Қарасай ауданында кісі өлімімен аяқталған қайғылы жағдай орын алды. Мамыр айының 23 күні ауданға қарасты Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан құрама жем және ұн өндірумен айналысатын «АзияАгроФуд» АҚ-ның аумағындағы құрама жем зауытында ұн тозаңы атылып, оның арты үлкен өртке ұласқан. Оқыс оқиға салдарынан төрт жұмыскер ауыр жарақатпен Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлер тарапынан көрсетілген емдік шараларға қарамастан зардап шеккен қызметкерлердің барлығы да алған жарақаттарынан аурухана төсегінде көз жұмды. Қазіргі сәтте компания басшылығы ішкі тексерістер жүргізіп, қайтыс болған жұмыскерлердің отбасына көмек көрсетуде.
Орын алған оқиға жайында ашып айтатын болсақ, Қарасай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің мәлімдеуінше, мамыр айының 23 күні кәсіпорындағы тоғыз қабатты екінші элеватор ғимаратының бірінші қабатында астық қалдықтарының шаң-ауа қоспасы жарылып, арты үлкен өртке ұласқан.
Хабар түсісімен өрт сөндірушілер келгенде нысан аумағындағы қатты түтіндену байқалған. Бірден арнайы штаб құрылып, Алматы облысы мен Алматы қаласы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының 100-ден астам жеке құрамынан төрт жауынгерлік учаске ұйымдастырылып, 31 техника бір
лігі жұмылдырылды. Жалпы жану алаңы 1377 шаршы метрді құраған.
Мамандардың жедел және үйлесімді іс-қимылдарының арқасында біраз уақыттан кейін лаулаған от толықтай сөндіріліп, сол сәтте жұмыста жүрген кәсіпорын қызметкерлері құтқарылды. Олардың барлығына ҚР ТЖМ қауіп-қатер медицинасы орталығының филиалы мен Жібек жолы ауылындағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығының мамандары зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетті.
Өрт кезінде жұмыс орнында болған төрт қызметкер әртүрлі деңгейдгі ауыр жарақаттар алған. Мамандар оларды бірден Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне жеткізген. Алайда арада бір-екі күн өткеннен кейін қарасайлық дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, зардап шеккендердің бірі алған ауыр жарақаттарынан ауруханада көз жұмған. Тағы бірнеше күннен кейін жансақтау бөлімінде жатқан қалған үш науқаста қайтыс болған. Бұл соңғы жылдардың ішінде ауданда орын алған ең қайғылы жағдай.
Бүгінде қайғылы жайттың мән-жайы қазір анықталып жатыр. Алматы облысы ТЖД-нің Өрт-техникалық зертхана қызметкерлері мен анықтау бөлімінің мамандары оқиға орнына жіберілген.
Ал «АзияАгроФуд» АҚ – басшылығы өз тарапынан компания марқұм болғандардың отбасыларына көңіл айтып, орны толмас қазаның ауыртпалығын олармен бірге көтеріп, барынша қолдау білдіретіндігін мәлімдеді.
Корпоративтік бағдарламалар аясындағы сақтандыру төлемдерімен бірге, компания тарапынан қосымша материалдық көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты барлық шығындарды да компания өз мойнына алады. Сондай-ақ марқұм болған жұмысшылардың артында қарыздық міндеттемелері болса, толық өтеп береді. Әр отбасыға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіліп, қажет болған жағдайда жеке қолдау ұйымдастырады.
– Компания қаза тапқандардың туыстарымен тұрақты байланыста және қажетті көмекті үздіксіз көрсетуге дайын. Бұл жағдай біз үшін тек ресми міндет қана емес, команданың бір бөлшегі болған жандарға деген адами құрметтің көрінісі.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептерін анықтау бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз мемлекеттік органдармен және төтенше жағдайлар қызметтерімен белсенді ынтымақтастық орнатып, барлық технологиялық және ұйымдастырушылық үдерістерге ішкі тексеруді бастадық. Басты мақсатымыз – оқиғаның себебін анықтау ғана емес, сонымен қатар, келешекте осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау.
Біз марқұмдардың отбасыларымен бірге қара жамылдық және оларды қолдаусыз қалдырмау үшін бар күшімізді саламыз, – деп мәлімдеді «АзияАгроФуд» АҚ басқармасы.
Айта кетейік, «АзияАгроФуд» АҚ – Қазақстандағы сироптар, құрама жем және нан ұнының өндірісінде көшбастап тұрған кәсіпорындардың бірі. Қазіргі таңда мұнда бидай дәнін ұнға және жүгері дәнін глюкоза-мальтоза сироптарына өңдеу, сонымен қатар құрама жемнің барлық түрі шығарылады.
Кәсіпорынның құрамында 15,2 мың тонналық элеватор, ұн тарту, крахмал мен жем зауыттары бар. Барлық цехтар мен өндіріс орындары Германияда, Швейцарияда, Италияда және АҚШ-та шығарылған ең жаңа, өнімділігі жоғары жабдықтармен жабдықталған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.