Осы аптаның алғашқы күнінде, аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының ұйымдастыруымен, «Аштық жоқ әлемде саламатты тамақтану» тақырыбында акция өтті. Акцияның мақсаты – инфекциялық емес аурулардың алдын алу бойынша насихат жұмыстарын жүргізу. Аталған жоспарға сәйкес ақпараттандыру шарасы бұл күні қос өндіріс орнында жалғасты. Яғни, ауданымыздағы Бұлақты ауылындағы көшенің бойындағы қатар тұрғызылған «GOLD САПА» нан және нарықта «Diamond» маркасымен танымал қамыр зауыттарында аталған шара өткізілді. Аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Олжабаев бастаған мамандарды өндіріс орнының директорлары ыстық ықыласпен қарсы алып, акцияның өтуіне өз үлестерін қосты. Ал, ақпаратты шараны аталған нысанда өткізілу бекерден емес. Себебі, 16 қазан халықарылық деңгейде Нан және сауда күні болып белгіленген. Соны негізге алып, аудандағы нан өндірісінің сапасы жағдайын қарастыру еді. Себебі, нан – азық-түліктердің ең маңыздысы әрі жоғары энергетикалық құндылығымен, тағамдық жақсы сіңімділігімен жақсы сипатқа ие.
Акция барысында ұннан жасалған тауарлар дайындайтын өндіріс орындарындағы құрылғылардың жұмыс жасауы мен тазалығына аудандық Ұлттық сараптама орталығы бөлімшесінің мамандары зертханалық тексеріс жүргізді. Яғни, нан және оның өнімдерін дайындау кезінде фортификацияланған (құнарландырылған) ұн пайдалану, йодталған ас тұзын қолдану, шикі заттарды, дайын өнімдерді сақтау, таңбалану шарттары дұрыс сақталатындығына қатысты тексеру сынамаларын алды. Сонымен қатар, топ мүшелері мекеме қызметкерлеріне денсаулық және жеке бас гигиенасы жайлы айтып, шағын жиын өткізді. Ал, нан зауытының басшылығына – тамақ өнімдерінің дұрыс дайындалуы жайлы ақпараттан құлағдар етті. Атап айтқанда, Нұрлан Кенжебекұлы «Дұрыс тамақтанбаудың адам ағзасына зияны» туралы мәлімет берді.
Иә, аурудың көбі астан болатыны жасырын емес. Тамақты шектен тыс немесе уақтылы жемесе, адам ағзасында ауытқушылықтар болып, түрлі аурулар пайда болады. Әсіресе, жұмысты сылтауратып жеңіл, құнарсыз, тағамдарды жиі тұтынудың салдарынан сырқаттың көптеген түрі қозатыныны көпке аян. Ақпараттандыру шарасы барысында бас маман Сая Усербаева «Ұнды фортифицикациялаудың маңыздылығын» түсіндіріп, ол жайында толығырақ сөз етті. Себебі нан және қамыр өндірісінде бірінші сортты пайдалану маңызды. Әрі оны құнарландырудың да маңыздылығы зор.
Аудандық ауруханың дәрігері Дана Таждинова инфекциялық емес аурулардың алуына зор мүмкіндік туғызатын «Өндірісте тұз бен қантты шектеу маңыздылығы» жайлы айтты. Адам тәулігіне 5-7 гр ас тұзын, 20гр қант қолдану керек екен. Сонымен қатар, Дана Бектұрғанқызы жүрек-қан тамыры, қатерлі ісік, қант диабеті және артериялық қысымның жоғарылауы сынды ауруларды алдын ала анықтау үшін жылына бір рет скрингтен өтуге шақырды.
Арнайы келген мамандардың өндіріс орындарының жұмыскерлеріне пайдасы зор болғаны бірден байқалды. Себебі, олар өздерін толғандырған денсаулық сақтау саласына байланысты қойылған сұрақтарына қажетті жауаптарын алды. Алда да мұндай маңыздылығы мол акциялар жалғасын табатын болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.