31 мамыр – қазақ тарихында қаралы күн. Қылышынан қан тамған ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық кезінде қайтыс болғандарды еске алу күні. Дәл осы күні советтік биліктің құрсауынан босап, азаттық алуға талпынған Алаш зиялыларын ардақтайтын күн. Осыған орай кеше ауданымыздағы «Атамекен» музейінде «Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» тақырыбында жиын өтті.
Тарихымыздағы қайғылы да қасіретті жылдарды еске алуға арналған шараға «Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының» ғылыми қызметкері Нұрлыбек Досымбетов, білім бөлімінің әдіскері Ерлан Сейілханов пен ауданымызға қарасты мектептердің тарих пәні мұғалімдері қатысты.
Алдымен жиынға қатысушылар «Қасірет» кешені жанына жиналып, зұлмат жылдары құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Жиынды «Атамекен» музейінің ғылыми қызметкері Қыдыр Нұрғожа ашып, азалы тарихымызға бас ие отырып, аяулы азаматтар рухына тағзым ету, өткенімізге салауат айтып, тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне жас ұрпақты бей-жай қарамауға тәрбиелеу ең басты парызымыз екенін айтып өтті.
– Бүгін, сол жылдардағы оқиғаларды бойымызға сіңіре отырып, өткеніміздің қандай ауыр болғанын сеземіз. Жеңіс пен сәтсіздік, қуаныш пен қайғы қатар шапқан заманнан сабақ алып, халқымыздың тарихы мен тағдырына аса қаморлықпен қарауымыз қажет, – деп атап өтті ол.
Мұнан кейін Нұрлыбек Айдарбекұлы «Ғасыр қасіреті: ашаршылық себебі мен зардабы», ал тарих пәнінің мұғалімдері Жанат Қарабекова мен Шынар Елікбаева «Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» тақырыбында баяндамалар жасады.
Басқосу барысында қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрескен алаш арыстары мен халыққа танымал тұлғалары және Алаш қозғалысының тарихы туралы кеңінен айтылды. ХХ ғасырдың 30-40 жылдардағы поляктардың депортациясы, репрессия кезіндегі жерлерді сақтау, зерттеу, халықтарды күштеп қоныс аудару тарихы да әңгіме арқауына айналды. Сондай-ақ, Кеңес Одағының ұжымдастыру саясаты қазақ халқын бұрын-соңды болмаған үлкен қасіретке әкелгені сөз болды. Малы күшпен тәркіленген қазақ халқы босып кетіп, екі миллион халық зұлмат шығынға ұшырағаны да айтылды.
Сонымен қатар, өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы миллиондардың өмірін жалмаған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге арналған бейнефильм де көрсетілді.
Жиын соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.