Қаламын қару етіп, жаңалықтың жаршысына айналған журналистер қауымы өткен аптада кәсіби мерекелерін атап өтті. Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін Ақорда төрінде құттықтап, маман иелерінің мерейін асырды. Одан кейін республиканың әр өңірінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылып, еңбегі елеулі деп танылғандар құрмет төрінен көрінді.
Табандылық танытып, тілшілік тіршілікте жемісті еңбек етіп жүрген жандардың арасында әріптестеріміздің де мерейі үстем болды. Оның ішінде ерекше атап өтерлігі – Президент Жарлығымен Танзиля Мухтарованың «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атануы. Қаламы жүйрік журналистің бұл марапаты 35 жыл БАҚ саласындағы жұмысының жемісі деп білеміз. Танзиля Рауфовна бүгінгі таңда Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің Қарасай ауданы бойынша меншікті тілшісі және аудандық «Naqty» газетінің бөлім меңгерушісі әрі журналисі болып қызмет етуде. Оның жоғарыда аталған медалін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанатты жиын барысында табыс етіп, алдағы ісіне сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Қонаев қаласында өткен осы шара барысында әріптесіміз, аудандық газеттің тілшісі әрі фототілшісі Ақтоты Кенжебекованың да еңбегі еленді. Ол өз кезегінде облыс басшысы Марат Елеусізұлының өз қолынан Алғыс хатына ие болып, құрметке бөленді. Ақтоты Мырзабекқызының қаламынан туған мақалалары аудандық мерзімді басылымнан бөлек, соңғы уақытта республикалық «Egemen Qazaqstan», облыстық «Алатау арайы» газеттерінде жарияланып тұрады. Ал нысанаға көздеген сапалы фотолары аталған БАҚ беттерінен бөлек, облыстық «Огни Алатау» газетінде де жиі жарық көруде.
Журналистер қауымының мерейін арттырған кәсіби мерекелік басқосу өзіміздің ауданымызда да ұйымдастырылды. Анығын айтқанда, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов пен масс-медиа өкілдері арасында кездесу өтті.
Дөңгелек үстел басына жиналған мереке иелерінің қатарында аудан жаңалығын жариялап, өзекті мәселелерді көтеріп жүрген «Алатау», «Жетісу» телерналарының журналистері, рес-публикалық, облыстық мерзімді басылымдардың меншікті тілшілері, аудандық «Naqty» газетінің редакторы мен басқа да қызметкерлері, сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы танылған қоғам белсенділері болды.
Басқосу барысында алдымен аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы мереке иелерін құттықтап, БАҚ-тың қоғамдағы рөліне тоқталды. Одан кейін аудан көлемінде іске асқан ауқымды жобалар мен алда атқарылатын жүйелі жұмыстар жайлы айтты.
Әңгімелесуден кейін аудан басшысы барлық БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерін өзі атынан марапаттады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ