ЖАМБЫЛ АУДАНЫ
«Ақындар мен батырлар елі» атанған Жамбыл ауданында спорт саласының дамуына үлестерін қосып, өз өңірлерінің атын шығарып жүрген спорт майталмандары да жетерлік. Солардың қатарында Жамила Бақбергенова да бар.
Талай жеңістерге жетіп, көк байрағымызды көптеген жарыста желбіреткен белгілі спортшы Жамила таяуда тағы бір жетістікке жетті.
Нақтырақ айтқанда, жамбылдық спортшы елордамыз Астана қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Айта кетейік, елімізде өткен отандық турнирде қазақстандық әйелдер екі алтын және үш қола медаль жеңіп алған болатын.
Күрес түрлерінен өткен додада 72 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жамила Бақбергенова жартылай финалда моңғол спортшысы Даваасанана Энк Амараны 11:1 есебімен, ал финалдық жекпе-жекте жапондық Сумире Никураны 5:1 есебімен жеңген.
Бір айта кетерлігі, осыдан біраз уақыт бұрын спортшы қызымыз дәл осы қарсыласымен Моңғолия елінің астанасы Ұланбатор қаласында өткен Азия чемпионатының финалында кездесіп, ол кезде де басым түсіп, алтын медаль ұтып алған еді.
Жамиля Бақбергенова 2019 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2020 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатында 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңімпазы, 2021 жылғы әлем чемпионатында күміс медаль иегері атанған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.