1986 жылы негізі қаланған ауданымыздағы С.Жандосов атындағы Қаскелеңдік кәсіптік-технологиялық колледжі бүгінде сұранысқа ие «автомеханик», «электрик», «тігінші», «кондитер» сияқты қажетті мамандықтар бойынша кадр дайындауда. Жылда 220-ден артық астам кәсіби мамандар дайындап шығатын оқу орынның түлектері бүгінде еліміздің әртүрлі ірі компаниялары мен өнеркәсіптерінде еңбек етуде.
Осы аптада аталмыш колледж өзінің қол жеткізген жетістіктерін, болашақта осында түскісі келетін оқушыларға мұндағы оқудың тиімділігін көрсету және білім беру қызметтері нарығында оқу орынның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Ашық есік күнін өткізген еді. Аталған іс-шараға қатысып, білім мекемесінің оқыту жүйесімен танысу мақсатында сәрсенбі күні облыстық мәслихат депутаты Жалғасхан Донбаев және аудандық мәслихат депутаттары Василий Тен мен Атлана Исаева білім ордасына арнайы барып қайтты.
Халық қалаулыларына колледж директоры Рүстембек Бакиров шеберханалардан бөлек оқу кабинеттерін, жатақхананы аралатып, колледждегі бір күндік оқу барысын көрсетіп, алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Алдымен депутаттар бас корпуста орналасқан «автомеханик», «тігінші», «аспаз» сияқты мамандықтарға арналған кабинеттерді аралады. Директорының айтуынша, бүгінде колледж «Шевроил», «Алатау прогресс», «Алтын жұлдыз» сияқты бірқатар ірі компаниялармен келісімшарт жасаған. Тіпті, «Elkos» сияқты кейбір кәсіпорындар оқу орынның аймағында өздерінің филиалдарын ашқан. Бұл бірінші кезекте талапкерлердің дайын кәсіби маман болып шығуына, екіншіден, оқу оқып жүріп жұмысқа орналасуына мүмкіндік беру үшін жасалған.
Колледжді аралау барысында депутаттар оның аумағында орналасқан бірнеше үлкен шеберханаларды да көріп қайтты. Мұнда студенттер дәнекерлеуден бастап, тоқ өтетін сымдармен жұмыс істейді. Сонымен қатар көліктерді жөндеп, құрылыс компаниялары қолданатын терезелер мен электрлік шиттерді өз қолдарымен жасап, теория жүзінде алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолданады. Рүстембек Тохтағанұлының айтуынша бұл олардың колледжді бітірген кезінде дайын кәсіби маман болып шығулары үшін жасалған.
– Біз өзіміздің студенттерімізге барынша білім беру үшін және кейіннен оларды жұмысқа орналастыру мақсатында барлық жағдайды жасап жатырмыз. Ол үшін көптеген компаниялармен келісімге де отырдық. Талапкерлеріміз күнделкті 6 сағаттарын осы шеберханаларда өткізетіндіктерін ескеріп, біз алдағы уақытта оқу орнының аймағына газ қазандығың орнатуды да жоспарлап отырмыз, – деді колледж директоры.
Жалпы шара барысында оқу орынның бір күндік өмірімен танысып, оның жұмысынан жақсы әсер алған халық қалаулылары газ қазандығын орнатуға, сондай-ақ, өзге де колледжге қатысты бірқатар мәселені шешуге қолдау білдіретіндерін айтты. Шара соңында мәслихат депутаттары студенттермен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, оқуларына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, жоғарыда атап өткен Ашық есік күні үш күнге жоспарланған. Бұл іс-шара аясында болашақта осы колледжге түскісі келетін мектеп оқушалары колледжге экскурсия жүргізіп, тыныс-тіршілігімен таныса алады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.