«Келешек мектептері» жобасы аясында Райымбек ауылдық округіне қарасты Бұлақты ауылында тағы бір мектеп бой көтеруде. Президенттің тікелей тапсырмасымен салынып жатқан ғимараттың қазіргі құрылыс қарқыны жаман емес. Қабырғасы қаланып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарына күш салынуда. Құрылысына жауапты компания өкілінің сөзіне сүйенсек, нысанды қолданысқа беретін күн де алыс емес.
Бұлақты ауылында осы уақытқа дейін тозығы жеткен бір қабатты білім мекемесі болған. Оның өзі бастауыш сыныпқа арналған. Ал ауыл балалары жақын маңдағы елді мекендерге барып оқып жүрді. Енді, міне, жаңа мектеп салынып, ел игілігіне берілу жоспарлануда.
900 оқушыға арналған білім ошағы 3,18 га жер телімінің аумағына салынуда. Оның тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Аталған компания қаржыландырып отырған мектептің бой көтеруіне «Құрылысшы-ТБС» ЖШС мердігер мекеме ретінде жауапты. Ғимараттың жалпы ауданы 14 250 шаршы метрді құрайды.
Бүгінде үш қабатты мектептің құрылыс барысы жоспарға сай жүргізілуде. Нысанның төлқұжатындағы сандарға көз тастасақ, ғимараттың алғаш қазығы 2023 жылы қағылып, сол кезден бастап іргетасы қалана бастаған. Қазіргі сипаты жаман емес. Сырты қапталып, ішкі жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. Жоғары және кіші сыныптар үшін үш спортзал қарастырылған. Кабинеттері жақын уақытта сапалы жиһазбен жабдықталмақ.
Ал мектептің пайдалану мерзіміне келер болсақ, оның да ауылы алыс емес сияқты. Бұл жайында құрылыс басшысы Елубай Сатыбалдиев жауап беріп, қазіргі жұмыстың жай-жапсарына тоқталды.
– Қазіргі құрылыс алаңында 140 адам еңбек етуде. Ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарына барынша күш салынып жатыр. Жиһаздардың біразы әкелінді. Әр кабинет қай пәнге арналғанын білдіру мақсатында өзіне сай суреттері салынуда.
Бұл мектептің құрылысына жергілікті тұрғындар да алаңдауда. Арасында ақсақалдар келіп, қарап кетеді. Бәрі осы ғимараттың біткенін асыға күтіп жүргендіктен, осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берсек деген жоспарымыз бар, – деді құрылыс басшысы.
Айта кетейік, ауданымызда «Келешек мектептері» жобасы аясында 8 білім ошағы салыну жоспарланса, Бұлақты ауылындағы бұл мектеп – соның бірі. Алтауы осы уақытқа дейін ашылған болатын. Биыл сондай-ақ жаңа оқу жылында аталған жоба аясында салынған Алмалыбақ ауылында мектеп қолданысқа беріледі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
