Осы бір орта бойлы, қараторы, әдемі, ақжарқын күлкісімен әркімді де өзіне баурап алатын Гүлжан Тілеуліқызын ешкім 80-ге келді деп айта алмайтынын естіп те қалдық.
Супиева Гүлжан Тілеуліқызы 1940 жылы, 17 маусымда Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында (қазіргі Қазыбекбек бекітінде) өмірге келіпті. Әкесі Тілеулі Супиев атақты Түркісіб теміржолын салушылардың бірі болған Гүлжан Супиева 1958 жылы Алматыдағы теміржолшылардың балалары оқитын 278-мектеп- интернатында оқыпты. 10-шы сыныбын бітіре салып оқуға түсуіне мүмкіндігі болмады. Өйткені, Үкіметтің сол кездегі Жарлығына сәйкес екі жыл өндірісте еңбек еткен соң ғана оқуға түсуге жолдама берілетін. Мектепті енді ғана бітірген жас қыз өз ауылындағы «Күрті астық қабылдау» мекемесіне лаборант болып орналасады. Екі жыл еңбек өтілі зу етіп өте шығып, 1960 жылы АСХТ техникумына оқуға түседі. 1963 жылы сол оқу орнынан «есепші-жоспарлаушы» мамандығын алып шығады. Талабы таудай жас маман жоғары білімді маман болуды армандап, Мәскеудің технология институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, оны 1967 жылы «инженер-технолог» мамандығы бойынша бітіріп, диплом алады.
1963 жылы Күрті ауданының Қопа стансасындағы «Қопа астық қабылдау» мекемесіне лаборатория меңгерушілігіне тағайындалып, оны 1973 жылға дейін абыроймен атқарады. 1973-1998 жылдар аралығында «Күрті астық қабылдау» мекемесінде директордың орынбасары қызметін атқарады.
1975-1985 жылдары бастауыш партия ұйымының хатшысы қоғамдық жұмысын да қоса атқарады.
Гүлжан апай өмірлік жары, балаларының әкесінен айырылып, 1969 жылы 28 жасында жастай жесір қалады. Екі ұл, екі қыз балаларын өзінің кіп-кішкене йығымен қиындыққа мойымай көтере біліп, олардың барлығының жоғары білімді маман болып шығулары жауапкершілігін өз мойнына алады. Бүгінде балаларының барлығы да жоғары білімді мамандар, әр салада қызметтерін атқарып жүр. Олардың барлығы да өз отбастарын құрған, балалы-шағалы. Апайдың 9 немере, 13 шөбересі бар.
Гүлжан апай сол ұл-қыздарынан көрген қызғалдақтай құлпырған немере-шөберелерінің шуағына, олардың күміс күлкілеріне бөленіп жүрген асыл әже. Ана, әженің шын бақыты да осы шығар…
Гүлжан апай 1958-1998 жылдар аралығында 40 жыл қызмет істеп зейнеткерлікке шығады. Сол еткен бейнетті еңбегінің белгісі, көрсеткіші ретінде алған қаншама «Алғыс хаттары» мен марапаттары бар. «Астық даярлау» Министрлігінің 3 мәрте «Құрмет грамотасы»; Күрті аудандық комитетінің екі мәрте «Құрмет грамотасы»; «Еңбек ардагері» медалі; Қарасай ауданы әкімдігі тарапынан алған екі «Құрмет грамотасы»; Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы» марапаттары бар.
«Бақыт дегеннің бірі – адамдарға сенің керек екендігің, қажеттігің» – депті бір данышпан адам.
Сол айтқандай, Гүлжан Тілеуліқызы зейнеткерлікке шыққаннан соң да қоғамдық жұмысқа белсене араласып келеді. Ол Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы қызметін 2014-2017 жылдарда атқарып, 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы және есепші қызметін үлкен абыроймен атқарып жүргенін Ардагерлер кеңесінің әрбір мүшесі көріп- біліп жүр.
«Әдемі қартая білу де – өнер» дегенді шын мәнінде осы Гүлжан Тілеуліқызына да қарата айтуға әбден болады. Оның мектеп-интернатта оқып жүрген кезінен әдемілікті, әсемдікті, талғампаздықты бойына жинай білуіне сол кездегі М.Әуезов атындағы драма театрының режиссері Аркадий Нүсіпбайұлының жоғары сынып оқушыларының ішінен оншақты оқушыны іріктеп алып, оларды театр өнеріне, әсемдік әлеміне тәрбиелеуінің де жемісі деуге болады. Сол тәрбиеленушілердің бірі – біздің Гүлжан Супиева болса, бірі әрі бірегейі, ерекше талант иесі – «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің жан досы – Шегенің ролін сомдаған атақты актер, біртуар азамат Әнуар Молдабеков те еді. Бірақ Гүлжан апай актерлік жолды таңдамай, еңбек жолын өз ауылында қарапайым лаборанттық жұмыстан бастап, одан әрі жоғары білімді инженер-технолог мамандығымен құрметке бөленіп, ел игілігіне қызмет істеді.
Гүлжан Тілеуліқызының бойынан қашанда мейірімділік, кісілік, кішіпейілділік, сабырлылық, еңбекқорлық, өз ісіне деген жауапкершілікті, адалдықты байқайсың. Өзгенің пікірін сыйлай алатын, өзеуремей сөзге қонақ беретін, т.б. көптеген адами қасиеттер одан әруақытта табылады. Ол өзінің осындай әдептілігімен, жылы жүзімен, риясыз балаша күлкісімен әдемі ғой, шіркін…
Алла Тағала Гүлжан Тілеуліқызын тіл-көзден аман сақтап, оған әлі де ұзақ ғұмыр бергей, деп барлық аудандық және Қаскелең қалалық ардагерлер кеңестері, аудандық әжелер алқасы және «Қазақ тілі» қоғамы атынан тілек білдіреміз!
Құрметті Гүлжан Тілеуліқызы, Сізді мерейлі 80 жылдық туған күніңізбен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, мол бақыт, немере-шөберелеріңіздің қызығына бөленіп жүре беруіңізді тілейміз!
Сәуле БЕГАЛЫҚЫЗЫ,
аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі.