Жақында Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталу белсенділігін арттыру мақсатында Баспасөз күніне орай «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізді. Үздіктер анықталған іс-шарадан біздің газетіміздің тілшілері де жүлделі оралды.
Жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл байқауға еліміздің қоғамдық өмірінде мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту және мәртебесін нығайту мақсатында қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалы туралы өткір де өзекті мақалалар жариялаған ойы ұшқыр, қаламы қарымды жекелеген тілшілер мен мерзімді басылымдар қатысты. Алдымен қазылар алқасының құрамында болған Төлеужан Ғұмаров, Айбол Нүсіпқожаев, Дәурен Мұхамеджанов, Ришат Асқарбекұлы сынды азаматар тіл саясатын дамыту жолындағы жаңалықтар мен жетістіктерді насихаттап, өзекті мәселелерді ортаға салып, тиісінше аталған саланың дамуына үлес қосып жүрген журналистерге алғыстарын білдірді. Одан кейін жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне кезек берілді. Олардың қатарында әріптестеріміз, «Naqty» газетінің журналистері Ақтоты Мырзабекқызы І орынға лайық деп танылса, Бұрым Орынбасар ынталандыру сыйлығына ие болды. Бас жүлдені және осы сайыстың республикалық кезеңіне жолдаманы Талғар ауданынан Жанбота Сұлтанмұратқызы жеңіп алды. Ал жүлделі екінші орынды Еңбекшіқазақ ауданынан Құралай Мұратқызы, үшінші орынды Кеген ауданынан Толғанай Бейсенбаева мен және Қонаев қаласынан Зарыққан Есілбаев иеленді. Барлық жеңімпаздарға диплом, Алғыс хаттан бөлек, ақшалай сыйлықтар берілді.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп жүрген бұл іс-шара мемлекеттік тіл саясатын насихаттау белсенділігін арттырып, тиісінше тіліміздің дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.
Өз тілшіміз.