Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы біздің елімізге де көп кесірін тигізді. Індет халықтың қалыптасқан өмір сүру жағдайына өзгерістер әкеліп, бірқатар ауыртпалық тудырды. Бірақ, пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан біздің Қарасай ауданындағы барлық саладағы жұмыстар өз деңгейінде орындалып, қол жеткізген жетістіктер де аз болмады. Бірнеше маңызды нысандар бой көтеріп, құрылыс саласы карантинге қарамастан ілгеріледі. Осы ретте біз ауданымыздың үлкен жетістіктері ретінде саналып, тұрғындардың қолайлығы үшін салынып, тұсауы кесілген бірқатар нысандарды көрсетуді жөн көрдік.
1. «Қаскелең – 2020» қосалқы станциясы
Қаңтар айының басында Батан ауылында іске қосылған заманауи энергетика нысаны – «Қаскелең – 2020» қосалқы станциясы біздің ғана емес, сондай-ақ, Жамбыл, Іле сияқты бірқатар аудандардың біраз жылдан бері түйіткілді болған жарық мәселесін шешуге толықтай мүмкіндік береді. Нысанның құрылысы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімдігінің және «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қаражаты есебінен жүргізілді. Жобаның жалпы құны – 4,73 млрд теңге. Қосалқы құрылыс станциясын салып, оны іске асыру 2008 жылы жоспарланып, құрылыс жұмыстары 2013 жылдары басталған еді. Станцияның жалпы алып жатқан аумағы – 4,2 гектар.
Ірі энергия станциясының әр трансформаторы 125 МВ-А тұрады. Жалпы қуаты — 250 МВ-А. Бүгінгі таңда қосалқы станция алты мыңнан астам жеке және 400-ден астам заңды тұлғаларға қызмет көрсетуде. Алдағы 2030 жылға дейін 50 мыңнан астам жеке тұлғаларға және 4 мыңнан астам заңды тұлғаларға, сондай-ақ, «Көкөзек» индустриалды аймағының тұтынушыларына қызмет көрсету жоспарланып отыр.
2. «Ана-нұры» балалар саябағы
Елордамыздың мерейлі мерекесі күні қолданысқа беріліп, шамалғандық балаларға қуаныш сыйлаған «Ана-Нұры» балалар саябағының құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған еді. Өзеннің жағалауында орналасқан бұл саябақтың жалпы ауданы – бір жарым гектар, ал, ұзындығы – 380 метр. Бір уақытта 150 адамға дейін жүре алатын саябақтың аумағында екі ойын алаңы және футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар.
Одан бөлек, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ ойнауға арналған үстелдер орналасқан. Сонымен қатар, балалардың тарихқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында мұнда қазақ хандарының, билерінің батырларының өмірбаянынан сыр шертетін тақта қойылған. Онда Сүйінбай Аронұлының, Абай Құнанбаевтың, Жамбыл Жабаевтың қанатты сөздері жазылған. Тағы бір айта кетері, алдағы уақытта саябақтың аумағын 250 метрге дейін ұлғайтып, орталық көшеге жеткізу жоспарланып отыр.
3. Әйтейдегі мектеп
Жаңа оқу жылының қарсаңында ашылған бұл үш қабатты заманауи білім ордасы 1200 балаға лайықталған. Мектептің алдыңғы жағында үлкен алаңнан бөлек, арнайы көлік тұрағы да бар. Ал, ғимараттың артқы жағында оқушылардың денешықтырумен айналысуларына арналған стадион орналасқан. Сондай-ақ, оның аумағында футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын кіші алаң да бар. Ал, заманауи мектептің ішкі жағында үлкен спорт залымен қатар, 320 орындық жиынзалы, 200 орындық асханасы, медициналық бөлме, шет тілдерін үйретуге бағытталған жеке сыныптар, робототехника кабинеті мен биология, химия, информатика пәндеріне арналып, интерактивті тақтамен және компьютермен толықтай жабдықталған жалпы саны 60 кабинет орналасқан. Сонымен қатар, толық компьютермен жабдықталған тек ұстаздарға арналған медиакабинет те жұмыс істейді.
2019 жылы салына басталған ғимараттың құрылыс жұмыстарын мердігер компания «U-Con-Two» ЖШС-і жүргізген. Бір сөзбен айтқанда, жаңа мектепте білім алушылар мен ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған.
4. «Nur-Aman» спорт мектебі
Райымбек ауылдық округінде орналасқан «Nur-Aman» спорт мектебі мемлекеттік және жекеменшік-әріптестік бағдарламасы аясында бой көтерді. Жалпы аумағы 3200 шаршы метрді қамтитын спорт мектебі үш бөліктен тұрады. Нысанның бірінші бөлігінде балалардың грек-рим, қазақша күресі, дзюдомен, бодибилдинг пен бокс сиқты және т.б. әртүрлі күрес түрлерімен шыңдалуға арналған әмбебап жаттығу залы орналасқан. Екінші әрі негізгі бөлігі болып табылатын екі қабатты ғимаратта спортшыларға керек нәрсенің барлығы орналасқан. Яғни, төменгі жағында киім ілгіш, жуынатын бөлмелерден бөлек, би жаттығуларына, түрлі гимнастикалық шынығуға және үстел теннисімен айналысуға арналған залдар бар. Бұдан кейінгі қабатта кешенге кіріп-шығатын негізгі есіктен бастап, галерея, асхана, жаттықтырушылардың және медицина қызметкерлерінің бөлмелері орналасқан. Сонымен қатар, нысанның ең жоғарғы бөлігінде сайыстар мен жаттығуларды тамашалайтын орындар мен шахматқа, тоғыз-құмалаққа қатысушылардың бөлмелері мен әкімшілік орналасқан. Сауықтыру орталығының үшінші бөлігі – жанкүйерлердің басқосуына арналған. Оларға 325 орын шақталып, оның ішінде 6-ы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жасалған. Бұл залда шағын футбол, волейбол, гандбол сияқты түрлі ойындардың жарыстарын өткізу қарастырылған.
Кешеннің сыртқы жағында да дене қыздыруға арналған түрлі құралдармен жабдықталған үлкендер мен балаларға арналған ойын алаңдары, одан басқа, күндіз және түнде ойнауға болатын жасанды жабындылармен жасалған футбол алаңы орналасқан.
5. Жер үсті көпірі
Жібек жолы ауылынан өтетін темір жол өткелінде республикалық маңызы бар «Алматы – Нұр-Сұлтан» және облыстық маңызы бар «Алматы 1 – Шамалған – Ұзынағаш» автокөлік жолдарының қиылысында орналасқан жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті көпірі теміржол тәртібіне сай салынған. Аталған көпір өткелінің құрылысына облыстық бюджеттен 365,5 млн теңге бөлінген. Көпірдің баспалдақтарын қосқандағы жалпы ұзындығы 61,56 метр, биктігі – 9 метр. Мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдардың қолайлылығы үшін орналастырылған екі лифт бар. Құрылыс жұмыстарын мердігер «ДСУ-13» ЖШС жүргізген бұл көпірдің үстіне декоративті жарық қайтарғыш панелдер қойылып, айналасы толықтай абаттандырылған.
Осылайша тоғыз жолдың торабына айналған бұл көпір тек тұрғындардың жол қауіпсіздік мәселесін ғана емес, сондай-ақ, көліктер кептелістерінің де азайуының шешімі болды.
6. Мәдениет үйі
Сонау 70-ші жылдардың соңында салынып, соңғы 28 жылда бос тұрып, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қайта жөндеу жұмыстарынан өтіп, қолданысқа берілген Береке ауылындағы Мәдение үйінің жалпы аумағы 2000 шаршы метрді құрайды. Жаңа екі қабатты Мәдениет үйінде 200 адамға лайықталынып, мәдени және бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған үлкен концерт залы, кітапхана, оқу залы, қолөнер кабинеттері, би және тағы да басқа жеке үйірмелерге арналған бөлмелер бар. Мұнан бөлек ғимараттың ішінде душ пен киінетін бөлмемен жабдықталған спорт залы да орналасқан.
Айта кетерлігі құрылысына 726 миллион теңге бөлінген бұл мәдениет орталығының қайта өндеу жұмыстары 8 айда аяқталып, оған шамамен 130 адам мен 20 техника жұмылдырылған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.