Тарихы терең, жері көркем Қарасай жерінде түрі басқа болса да, тілегі бір өзге ұлт өкілдері қазақ халқымен бір шаңырақ астында тату-тәтті бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр. Солардың ішінен қаскелеңдік Елена Константинованы ерекше атап өтуге болады. Ол – аудандағы кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосып қана қоймай, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне атсалысып жүрген батыл жандардың бірі. Айналасындағылар оның кәсібилігін, мол тәжірибесі мен парасаттылығын, ісіне адалдығын, баршаға бірдей құрметпен қарай білетін қасиетін жоғары бағалайды.
Бейсенбі күні барлық қазақстандық тойлайтын 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай, осындай тамаша жанды мақала тақырыбына арқау етіп, кеңінен таныстыруды жөн санадық.
Нәзікжанды ару – қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, ана тілін қазақтан кем білмейтіндердін бірі. Қазақтардың ортасында өскен кейіпкеріміздің мектептегі қазақ тілін беретін ұстазының мықты болуы ол үшін үлкен көмек болған екен. Еленаның айтуынша, қазақ халқының қонақжай мінезінің арқасында ол өзін ешқашан басқа ұлт өкілі деп шеттетілгенін сезінбеген.
– Қазақы ортада өсіп, қазақ тілін балалық шақтан бері бойыма сіңірдім. Қазақ тілін үйренуде маған, әсіресе мектептегі мұғалімдерім көмектесті. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні сабақтарында оған деген қызығушылығым одан әрі арта берді. Жанымдағы достарым, көршілерім арасында қазақтар көп болды. Бірте-бірте олардың айтқан сөзін қайталап жүріп, тілді меңгеріп алдым.
Ал өскенде жұмыс барысында ауызекі сөйлеу тілін жаттықтыру арқылы білімімді жетілдірдім. Көптеген адамдар, әсіресе орыс тілін жақсы білмейтін қандастармен жұмыс істегендіктен, қазақша сөйлеу қабілетім бұрынғыдан да жақсара түсті. Бүгінде маған дүкендер мен сауда орындарына барғанда «сколько это стоит?» дегеннен гөрі «мынаның бағасы қанша тұрады?» деп сұрай салған оңайырақ, – деді Елена.
Түрі орыс болғанымен біздің кейіпкеріміздің өзі – қазақ мәдениетінің көзге көрінетін насихатшысы. Әсіресе, оның қазақтың ұлттық киіміне деген сүйіспеншілігі ерекше. Бүгінде оның «гардеробында» камзолдар, оюланған көйлектер, зергерлік бұйымдар көптін қасы. Жұмыста, мерекелік шараларда, қарапайым күндері оның үстінен қазақтың әдемі ұлттық киімдері түспейді. Тіпті маңызды іскерлік кездесулерде де Елена ресми киімді камзолмен үйлестіруге тырысады.
– Әрине, елімізде ұлттық киімді көбірек насихаттау қажет. Себебі ұлттық киім – ұлттық рухтың көрінісі. Жеке басым қазақтың оюланған киімдерін қатты ұнатамын.
Ұлттық киімді тек мерекелерде емес, күнделікті киюге деген талпыныс оларды ұлықтап қана қоймай, ұрпақ санасына құндылығын төте жолмен сіңіруде ұтымды тәсіл дер едім. Бала күннен халық мұрасын көріп, ұстап өскен ұрпақтың осы арқылы елдік бедерлерді естен шығармасы анық. Ал мен секілді өзге ұлт өкілдері үшін бұл Қазақстан жерінің ұлтына деген ризашылығы деп білемін, – деді нәзікжанды белсенді.
Жалпы кейіпкеріміздің өзіне келетін болсақ, Елена Владимировнаның балалық және жасөспірімдік шағы жер жәннаты – Жетісу облысымен байланысты. Себебі оның арғы атасы осы мекеннің Сарқан ауданына 1800 жылдары көшіп келіп, қоныстанып қалған. Әкесі де осында туып, ержеткен. Ал Еленаның өзі болса 1982 жылы Жетісу облысының орталығы жасыл желегі жайқалған Талдықорған қаласында дүние есігін ашқан. Қазақтың тілін ғана емес, мәдениеті мен дәстүрін бала күнінен бойына сіңіріп өскен кейіпкеріміз әрқашан оқуда озат болған екен.
Шаһардағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті үздік бітіріп, жоғарғы білім алу үшін 1999 жылы Ресей мемлекетінің Омбы қаласында орналасқан аграрлық-технологиялық колледжіне «экономист» мамандығы бойынша оқуға түскен. Оны да қызыл дипломмен тәмамдап, 2003 жылы Алматы қаласындағы Орталық Азия университетіне түсіп, «Есеп және аудит» мамандығын игерді.
Еленаның алғашқы еңбек жолы студенттік шағында басталған. Омбы қаласындағы техникумда оқып жүріп, жылжымайтын мүлік агенттігі «Монарх –Бизнес» ЖШС-де карталарды жасап, түзетулер мен өзгертулер енгізетін картограф және де мүлікті бағалаушы болып қызмет еткен. Одан кейін туған жері Талдықорғанға оралған соң «Қазгеокарт» мемлекеттік мекемеге картограф болып жұмысқа орналасқан. Алайда 2005 жылы құрылымдық бөлімшенің таратылуына байланысты жас маман техникалық түгендеу бағытталған жекеменшік бюро «Ниет ЛТД» ЖШС-не кетуге мәжбүр болды. Мұнда ол техникалық паспорттарды дайындау, құжаттарды бекіту секілді жұмыстармен айналысқан.
– Таңдаған мамандығым мен еңбек жолымның біраз кезеңі жер мәселесімен байланысты болғанымен, бала арманым басқа еді. Кішкентай кезімде мен әдемі форма киіп, қоғамдық тәртіпті сақтауда әрдайым алғы шепте тұратын полиция қызметкері болуды армандадым. Алайда өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейді ғой. Сондықтан мектепті бітіргеннен кейін өмірлік бағытым өзгерді. Оған әке-шешем де себепкер болды.
Нақтырақ айтқанда, әкем Владимир Алейников жердің, табиғи ландшафттардың, жылжымайтын мүліктің және құрылыс алаңдарының физикалық сипаттамаларын өлшейтін және картаға түсіретін геодезист. Ол көптеген жылдар Талдықорған қаласының жер бөлімінде еңбек еткен. Әкем секілді мамандығы «геодезист» анам Татьяна Алейникова Талдықорған қалалық сәулет бөлімінде қызмет еткен. Қазіргі уақытта екеуі де лайықты еңбек демалысына шыққан зейнеткерлер. Ең қызығы, артымнан ерген екі сіңілім де әке-шешімнің жолын қуды. Біреуі құрылыс колледжін аяқтап, бүгінде кадастр бөлімінде, біреуі жер учаскелерімен байланысты жобалар жасайтын жекеменшік компанияда жұмыс істеп отыр, – деді отбасының «мамандық» таңдаудағы бағыты жайында Елена.
Өміріне өзгерістер енгізгісі келген Елена 2006 жылы Алматы қаласына көшіп келіп, біраз жыл «Горецкая Л.П» ЖК бухгалтер ретінде жұмыс істеді. 2015 жылы оның өмірінде кәсіпкерлік салаға деген қызығушылығын тудырған кезең басталды. Яғни осы жылы ол Қаскелең қаласында орналасқан «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына бухгалтер болып орналасқан. Арада бір жыл өткен соң аталған мекемедегі жұмыс бағытын ауыстырып, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау ретінде жасалған әртүрлі бағдарламалар жайында ақпараттандыратын кеңес беруші болды. Аудандық филиалда ол 2022 жылға дейін қызмет етті. Сондай-ақ қосымша 2018-2019 жылдары аралығында «Еркеназ Д» ЖШС есепші, Шамалған округіндегі «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінде» студенттерге орыс тілінде «Кәсіпкерлік негіздері» курсын жүргізген.
Ал 2022 жылдың тамыз айынан бастап «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматы облыстық филиалында жобаларды қолдау бөліміне сол кездері төраға қызметіндегі Қуандық Чункуновтың шақыртуымен 1 санатты сарапшы болып жұмысқа орналасқан. Екі жылдың ішінде өз саласын жетік меңгерген маман ретінде таңылған Елена өнеркәсіпті дамыту саласындағы жетекші сарапшы, әкімшілік бөлімінің бастығы, өнеркәсіпті дамыту және жобаларды қамтамасыз ету басқармасының басшысына дейін көтерілді. Өз ортасында ол ерекше құрметке ие. Әр кезеңде онымен әріптес болғандар оны кәсіпкерлік саланың дамуына үлес қосқан бірден бір білікті маман ретінде сипаттайды. Оның жоғары кәсіпқойлығы мен еңбекқорлығы үшін құрметпен қарап, тәжірибесінен, ісінен үлгі алады. Салаға сіңірген еңбегі ескеріліп, әр жылдары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық және аудандық филиалдары басшылығы тарапынан Алғыс хаттармен, 3-дәрежелі «Адал еңбегі үшін» медалі және «Мәслихатқа 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Негізгі қызметімен қатар ол 2021 жылдан бері Қарасай аудандық мәслихаттың депутаты. Халық қалаулысы ретінде аймақтың барлық қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік саладағы өміріне белсенді араласуда. Өзге депутаттармен бірге аудан тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер, айтылған шағымдар мен өтініштерді жергілікті биліктің құлағына жеткізіп, мәселелердің шешімін табуға көмек көрсетуде. Сонымен қатар аудан көлемінде ұйымдастырылған қайырымдылық шараларға да қолдауын білдіруде. Депутат болғалы Еленаның елге арнаған еңбегі аз емес. Мәселен, Жалпақсай ауылы тұрғындарының өтінішімен Сұлусай көшесінің жандануына атсалысқан. Көше бойына жарықшамдар орнатылып, жаңа жол белгілері мен автобусқа арналған аялдамалар қойылған. Өтініштеріне құлақ асып, көмек көрсеткен халық қалаулысына тұрғындардың айтар алғыстары шексіз болды. Бүгінде Елена депутат ретінде аудандағы қаражат қайда жұмсалатындығын бақылап, тексеріп отыратын комиссияның төрағасы болып отыр.
Бір орында тоқтап қалмай, үнемі алға ұмтылып, жаңа нәрселерді үйренуді ұнататын көпжақты кейіпкеріміз 2024 жылдың аяғында жеке кәсіпке көңіл бөлуді шешкен. Қазіргі уақытта ол Қаскелең қаласындағы «Зияткер» ғылыми-әдістемелік орталығында атқарушы директор қызметінде. Оған қоса өзінің жеке жобаларын іске асыруда. Мәселен, «кәсіпкерлік негіздері курстарының көріністері» жоба аясында аталған орталықта әйел адамдарға кәсіпкерлік негізін үйретуде. Сондай-ақ дәл осындай курстарды қарасайлық әлеуметтік кәсіпкер Әсел Жылқыбаевамен бірге Іле ауданы Жауғаштыдағы әйелдерге арналған түрмедегі сотталушыларға жүргізуде.
Бұдан бөлек қазіргі уақытта ол «өз-өзіне бухгалтер» деген жаңа жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл курстар өзінің шағын жеке кәсібін жүргізіп отырғандарға бағытталған. Бұл айтылғандардың барлығы Еленаның алдыға қойған мақсаттарының басы ғана. Ол әлі де бірнеше жақсы бастамаларды іске асыруды жолға қойып отыр.
Жұмыс кестесінің өте тығыздығына қарамастан Елена әрдайым демалысқа уақыт табуға тырысады. Әсіресе, Анастасия және Алена есімді қыздарымен таулы, табиғаты тамаша жерлерге барып, таза ауамен тыныстанғанды жақсы көреді. Оның айтуынша, осындай сәттерде ол күнделікті жұмыстың жылдам қарқынынан бір уақыт демалып қана қоймай, сондай-ақ қыздарымен қызықты уақыт өткізіп, олармен сырласып, арадағы қарым-қатынасты нығайтады. Себебі бұл өмірде отбасыдан маңызды ештеңе жоқ.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.