Өткен аптаның жұма күнінде орталық кітапханада аудандық «Қазақ тілі» қоғамының алқа мәжілісі өткізіліп, онда 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы кеңінен әңгіме болды. Бұл жөнінде алдымен аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы баяндама жасады. Жалпы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 29 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде қоғам ауданда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қолданылу аясын кеңейту жолында талмай қызмет етіп келеді.
Алдымен жоғарыда аталған қоғамның төрайымы Шара Қанатқұлқызы жыл бойы атқарған жұмыстарына есеп берді. Баяндамасында айтылғандай, ұйым ауданның рухани-мәдени шараларына белсене атсалысып, біразының ұйымдастырылуна ұйытқы болған. Қарасай ауданының 90 жылдығына арналған 90 іс-шараның барлығында бой көрсетіп, өз үлестерін қосқан. Қоғамның биыл да атқаратын жүмыстары аз емес. Мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру жолында аянбай тер төгіп келеді. «Қазақ тілі» қоғамының жоспарында белгіленгендей, аудан мектептеріндегі оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінен білімдерін, Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмаларының орындалуын байқау үшін бірнеше мектепке барып, тексеру жүргізгенін, оның нәтижесінде байқалған кемшіліктер бойынша ұсыныстар жасалғанын айтты. Сонымен қатар, ұйым мүшелері Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында тартымды шаралар өткізіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына орай ағымдағы жылы жүйелі жоспар құрған.
Жиын барысында аудандағы 2020-2021 жылдарында таза қазақ мектебі етіп қайта құрылса деген мектептердің тізімі ұсынылды. Олар: Әлімқұлов, Алтын ауыл, Пушкин, Еңбекші, Жамбыл, Көкөзек, Қайнар, Ұлан мектептері, Үшқоңыр гимназиясы және осы ауылдағы Қарасай батыр мектептері. Себебі, халқымыздың болашағы үлтын сүйетін жас ұрпақ екенін жете түсінбейтін кейбір қандастар балаларының тілін орысша шығарып, орысша оқытып, орысша тәрбиелеуде. Кейбір қандастарымыз Елбасымыз ұсынған «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасының мән-маңызын да дұрыс түсінбейді. Әрине, қазақ баласы ана тілімен қатар, халықаралық орыс тілін де, техника мен экономика тілі – ағылшын тілін де білгені жөн, оған ешкімнің таласы жоқ. Алайда, баланың тілі қазақша шығып, қазақша ойлайтын дәрежеге жеткенше тек қазақша оқуы керек. Сонда ғана ана тілін, Отанын, елін, жерін сүйетін нағыз қазақ азаматы өсіп шығады. Оған қоса, Шара Қанатқұлқызы аудандағы атауын өзгертуге Белинский, Ушинский мектептері мен «Брусничка» балабақшасы ұсынды. Сонымен қатар, басқосуда «Қазақ тілі» қоғамына берілетін жарна көлемі өссе деген ұсыныс шешімін тапты. Одан кейін Шара Қанатқұлқызы «Қазақ тілі» қоғамына үнемі нақты қолдау көрсетіп, көмектерін аямайтын аудан әкімі Жандарбек Далабаевқа, орынбасары Айжан Назарбаеваға, аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне және жарна жинауда жәрдемдесетін қала, ауылдық округ әкімдеріне, мекеме басшыларына, аудандық «Заман жаршысы» газетінің ұжымына, мектеп директорларына алғысын білдірді. Мәжілісте алқа мүшелері – ардагер ұстаздар Ақлима Көсемова, Нағима Сағатова, аудандық орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.