Жуырда Алматы шаһарындағы Ұлттық кітапханада ауданымыздағы Абай ауылының тұрғыны, атақты фотожурналист Қалиғұмар Қабдешовтің 85 жылдығына арналған «Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізіліп, соған қатысып қайттым.
Ал осы жалпақ жұрт жабыла құрметтейтін Қалиғұмар аға кім? Ол – КСРО және халықаралық журналистер ұйымының мүшесі, халықаралық фотокөрмелердің жүлдегері. 1940 жылы дүниеге келген, Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында туып-өскен. Алпыс жылдан астам уақыт бойы қолынан фотоаппаратын түсірмей, талай тамаша кадрлардың абыройлы авторы атанған. Оның ішінде керемет тарихи суреттері де өте көп. Еңбек адамдары, өнер өкілдері, ел басшыларының және басқа да сала үздіктерінің қайталанбас портретін жасаған. Сұлу табиғатты, қоршаған әдемі әлемді бедерлі бейнелеген фотоларына сүйсіне қарамау мүмкін емес. Әсіресе, театр әртістерінің рөл ойнаудағы суреттерінің алар орны айрықша дер едік.
Яғни, ол кісі нағыз өз ісінің үлкен, шынайы шебері, фотосуретті шын өнер дәрежесіне көтерген тұлға!
КазТАГ-та, одақтық телеграф агенттігі АПН-да қызмет істеген оның бармаған тауы жоқ деуімізге де болады.
… Ұлттық кітапхананың үлкен мәжіліс залында алдымен Қалиғұмар ағаның әртүрлі жанрда түсірген суреттерінің көрмесі салтанатты түрде ашылды.
Мұнан кейінгі кітаптың тұсаукесерін аталған еңбектің құрастырушысы – авторы, өнертану ғылымдарының магистрі, PhD доктарант, фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлы ашып, жүргізіп отырды. Кітап лентасын Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан журналистика академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Қазыбаев, «Невада-Семей» қозғалысы төрағасының орынбасары Валерий Жандәулетов, белгілі ардагер фотосуретші Нұрманбет Қизатов, ҚазМУ-дың журналистика факультетінің оқытушысы, «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылхан Әбдірайым қиды. Басқосуда бұл кісілермен қатар, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Әуезов театрының әртісі Айдос Бектеміров, белгілі композитор Бейбіт Дәлденбай, домбыра жасаудың хас шебері, талай «алтын домбыраны» қолынан шығарған Жолаушы Тұрдықұлов, белгілі өнер иесі, әнші Бауыржан Құмарбеков пен тағы басқалар және мен сөйлеп, өз ой-пікірімізді айтып құттықтадық.
Республикалық «Қонаев» қорының өкілдері Қалекеңді осы ірі мемлекет қайраткері атындағы медальмен, Құрмет грамотасымен марапаттаса, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбек Сақтағановтың ыстық сәлемін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің аймақтық тілшісі Мерей Қайнарұлы жеткізіп, сый-сияпатын жасады.
Жалпы, бұл келісті іс-шараны ҚР ұлттық мемлекеттік кітап палатасының қолдауымен «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы және «Дарын» баспасы ұйымдастырған екен.
Дәл осы тұста менің Қалиғұмар ағаға қандай қатысым бар, соны да әңгімелей кетейін. Иә, Құдайдың қалауымен бұл тамаша адам, өз ісінің асқан шебері, керемет өмірбаян иесімен танысқаныма 10 жылдай болып қалыпты. Осы уақыт ішінде Қалекең туралы үлкен басылымдарға талай мақалам шықты, елдің ең басты басылымы – «Егемен Қазақстан» газетіне «Бір суреттің сыры» деген айдармен ол түсірген он-он бір суретін жарияладым, 2021 жылы Алматыдағы «Онон» баспасынан жарық көрген көлемді «Өмірім мен өнерім» атты кітабының редакторы болдым.
Айтқандай, жоғарыда сөз еткенімдей, Қалиғұмар аға өзінің өнегелі ғұмырында талай сын-сынақтан өткен, талай қызықты, оқыс оқиғаны басынан өткерген жан. Бір мысал. Ол кісі бұған дейін «Құпия сапар» деген грифпен жарияланбай келген бірқатар фотосуреттің де авторы. Яғни, сонау бір кездері, нақтыласақ, 1965 жылы мәңгі мұз құрсауындағы Оңтүстік полюске табаны тиген, сондағы «Мирный» ғылыми-зерттеу стансасында болған, сол жақты да объектив нысанасына алған азамат. Сол Антарктиданы көрген алғашқы қазақтың бірі десе де болды. 1983 жылы, халықаралық журналистер ұйымының мүшесі әрі Чехословакияда №000017 қызметтік куәілігін алып, ЮНЕСКО деңгейінде мойындалған алғашқы қазақ фотосуретшісі ретінде де есімі тарихқа енді.
… Бұл суреттер аталған кітапта тұңғыш рет жарияланды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.