Қазіргі таңда діни экстремизм қауіпінің өршуіне көпшіліктің діни сауаттылығы мен рухани өрісінің жетімсіздігі тікелей әсер етіп отыр. Бүгінде экстремистік ұйымдардың басшылары қарапайым адамдарды, әсіресе, жастарды діни саяси экстремистік ұйымдардың теріс ағымына тартуға күш салады. Осыған байланысты жастарды діни саяси экстремистік ұйымдардың теріс ағымынан аулақ ұстау үшін еліміздің барлық аумақтарында ақпараттық-насихаттық топтар құрылған. Олар ауыл-аудандарды аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы ретте, ауданымыздағы дін мәселеріне қатысты топтың жылдық жоспарына сәйкес, қалалық әкімдік пен колледж бірлесіп «Қазіргі жастар мен дін» атты семинар өткізді.
Қаскелең қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледж ғимаратында болған бұл іс-шараға қалалық әкімдіктің бас маманы Маржан Әйкенова, теолог-инспектор Бауыржан Жадрин, аудандық бас имам Ринат Ташенов пен ұстаздар мен студенттер қатысты. Оның басты мақсаты –терроризм, экстремизм мен радикализмнің кез-келген көріністеріне және азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қарсы қатаң әрі дәйекті қарсы тұру. Жастарға дінтанушылық және теологиялық білім беру. Сондай-ақ, еліміздегі исламдық сипаттағы діни ағымдардың әрекет ету ерекшеліктерін және дәстүрлі емес діни ағымдардың айырмашылықтарын ашып көрсету.
Арнайы келген теолог пен бас имам семинар тақырыбын түсіндіре келіп, бүгінгі күні Қазақстан Республикасында исламдық сипаттағы дәстүрлі емес діни ағымдардың құқыққа қайшы әрекеттерімен күрес саясатын қалыптастыру мәселесі танымдық қана емес, тәжірибелік маңызы үлкен мәселелер қатарында екенін баяндады. Себебі, аталмыш мәселе елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей байланысты, сондай-ақ, соңғы уақыттарда түрлі дәстүрлі емес исламдық сипаттағы діни ағымдардың белсенділіктері күшеюде. Мәселен, «Хизб-ут-Тахрир», «Таблиғи Жамағат», «Салафиттер» («Уаһһабилер»), «Такфиршілер» және тағы да басқалар жайлы жан-жақты әңгіме болды. Олардың Ата Заңымызға қарсы мазмұндағы діни әдебиеттері, аудио-бейне таспалары, жастарға дәстүрлі емес діни ілімді тарату және халыққа радикалды діни ұстанымды насихаттау фактілері көптеп кездесетінін де баяндады.
Семинар барысында колледж студенттері мен мұғалімдері көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.