Әр кезде де мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы бірінші кезекте мемлекеттік қызметшінің еңбегіне тікелей байланысты. Осы ретте мемлекеттік қызметті тандаған адамның бойында аса жоғары жауапкершілік, отансүйгіштік қасиет пен елге деген жанашырлық, адамгершілік ұстанымы зор болуы тиіс. Сондықтан қызмет әдебіне жетік, саяси тұрғыда сауатты, саламатты өмір салтына берік, мәдени ұстанымы зор адам ғана мемлекеттік қызметші бола алады. Санасында сәулесі бар, ойы орнықты, келешегіне нық сеніммен қарайтын жас адамның алдына қойған өз мақсаты болары анық. Ол сол жолда әрдайым табандылық танытып, қашан көздегеніне жетпей тынбайды. Мемлекеттік қызметтің, былайша айтқанда, «жілігін шағып, майын ішкен», әкімдіктегі қызу тіршіліктің «қара қазанында» қайнап, бүгінде мол тәжірибе мен рухани азық жинай алған жандардың бірі ретінде Кеген ауданының әкімінің аппарат басшысы Медет Исаевты айтар едік.
Бүгінгі мемлекеттік қызметшілер күніне орай біз өз ортасында үлгілі әрі қарапайым да жақсы адам ретінде белгілі Медет Шайытқанұлы туралы айтуды жөн көрдік. Біздің мақаламыздың кейіпкері Алматы облысы Кеген ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Шайытқан Исаев көлік айдап туған ауылына талай жылдар бойы аянбай қызмет еткен, анасы сол елді мекендегі аудандық ауруханада шаруа бикесі болып істеді. Бүгінде олар бейнетінің зейнетін балаларының ортасында көріп, құрметті демалысқа шыққан. Үлгілі де өнегелі, ауылға сыйлы ата-анасының берген тәрбиесімен өскен Медет Шайытқанұлы бала кезінен ақылды әрі белсенді, жасампаз істерге бейім болған. Осы қасиеттерінің арқасында оқыған мектебінде әрдайым озық оқушылардың ортасынан көрініп, оны үздік аяқтаған.Білім ордасынан кейін Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдады.
Алғашқы еңбек жолын ол 2006 жылы (ол кезде Райымбек пен Кеген аудандары бөлінбеген кез) Райымбек аудандық әкімдігінің дене тәрбиесі және спорт бөлімінде жетекші маман болып бастады. Осылайша оның мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы сәтті басталды. Онан кейін ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын білікті жас маман жұмыс барысында тәжірибе жинақтап, ізденіп жүрді. Әрдайым өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындап, қай шаруаға да ептілігін, ұқыптылығын және белсенділігін байқатқан. Бойыңдағы таудай талпыныс талай биіктерге жетелеп, мерейінің өсуіне сеп болмай ма?! 2007 жылы Медет Шайытқанұлы Райымбек ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру мемлекеттік — құқықтық және кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы қызметіне орналасты. Бұл жауапты салада бес жылдан астам істеді. Ал, 2012 жылы тәжірибе жинақтаған кейіпкерімізді аудан басшылығы Тұйық ауылдық округінің әкімі етіп тағайындады. Осы жауапты істі абыроймен атқарып, ауылдың көркейе түсуіне өзіндік үлесін қосқандығына ел куә. Әсіресе, жас болса да бас болған кейіпкеріміздің алғырттығы мен тындырымдылығы жан сүйсінтпей қоймайды. Округтегі кейбір мәселелерді шешу, келген тұрғындардың өтініштері мен арыздарын тыңдап, оларға көмектесу сияқты әртүрлі жайды шеше білді. Ол ауыл әкімі ретінде өз өкілеттік мерзімін дұрыс қолдана білді.
– Мемлекеттік қызмет – мемлекеттік орган немесе мекемелерде еңбек ету ғана емес, бұл үлкен жауапкершілік. Мемлекеттік қызметте өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеу, мемлекет қалтасы мен өз қалтасын шатастырмау, заң талаптарымен толық сәйкестікте өмір сүру, кез келген орында, жауапты лауазымда болсаң да халықтың сенім үдесінен шығу талап етіледі. Ал бұдан бөлек, үлкен төзімділік пен табандылық керек дер едім. Себебі қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар аса жоғары және қатаң деуге болады. Адал қызмет ету – менің өмірлік ұстанымым. Бұл жолды таңдаған әр адам өзінің атқарар жұмысына тыңғылықты әрі үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Себебі бір кішкентай нәрседен мүлт кетсе, оның осы уақытқа дейін жинаған абыройы мен атқарған ісіне үлкен сын болады. Біздер билік пен қарапайым халықтың арасындағы алтын көпір болғандықтан, халыққа адал қызмет етуіміз қажет. Жеке басым, мен үшін мемлекеттік қызметші болу мәртебе немесе лауазым емес, бұл менің елімнің дамуы үшін үлкен үлес қосуыма берілген мүмкіндік, – дейді аппарат басшысы.
Жас маманның өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен тыңғылықтылығы басшылықтың назарына ілініп, 2016 жылы Медет Исаев Райымбек ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметіне кірісті. Бұл салада да өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарды.
2018 жылы 21 жыл бұрын қосылған Райымбек пен Кеген аудандары бөлініп, Кеген қайта құрылған жаңа ауданның орталығы болды. Енді шалғайда шатқалақтап қалған ауылдардың жағдайын, ұзақ жыл қаңырап қалған әкімдік ғимараттары қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. Дәл осы кезеңде Медет Шайытқанұлы Кеген ауданы әкімінің аппарат басшысы қызметіне бекітілді. Кейіпкеріміз қызығы мен қиындығы қатар жүретін мемлекеттік қызметтің дәл осы кезеңдегі естеліктерімен бөлісті.
– Біз үшін ең қиын кезең Райымбек пен Кеген аудандары бөлінген жылдар болды. Өйткені сол кезеңде мемлекеттік органдарды қайтадан құрдық. Жұмысты бірден бастап кету оңайға соқпады. Құжаттардың барлығын тіркеп, жұмысты бастап кеткенше әріптестерім 5 айға жуық жалақысыз отырды. Қазір артқа қарасақ қандай қиын сәттерді өткергенбіз деп таң қаламыз. Бірақ ол күндер тарихтың қойнауына кетті. Дегенмен біз Кеген ауданының құрылу жылдарына елеулі үлесімізді қостық деп мақтанышпен айта аламыз, – дейді Медет Исаев өз сөзінде.
Кейіпкеріміз қарапайым маманнан бастап аудан әкімінің аппарат басшысына дейін көтеріліп, аталмыш өңірде биыл 16 жыл қызмет етіп келе жатқан жайы бар. Бірақ, ол ешқашан жетілдім, кемеліме келдім деп шалқайған емес. Керісінше, әлі де ізденіс үстінен табылып, өзіне пайдалы, өзгелерге керек дүниелердің қыр-сырын ақтарғанды жаны сүйеді. Қазір, тарих қойнауына сіңіп кеткен кешегі күндерді ой елегінен өткізе отырып, кейіпкеріміз әкімдік шаңырағының астындағы өмірі өзінше бір үлкен тәрбие мектебі екенін алға тартады.
Үлкен отбасында дүниеге келіп, бала кезінен қағілез, еңбекқор отбасында өскен кейіпкеріміздің бауырлары да ел дамуына елеулі қызмет етіп келе жатқан жандар. Ағасы Жанболат Исаев – білім мекемесінде шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, қарындасы Самал Исаева – шәкірт тәрбиелеп отырған мұғалім, Бөлексаз орта мектебі директорының орынбасары. Ал інісі Самат Жүмәділ Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы болып қызмет атқарады. Жұбайы Әйгерім Иркитбаева да ұстаз. Ол С.Серкебаев атындағы орта мектебінде биология пәнінен сабақ береді. Медет ағамыз өмірлік жарымен төрт баланы тәрбиелеп, өсіріп отыр. Кішкентайлары Фәтима осы жылы 9 мамыр күні дүниеге келіп, ата-анасын мол бақытқа бөледі. Кейіпкеріміз өз ісіне берік болғанымен, отбасымен де уақыт өткізуді ұмытпайтын адам. Ол жұмыстан қолы тисе немесе демалыс күндеріне шыққан кезде өзінің уақытын көбіне отбасына және достарына арнап, олармен жиі бас қосып тұрғанды ұнатады екен. Сонымен қатар, ол бос уақытында атқа отырып, шапқанды ұнатады. Өз мамандығын ерекше жақсы көретіндігі, ісіне мығым маманның ел алдындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Тәжірибелі маман ретінде 2021 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Құрмет грамотасын алған. Сонымен қатар, облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Міне, киелі Кеген жерінің өсіп-өркендеуі жолында елеулі еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметші Медет Исаев жайында айтпағымыз осы еді. Кәсіби мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да тек биіктен көріне беріңіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.