30 маусым күні Жалпақсай ауылында 10 жастағы Максим есімді баланы үш бірдей ит талап, оқыс оқиға орын алғаны белгілі. Жұрттың жағасын ұстатқан бұл жағдай әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы көпшіліктің назарын аудартты.
Ал баланы өлімше етіп тістеп жатқан қабаған иттерден сол маңда өтіп бара жатқан ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбеков құтқарып қалды. Ол жыртқыштардан еш сескенбей, қолындағы бәкісімен иттерге қарсы шабуыл жасап, қан-жоса болған Максимді арашалады. Одан кейін 10 жасар жасөспірім аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Бүгінгі таңда жағдайы орташа бірқалыпты, дәрігерлердің жіті бақылауында.
Азулы иттерден баланы аман алып қалған Серікбек ағаның батылдығы батырлыққа тән. Оның сол кездегі іс-әрекетіне қалың көпшілік тәнті болып, әлі күнге дейін алғыстарын жаудыруда.
Ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Серікбек Алдабергенұлының шынайы жанкештілігін аудан басшылығы да назардан тыс қалдырған жоқ. Бүгін оған аудандық әкімдікте құрмет көрсетіліп, Серікбек ағамыз ыстық ықыласқа бөленді.
Басқосу барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров сөз сөйлеп, қарасайлықтардың атынан оның ерлігіне, жанашыр азаматтық қасиетіне ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады Одан бөлек атымтай жомарт жанның атынан жұбайы екеуіне қаржылай сыйақы табыс етті.
Дәл осындай ізгі ілтипатты Қарасай аудандық Полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев танытты. Ауданның бас полицейі жылы лебізін білдіріп, Серікбек ағаның батырлығы көпке үлгі әрі іс-қимылы қоғам қауіпсіздігіне қосқан үлесі екенін айтып, өз атынан Алғыс хат пен басқарма атынан естелік сыйлықты табыстады.
Сонымен қатар Серікбек Алдабергенұлының оқыс оқиға кезіндегі әрекеті Төтенше жағдай бөлімінің тарапынан да ұмыт қалған жоқ. Аталмыш бөлімның басшысы Бағдат Шәріпбековтің Алғыс хаты беріліп, азаматтық белсенділігі лайықты түрде ескерілді. Бұл марапатты бөлімнің өкілі табыстап, төтеншеліктердің алғысын жеткізді.
Сондай-ақ бұл жиын барысында Серікбек Сақайбековке ардақты ақсақалдар да, ерікті жастардың өкілі де ақ ниеттерін арнады. Өнегелі ісін сөз етіп, ризашылық білдіріп, алдағы өмірінің жарқын болуына тілекші болды.
Айта кетейік, Серікбек ағамыздың арқасында аман қалған Максим Головочев әлі де ауруханада жатыр. Отбасының ресми өкілі, ерікті Айжан Жұмагелдіқызының сөзіне сүйенсек, баланың қазіргі жағдайы орташа бірқалыпты. Жалдамалы пәтерде тұрғандықтан, алдағы уақытта «Асар-Уме» қайырымдылық қоры тарапынан баспана берілу жағы да қарастырылуда.