Ұлт пен ұлыстың айрандай ұйыған ырысты ынтамағы ел тағдыры үшін маңызды. Бірліксіз тірлік болмайтынын ұғындырған халқымыз ағайынның татулығын бәрінен жоғары қойған. Бұл ұстаным әлі күнге дейін қасиетін жоғалтқан емес. Бауырлас жұртпен жақсылығы жарасып, бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен қазақстандықтардың ауызбірлігі көпке үлгі десек артық айтқанымыз болмас. Соның ішінде татулықты ту еткен этностардың бірі – ұйғыр халқы. Аталмыш диаспораның өкілдерімен қазақ халқының сыйластығы жарасқаны соншалық бүгінде қыз алысып, құдандалы болып отырған жайы бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі аясында қазаққа келін атанған Ризванкуль Манамбаева жайлы әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, ана тілін қазақтан кем білмейтін Ризванкуль Максумқызы осыдан 25 жыл бұрын Манамбаевтар әулетіне келін боп түскен. Өмірлік жолдасы – Ақылбек Рахмадиұлы екеуі 1997 жылы танысып, бір жылдан кейін шаңырақ көтерген. Отағасы Көлащы ауылының тумасы болса, ұйғыр қызы Ризванкуль әпкеміз Қошмамбет ауылында дүниеге келген.
Биыл ерлі-зайыптылардың отау құрғанына ширек ғасыр толып отыр. Құдайдың берген қос қанаты – қыздары Ақнұр бүгінде бойжетіп, заң саласында жемісті еңбек етсе, үйдің еркесі – Шамиль осы жылы бастауыш сыныпты бітіреді.
Бір қызығы, Ризванкуль әпкеміз Манамбаевтар әулетіне келін болып түскен жалғыз өзге ұлттың қызы емес. Абысындарының бірі өзбек ағайындардың қызғалдағы болса, енді бірі немістің қызы. Интернационалды келіндер бүгінде осы әулеттің түтінін түтетіп, ұрпақ жалғастырып, тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Айналысындағы жандармен сыйластығы жарасқан Ризванкуль Максумқызын көбісі бүгінде Риза деп таниды. Кейіпкеріміз 11 жыл мектепті орыс тілінде оқығанымен, Қыздар педагогикалық университетін мемлекеттік тілде, яғни, қазақша «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Сонымен қатар, Риза әпкеміз университетке дейін «есепші» мамандығын да меңгерген. Алайда ұстаздық етуді жөн санап, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, білімнің баспалдағы бастауыш сыныптың мұғалімі ретінде сабақ береді. Биыл педагогика саласында қызмет етіп жатқанына 30 жыл толып отыр.
Қазаққа келін атануды қалаған Ризванкуль Максумқызының ата-анасы оның қазақ жігітіне тұрмысқа шығуына еш қарсылық танытпаған. Керісінше ақ баталарын беріп, бауырластықты нығайту үшін, екі ұлттың арасындағы достықты арттыруға жол көрсетіпті. Бұл жайында Риза әпкеміз әңгіме барысында ашып айтып, екі ұлтқа тән ортақ дүниелерді жіпке тізгендей болды.
– Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін үйрену мен үшін еш қиынға соқпады. Өйткені осы елде туып-өскендіктен айналамда араласатын адамдардың көбісі қазақ болды. Түркі тілдес халық болғандықтан тілімізде де ұқсастық бар. Дініміз – ислам. Бұл да екі бауырлас халықты байланыстырушы факторлардың бірі деп санаймын. Ұлтым ұйғыр болғанмен, қазаққа тұрмысқа шығып, сол отбасыға бірден үйреніп кеттім. Осы елдің жерін басып, суын ішіп, нанын жеп отырғаннан кейін ұрпағын жалғастыру бақыты да бұйырыпты. Қазақтың келіні атанғаныма өте қуаныштымын, – деп Ризванкуль Манамбаева шын ықыласты сөзін жеткізді.
Бүгінде Ризванкуль Максумқызы Қарасай ауданына қарасты Көлащы ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте бастауыш сыныпқа сабақ береді. Ұстаздық жолда жеткен жетістігі де аз емес. Қарасай ауданының Құрмет грамотасына ие болып, бірнеше республикалық мақтау қағаздарымен марапатталған. Сонымен қатар, «Өрлеу» порталы қарасайлық мұғалімнің еңбегін ерекше бағалап, «Ұлағатты ұстаз», «Үздік сынып жетекшісі» сияқты төсбелгілеріне лайық деп таныған.
Риза әпкеміз сұхбаттасу соңында мерекеге орай барша отандастарды құттықтап, қазақ халқына деген ризашылығын жеткізді.
– Қазақстан – бірлігі жарасқан ел. Этнос өкілдерін қабылдап, достық құшағын жайған қазақ халқына рахмет айтқым келеді. Татулығы жарасқан мемлекеттің арқасында өзге ұлт өкілдері де өсіп-өніп, дамып жатыр. Елімізде тек жақсылық болсын. Бауырлас ағайынның арасында береке-бірлігіміз жарасып, бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешейік, – деп ізгі тілегін білдірді қазақ келіні.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.