Тарих қойнауынан сыр шертер болсақ, Отан алдында борышын өтеп, оқ пен оттың ортасында жүріп, жанкештілігімен батылдық танытқан батырларымыз аз емес. Олардың ерлігі елге мұра, бүгінгі ұрпаққа өнеге болып жалғасып келеді. Әрине, майдан даласында ерлік көрсетіп, кеудесін оққа тосқан Ұлы Отан соғысының батырларын айрықша атап, әрбірімен маңғаздана мақтана аламыз. Десе де, Кеңес заманында көршілес елдердің тыныштығына жауап беріп, қырағылық танытып, әскери міндетін мінсіз атқарған қазақстандықтардың ерлігін де жоққа шығара алмаймыз. Солардың бірі – Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығысқа қатысқан айбынды азаматтар. Ал биыл осы екі елдің арасындағы ұрыс-қимылда жауынгерлік міндетін орындаған қазақстандық жеке құрама атқыштар батальонының Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толып отыр.
Өткен күннің дерегіне көз тастар болсақ, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін оның құрамындағы елдер тәуелсіз атанғанымен, өз алдына дербес мемлекет болып қалыптасуы қиынға соқты. Дәл осындай аумалы-төкпелі кезеңде Тәжік-Ауған шекарасы арқылы есірткі мен қару тоқтаусыз өтіп жатты. Бұл жайт Тәжікстанды ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы болған бауырлас, көршілес елдердің де тыныштығына қауіп төндірді. Ал оның бетін қайтару үшін Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) кіретін елдердің басшылары өзара келісіп, шекара шебінде тәжік-ауған аумағын қорғайтын арнайы күш құруға шешім шығарды. Аталған күштік құрылымда ҚР Жоғарғы кеңесінің қаулысымен 500 адамнан тұратын жеке құрама атқыштар батальоны жасақталып, оған десантшылар, шекарашылар және ішкі әскер бөлімшелерінің сарбаздары шақырылды.
Екі елдің ортасындағы қарулы қақтығыс 9 жылға созылды. Яғни, 1992-2001 жылдары аралығында бітімгершілік операциясы орын алды. Ал осы уақыт аралықта біздің отандастарымыз өздерінің әскери борышын өтеу кезінде аталған шекара шебін күзетіп, ұрыс-қимылдың ортасынан табылды.
Жалпы Тәжікстандағы азаматтық соғыстың салдарынан 100 мыңнан астам тұрғын қаза тауып, 50 мыңдай әйел жесір атанса, 10 мың шақты бала жетімнің күйіне түскен.
Ал бұл шекара ортасындағы қақтығыста 10 мыңнан аса қазақстандық тәжік жерінде әскери борышын өтеуге аттанған екен. Бір өкініштісі, қарулы қақтығыс кезінде 46 отандасымыз ерлікпен қаза тауып, біразы жарақат алған. Осылайша қазақстандық батальон шығынға ұшырады.
Бүгінгі таңда осынау майданның төсінде қару асынып, әскери міндетін абыроймен атқарған ағаларымыз әлі де ортамызда бар. Олардың аман-есен жүргені, ерлік істерін ұрпаққа өсиет, өнеге етіп жеткізуі нағыз отаншылдықтың үлгісі деп білеміз. Сондай жанкештіліктің үлгісіне айналған 100 шақты ардагер Қарасай жерінде де бай-қуатты, ел қатарлы өмір сүруде. Ал олардың басын біріктіріп, бір ортада табыстыруға атсалысып жүрген азаматтың бірі – Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысқан ардагер ұйымының Қарасай ауданы бойынша төрағасы Пердебай Қаныбеков. Жақында ағамызбен кездесудің сәті түсіп, сонау Тәжік-Ауған шекарасындағы сәттерін еске алдық.
Пердебай Қарсыбайұлы – жоғарыда біз сөз еткен қарулы қақтығыстың қақ ортасында болған қазақстандықтардың бірі. Ол 1996 жылдың күзінде туған жері – Арыс қаласынан Отан алдындағы борышын өтеу үшін Үшаралға аттанған. Осындағы «2484» әскери бөлімінде сарбаздар қатарында болып, «Кіші инженерлік мамандықтар мектебінде» әскери біліктілігін арттырған. Одан кейін «сержант» шенімен Күршім ауданындағы әскери бөлімге іссапармен кеткен. Осы жерде біраз болған соң, өз еркімен 1998 жылдың наурыз айында қаруластарымен Тәжік-Ауған шекарасындағы бітімгершілік операциясына қатысуға бел буған. Екі елдің арасындағы азаматтық соғыста 5 айға жуық болып, тыңшы ретінде әскери міндетін абыроймен өтеді. Алайда Пердебай ағамыз үшін оқ пен оттың ортасында өткен уақыты оңайға соқпаған. Талай қан төгістің куәсі болып, жаралы жандардың жанына демеу болды. Тіпті, көз алдында отандасының оққа ұшқанын көріп, оның желке тұсында аққан қанды тоқтатуға барын салып, өмірі үшін күресті. Алайда қолында қаза тапқан қазақ бауырының ажалына араша түсе алмады. Сөйтіп, Пердебай ағамыз марқұм қаруласын Тәжікстанның астанасы – Душанбенің әуежайына дейін жеткізіп, Қазақстанның өкілдіктеріне аманаттап тапсырған.
Осындай майдан даласында қарумен шыныққан Пердебай Қаныбеков қазіргі уақытта Тәжік-Ауған шекарасында болған ардагерлердің Қарасай ауданы бойынша ұйымына 2020 жылдан бері төрағалық етеді. Ақысыз қызметті арланбай істеп жүрген Пердебай ағамыз өзімен тағдырлас азаматтардың отбасына бей-жай қарамай, ардагерлермен бірігіп, әлеуеметтік жағынан қолдап, қол ұшын созып тұрады. Одан бөлек Тәжік-Ауған жерінде әскери міндетін атқарған ерлердің құжат мәселесіне мән беріп, қалыпқа келтіру жұмыстарына да барынша көмегін көрсетуде. Өйткені қазіргі таңда 10-нан астам қарасайлық тұрғын «ардагер» мәртебесіне қол жеткізе алмай жүр. Сонымен қатар Пердебай Қарсыбайұлы майдан даласында болған азаматтармен бірге аудан бойынша білім ұйымдарындағы әскери-патриоттық шаралардан барынша қалмауға тырысады. Жас ұрпаққа патриотизмді насихаттап, отаншыл болуға ағалық ақылын айтып келеді.
Тәжік-Ауған шекарасында болған ардагерлерге қазіргі кезде мемлекет тарапынан қолдау қарастырылған. Әрбіріне тиісті жәрдемақы беріліп, аудан бюджетіне байланысты жылына бір рет денсаулығын жақсартуға арналған шипажайларға жолдама беріледі. Ал осы жылы Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс-қимылда болған ардагерлерге арналып Қаскелең қаласында ескерткіш ашылу жоспарлануда. Пердебай Қаныбековтің айтуынша, тас мүсіннің жөн-жобасы дайындалып қойған, тек құжат жағы реттелуде.
Ерліктің үлгісіне айналған ардагерлерге қоғам тарапынан құрмет әрдайым көрсетіліп тұрады. Әрбірінің жанкештілігі мен батырлығы жас ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
