Олардың бас қосып, отандасқандарына – 60 жыл
Мына дүниеде әрбір адам үшін отбасының орны айрықша бөлек. Ол кімге болса да өте қымбат, өте ыстық. Осы ортада – жанұяда ғана өзіңді ерекше еркін сезінесің, жаның рахат тауып, көбіне көңілің көктемдей көріктенеді, жүрегіңнің нәзік қылы шертіліп, жайымен жаздай жадырап жүресің. Ерлі-зайыпты, ата-ана болып сыйласасың, ұл-қыз өсіріп, өмірдің ұлағатты өріне шығасың. Сөйтіп, бақыт патшалығының бағынан табыласың. Бұл ретте Жалпақсай ауылындағы Бөлдешовтар отбасын да алғашқы кезекте ауызға алуға болар еді.
Иә, отағасы Бодау ағамыз бен отанасы Клара жеңгеміз екеуі ұзақ уақыттан бері осы елді мекендегі өздерінің шаттығы мол шаңырақтарының абыройын арттырып, түтінін түзу ұшырып келеді екен. Атап айтқанда, байыппен бас қосып, орнықты отау тіккендеріне биылғы 25 маусымда 60 жыл болыпты.
Ал, енді алдымен оңтүстіктің оғланы (23 жаста) мен шығыстың шынары (21 жаста) бір-бірін қалай тапты, қалай жарасты – осы жағына да аздап тоқтала кетсек.
1959 жылы Талғар ауыл шаруашылығы техникумының агрономия бөлімін бітірген жас жігіт бірден жолдамамен Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысына жіберілген. Сол жақта 1961 жылға дейтін Абай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы жанындағы тұқым бақылау лабораториясының меңгерушісі болады. Облыс орталығында жиын, көрме дегендер жиі өтіп тұрады ғой. Сондай көрменің бірінде Шұбартау мен Абай ауданы қатар жайғасыпты. Шұбартаулық Қазбек Құрманғалиев атты азамат әріптесі Бодауды енесінің үйіне қонаққа шақырады, болашақ жарын дәл осы жерде бірінші рет көрген екен, ал, ол Қазбектің қайынбикесі болып шыққан.
Міне, осы таныс-білістіктің соңы үлкен сүйіспеншілікке ұласқан, яғни, бір-бірін қатты ұнатқан. Сөйтіп, жалынды жас жігіт пен жарқырап, жайнап тұрған қылықты қыз арасында махаббат оты тұтанған. Жүректі толқытып, жанды тербеткен тәтті сезім қойсын ба, ақыры көп ұзамай екеуі үйленіп тынған!..
Мұнан кейін Бодау Бөлдешов қызмет бабымен Семей қаласына ауыстырылып, 1966 жылға дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы болып істейді. Сол кезде Семей зооветеринарлық институтында сырттай оқып, ғалым-зоотехник мамандығы бойынша бітіріп алған.
Одан соңғы еңбек жолының көбі Қарасай ауданындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен (КИЗ) тығыз байланысты болып келді. Яғни, 1966-1979 жылдары аталған институттың тәжірибе-өндірістік шаруашылығында (ОПХ) сүт кешенінің бригадирі, бас зоотехник қызметін абыроймен атқарған. Ал, 1979-2004 жылдары Қазақ КСР-і Ет-сүт өнеркәсібі министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызметтерде істеген. Айта кететін тағы бір жайт – ол кісі-нің жылқы шаруашылығының өнімділігін арттыру, оның ішінде қымыз өндіруді жолға қою жөнінде жазған 18 ғылыми және ғылыми-өндірістік мақаласы кезінде одақтық, республикалық журналдарда жарық көрген.
Ал, Бодау ағаның Құдай қосқан қосағы – Клара Жұмаділқызы мектепте істеп жүріп, алпыс жыл бойы елге танылған еріне шынайы жанашыр, шын сүйеу, тіпті, мықты тіреу болып келеді. Екеуі 3 ұл мен 2 қызды аялап өсірді, биікке жетелеп жеткізді, орнымен оқытып адам қатарына қосты. Олардан тараған 14 немере мен 9 шөберенің қызық-қуанышын да бірге көруде.
Үлкен қыздары Айсұлу жоғары білімді, Қаскелеңдегі ветеринариялық лабораторияның меңгерушісі, екінші қыздары Жансұлу халық шаруашылығы институтын бітірген, кәсіпкер.
Ұлдың үлкені Асқар Латвиядағы Даугавпилс жоғарғы әскери авиациялық-инженерлік институтын бітірген. Кейіннен Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери академиясын қызыл дипломмен тәмәмдап, сол жердегі аспирантураны да аяқтаған, техника ғылымдарының кандидаты. Қазір әскери зауытта істейді. Айтқандай, академияның дипломын 2002 жылы 25 маусымда Кремльдің Үлкен Съездер сарайының Георгиевский залында Ресей Президенті В.Путиннің өз қолынан алған.
Асхат Қонаев университетінің заң факультетін бітірген, қазір баспа, журналистика саласында еңбек етуде. Ербол ауылшаруашылығы институтының электрофакультетінің түлегі, бүгінде Алматы қаласының № 2 ТЭС-інде лаборатория меңгерушісі. Бұл үйдегі келін Айпара бір компанияда жұмыс істейді.
Өскен, өнген әулеттің өркенді әрекетін, өрісті істерін жас буыны да жақсы жалғастыруда. Мәселен, Ерболдың ұлы Арыс Ресейде әскери училище бітірген, аға лейтенант, қазір Астанада. Оның тағы бір ұлы Уәлихан биыл мектепті жоғары баллмен аяқтап, Құдай қаласа, шетелге – Чехословакияға оқуға баратын болып отыр.
Асқардың зайыбы Гүлмира кәсіпкер болса, Асхаттың жолдасы Вероника да журналистика саласында. Осы тұста Верониканың әкесі карел ұлтынан, ал,анасы белорус екенін айта кеткеннің артықшылығы болмас. Айсұлудың жолдасы Дәулет зоотехник, Жансұлудың жолдасы Ғазиз ішкі істер саласында істеген, отставкадағы майор.
Алпыс жыл отандасып, ағайын-туғанға құрметті, өзгелерге өнегелі болып келе жатқан қариялар қартайдық, қайғы ойладық деп, пеш түбінде бүк түсіп жататындардың қатарынан емес. Өмірлік белсенділіктері жоғары, келешекке керемет сеніммен қарайтын олар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Мысалы, екеуі де Ұмтыл ауылдық округінде құрылған ардагерлер хорының мүшесі. Сексен үштегі Бодау аға жасым келді деп жасымай, үй жанындағы бау-бақшасына үнемі күтім жасайды, ерінбей басқа да тірлік-тіршілікпен тынбай тиянақты айналысады.
Иә, Алланың жәрдемімен ғұмыр бойы бір-бірін ардақтап келе жатқан, ұлағатты ұрпақ өсірген, ел игілігі үшін еңбек еткен Бодау ағамыз бен Клара жеңгемізді нағыз бақытты жандар деп айтуымызға әбден болады!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.