Аудандағы спорттық бәсекелердің қатары бұл жолы «1 желтоқсан – Қазақсан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін» атап өтумен де есте қалды. Аптаның алғашқы күнінде Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылының орта мектебінде баскетбол спорт түрінен тартысты турнир өткізілді. Іргелі ауылдық округі әкімінің жүлдесін сарапқа салу үшін ауданымызға қарасты бірнеше мектептер жиналып, бас-аяғы 13 команда жарыс алаңын жандандырды.
Баскетболды сүйетін жастар жартылай финалда кездесетін өз бақталастарын 4 топқа бөліну арқылы анықтап алды. Нәтижесінде І жартылай финал Кемертоған және Шалқар ауылдарының орта мектептері арасында өтетін болса, ал ІІ жартылай финалды Әйтей ауылының Қосынов орта мектебі мен Іргелі ауылдық округінің Толстой орта мектебі өзара сарапқа салды. Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша финалдық бәсекеге Шалқар және Толстой орта мектептерінің спортшылары жолдамаға ие болды. Сонымен қос мықты команданың ойын өрнегі ақтық сынға лайықты дәрежеде өтіп, Іргелі ауылдық округінің атынан келген Толстой мектебінің баскетболшылары чемпиондық атаққа қол жеткізді. Жарыстың жеңімпазы ретінде оларға «Іргелі ауылдық округі әкімінің кубогы» табыс етілсе, ал, қола жүлделі ІІІ орын әйтейліктердің қанжығасына бұйырды.
Сондай-ақ, бұл жарыста жеке-жеке ынталандыру сыйлақтары да болды. Мәселен, «Үздік бапкер» номинациясы жарыс жеңімпазының бапкері Берік Шахановқа берілсе, «Үздік ойыншы» деген атқа Шалқар орта мектебінің команда ойыншысы Дінмұхаммед Далдаев лайық болды. Одан бөлек, чемпиондар командасынан Бауыржан Тәңірберген «Үздік шабуылшы» болып танылды.
Барлық жүлдегерлер мен жарыс жеңімпаздарының бағалы сыйлақтарын Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Ескендір Егеубек өз қолымен табыстап, жарысқа қатысқандардың барлығын Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.