Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, көптің көкейінде жүрген талай мәселенің оңды шешілуіне нүкте қойды деп ойлаймын.
Алдымен Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекет бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады» деп елдің сенімін оятып, жалпыұлттық референдум саяси жаңғыруға ықпал еткенін жеткізді. Одан кейін жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттарына тоқтала отырып, Үкіметтің бүгінгі күнге дейін атқарған жұмысын сынға алды. Осылай министрліктің атқарған ісін талқылау, жалпақ жұртқа олқылықтарын жария ету менің ойымша өте дұрыс.
Президентіміз өз Жолдауында кәсіпкерлік, білім, денсаулық сияқты салалардың жұмысын жетілдіруді түсіндіре отырып, сот жүйесінде орын алатын өзгеріске де айрықша тоқталды. Анығын айтқанда, қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет екенін айтты. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтауды алға тартып, олар жоғары білікті, адал, жемқорлықсыз жұмыс істеу керектігін ескертті. Бұл өте орынды шешім деп есептеймін. Расымен де, қазылар тарапы қайтадан жасақталып, солардың ішінен тек өз саласын жетік білетіндер, сыбайластыққа жақын еместер сұрыпталып жатса, әділетті шешімдер көп болары сөзсіз.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестіруді жөн деп санайды. Өйткені олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы тиіс. Осы ретте Президент сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгеретінін қадап айтты. Менің ойымша, бұл құптарлық шешім. Мұндай өзгерістер жұмыстың жақсы жағынан жанануы әкеп соғады деген сенімдемін.
Орнықты ойларын жеткізген Президентіміз сот жүйесіндегі өзгерістердің тағы біріне тоқталды. Яғни, Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынды. Одан бөлек Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізуді тапсырды. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы қажет. Осылайша аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасалмақ. Мемлекет басшысының мұндай ұсынысы сот жүйесінің жаңаша бағытта қалыптасуына, әділдік жолының жаңғыруына ықпал етеді деп ойлаймын.
Президенттің пәрмені – ел болашағының жарқын болуына көрсетер тура жол. Айтылған сыннан қорытынды шығарып, қоғам алдында жұмысымызды жақсы жағынан жетілдіре білсек, мемлекеттің экономикасы да, әлеуметі де оң нәтижелі болары анық.
Шалхар ҚОЖАНТАЕВ,
Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы.