Ұстаздар мерекесі қарсаңында Қаскелең қаласындағы Жайлы мектепте салтанатты жиын өтіп, оның барысында ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің 2025 жылғы көктемгі мерзімді әскерге шақырудың қорытындысы айтылып, жоғары әскери оқу орнына түскен түлектер марапатталып, алғашқы әскери дайындық мұғалімдерінің 2024-2025 оқу жылындағы атқарған жұмыстары бағаланды.
Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылып, әрі қарай Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдакматовтың құттықтау сөзімен жалғасты.
– Құрметті жиынға қатысушылар! Әскери қызмет – елге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Қазақстан Республикасының Президенті атап өткендей, бұл сөз жай ғана ұран емес, әрбір азаматтың жүрегінен орын алуы тиіс. Елін сүйетін әрбір жас әскери борышын абыроймен өтеу керек. Бүгінгі іс-шара отансүйгіштік, азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын тағы бір мәрте ұғындыратын маңызды кездесу. Өйткені әскерге бару заңдық талап емес, ел мен жерге деген құрметтің, болашаққа деген сенімнің нақты көрінісі. Қазіргі таңда еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Бұл жолда тәрбиелі, рухани тұрғыдан шыңдалған, елжанды сарбаздардың орны ерекше. Тәуелсіз еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы дәл осындай азаматтардың арқасында сақталады. Осы бағытта Қарасай ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді, – деді Адис Жаратбекұлы.
Аудан көлемінде 2024-2025 жылғы оқу жылында алғашқы әскери дайындықты жетілдіру жастардың мерзімді әскери қызметке сапалы даярлау, патриоттықты күшейту бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде 2024 жылдың күзінде ауданымызда 330 жас, ал 2025 жылдың көктемінде тағы 349 жас азамат Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерімен, басқа да әскери құрылымдар қатарына шақырылды. Бұл жайында аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакметов ақпаратымен бөлісіп, ауданның қорғаныс істеріне белсене араласқан бірқатар жанды аудан әкімінің атынан марапаттады. Атап айтқанда, Бірінші Май және Жібек жолы ауылдық округінің әкімдері Елдос Мұкатев пен Дидар Нұрақынов, округ әкімдіктерінің бас мамандары, мектеп директорлары мен алғашқы әскери пәнінің мұғалімдері Алғыс хатқа ие болды.
Сонымен қатар бұл шарада Қарасай ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бағлан Абишева да сөз алып, ұлағатты ұстаздарды мерекесімен құттықтады. Дәл сол сияқты аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімнің басшысы Ерлан Абдықалықов жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, өз атынан мектеп директорлары мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдеріне Алғыс хат табыстады.
Шара соңында жас өнерпаздар концерттік бағдарлама аясында өз өнерлерін паш етіп, көрерменнің ықыласына бөленді.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
