Тәуелсіз егемен Еліміздің Ата Заңы – еліміздің құқықтық, саяси және әлеуметтік дамуының негізі. 1995 жылы 30 тамызда өткізілген республикалық референдум арқылы қабылданған Конституция, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттің құрылымын айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды құжат болып табылады.
Жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың АЛТЫН ЗАҢ деген өлеңінде:
Ал, міне, бүгін жарқырап,
Нұрын шашты – Алтын заң!
Заң болғанда, қандай заң,
Көрмеген бұрын ешбір жан?
Көрмеген бұрын ешбір жан?!
Еркіндетіп еңбекті,
Бел ал – деген осы заң.
Оқы, оқы, білім ап,
Жөн ал деген осы заң.
Еңбек ет те, міндет ет,
Дем ал деген осы заң.
Әйел, теңсің правоң,
Сен ал деген осы заң.
Бұлбұл үнін бұлақтай,
Тассын деген осы заң.
Елдің шетін күзету –
Ең ардақты правоң.
Жорғалап келсе сұр жылан,
Желкесін қиып, жеткізбей,
Кесе бер деген осы заң.
Сансыз халық достасып.
Он бесің қол ұстасып,
Өсе бер деген осы заң.
2025 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Бұл кезең елдің тәуелсіздігін нығайту, құқықтық мемлекет құру, демократиялық және нарықтық реформаларды жүзеге асыру жолындағы тарихи кезең болды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданды. Бұл құжат еліміздің жаңа саяси бағыттарын белгілеп, оның демократиялық даму жолында маңызды қадам болып саналады. Конституцияның қабылдануы Қазақстанның халықаралық аренада өзіндік мәртебесін қалыптастыруға және әлемдік қоғамдастықпен тең құқықта қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді.
Конституция еліміздің ең жоғарғы заңы ретінде мемлекеттік құрылымды, билік тармақтарының бір-бірімен қарым-қатынасын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін реттейді. Бұл құжатта Қазақстанның демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін айқындайтын негізгі принциптер қамтылған.
Конституция бойынша Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы мемлекет. Бұл құжатта президенттің мемлекеттік биліктегі рөлі айқын белгіленген. Президент тек мемлекеттің басшысы ғана емес, сонымен қатар саяси тұрақтылықты сақтау, елдің ішкі және сыртқы саясатын анықтаушы тұлға болып табылады. Президенттің өкілеттіктері кең, бірақ олар заңнамада көрсетілген шеңберде ғана жүзеге асырылады.
Парламент, үкімет және сот жүйесінің рөлі де Конституциямен нақты анықталған. Заң шығарушы билік – екі палаталы парламент, атқарушы билік – үкімет, ал сот жүйесі еліміздегі әділеттілікті қамтамасыз ететін орган ретінде жұмыс істейді. Биліктің бұл үш тармағы бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істейді, бұл Қазақстандағы демократияның дамуына ықпал етеді.
Қазақстан Конститция-сы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты міндет ретінде қарастырады. Конституцияда әрбір азаматтың теңдігі, өмір сүру құқығы, білім алу, денсаулық сақтау, жеке меншікке ие болу, саяси және экономикалық еркіндік секілді құқықтары нақты көрсетілген. Сонымен қатар, Конституцияда өз ойын ашық білдіру, бейбіт митингілерге қатысу сияқты азаматтық құқықтар да қамтылған.
Қазақстанның Конституциясы қабылданғаннан бері бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік қажеттіліктеріне байланысты болды. 2007 жылы Конституцияда Президенттің өкілеттіктерін ұзарту туралы өзгерістер енгізілді, 2017 жылы Конституцияға мемлекет басшысының өкілеттіктерін, сонымен қатар жергілікті басқару жүйесін нығайту мақсатында өзгерістер мен толықтырулар жасалды.
Ал соңғы өзгерістер 2022 жылы орын алды, ол елдің саяси жүйесінде ірі реформалардың жүзеге асуына негіз болды. Конституциялық реформа саяси партиялардың рөлін арттырып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуды мақсат етті. Жаңа өзгерістер билік жүйесінің ашықтығын арттырып, аза-маттардың саяси өмірге қатысуын жеңілдетті.
Қазақстан Респуб-ликасының Конституциясы болашақта да еліміздің дамуының құқықтық негізі болып қала береді. Конституцияның өзгеруі мен толықтырылуы, әрине, қоғамның дамуына, жаңа талаптар мен өзгерістерге жауап беру мақсатында жүзеге асады. Бұл құжаттың басты мақсаты – қоғамның барлық мүшелерінің құқықтарын қорғап, елдің саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Қазақстан Респуб-ликасының Конституциясына 30 жыл толуы – ел тарихындағы маңызды кезең. Еліміздің құқықтық жүйесінің жетілгенін, мемлекет пен қоғамның дамуында маңызды кезеңдер өткенін көрсетеді. Осы уақыт ішінде Конституция мемлекет пен азаматтар үшін сенімді заңдық база болып қалыптасып, еліміздегі демократиялық өзгерістердің алғышартына айналды. Ата Заңымыз өз заманының қа-жеттіліктеріне жауап беріп, қоғам мен мемлекеттің үздіксіз дамуына үлес қосып келеді.
Конституцияның қа-былдануы Қазақстанның жарқын болашағы үшін негіз қалаған маңызды тарихи оқиға болды. Болашақта да Конституцияның негізгі қағидаттары еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі болатыны сөзсіз.
Жәнібек Жақаев,
Қарасай ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
