнда сегіз жаңа жұмыс орны құрылған. Жеке кәсіпкерліктің төрт қызметкері газ пештерін орнатумен айналысса, тағы төртеуі оған жөндеу, бөлшегін жаңалап ауыстыру, тазалау сияқты қызмет түрлерін көрсетеді.
– Алдағы уақытта дүкеннің аумағын кеңейтіп, тауар түрлерін одан сайын түрлендіре түссек деген ойдамыз. Сонда тағы да қосымша жұмыс күштерін тартатын боламыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде шағын және орта бизнесті қолдау қажеттігі жөнінде айтқандарын қуана құптаймын. Мемлекет басшысы бұл саланың ел дамуында алар орны маңызды болуға тиістігін атап айтқан еді. Ол үшін кешенді бағдарлама әзірлеуді, мемлекеттік қаржыландыруға ұсынылатын жобаларға ашық түрде іріктеу жүргізуді тапсырған. Мемлекеттің нақты қолдауын сезініп отырғандардың бірі менің отбасым деп айта аламын. Мұндай көмекті басқа да кәсіпкерлер алуына болады. Кәсіпкерлердің үлес салмағы артқан сайын еліміздің экономикасы да нығаяды деп есептеймін, – дейді алты баланың әкесі Ермек Баймолдаұлы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Қарғалы ауылы,
Жамбыл ауданы.