Ана тілі – жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, ата-баба мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап отыратын асыл қазына.
Туған тілін мақтан ету, оны таза сақтау, оның өрлеп, өсе түсуіне еңбек сіңіру – кез-келген ұлт өкілінің қасиетті парызы, 130-дан астам ұлт өкілі бір шаңырақтың астында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан қазақ елінде тілге ерекше көңіл бөлінеді.
Тіл тек қатынас құралы ғана емес, ол әрбір адамға тікелей қатысы бар мәдени құбылыс. Ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі. Жүректің терең сырларын, басынан кешірген дәуірлерін, дүниеге көзқарасын, нанымын, уайымын, қайғысын, қуанышын, қысқасы, жаныңның барлық толқындарын тұқымнан тұқымға жеткізіп сақтап отыратын қазынасы – сол халықтың тілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақтың болашағы қазақ тілінде» деген тұжырымы «Қазақстан мәңгі жасай береді» дегенмен үндес. Президент ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты – жоғымызды түгендеп, барымызды барынша насихаттау. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастап, бұл мәселеге неғұрлым дәйектілікпен, терең түсініп, байыппен қарау қажеттігін айтты. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына, халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жол ашады. Сол арқылы ұлт мұрасының жаңа бір белеске өрлеуіне, түркі тілдес халықтардың өзара байланысының артуына, жаңа заман талабына сай өскелең ұрпақтың ағылшын тілін меңгеруіне зор мүмкіндік тудырады.
А. Малдыбаева,
аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастыру-құқықтық жұмыс және мониторинг бөлімінің басшысы.