Бүгін VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы өтті. Оның барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл ішінде елде болған негізгі саяси өзгерістерге әрқайсына жеке жеке тоқталды. Мемлекет басшысы халықтың көкейінде түйінделіп, көптен шоғырланып, шешуін күтіп жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, нақтылы міндеттерді тапсырды.
Президент мәдени даму саласында жан-жақты ойластырылған саясатты жүзеге асыруды маңызды мәселелер деп атап, осы саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын тілге тиек етті. Бұл құжат мәдениет саласын жан-жақты дамытуға, елдің мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталуы тиіс екендігін де айтып өтті. Оның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын, биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатынын жеткізді. Мен мәдениет саласының өкілі ретінде Президентіміздің бұл шешім өте дұрыс деп санаймын. Өйткені бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін.
Жалпы, Қазақстанның халық әртiсі атағы – Музыка мен хореография, театр мен кино, эстрада мен цирк өнерін дамытуға айрықша үлес қосқан адамдарға беріледі. 1920 жылдары белгіленген «Қазақ АКСР халық әртісі» атағы алғаш 1923 — 1924 жылы А.В. Затаевич пен Н.П. Анненкова-Бернарға, алғ 1931 жылы Е.Өмірзақов пен Ж.Шанинге берілді. 1991 жылдан «Қазақстанның халық әртісі» деп аталды. 1999 жылы шілде айынан бастап бұл атақты беру тоқтатылды. Соңғы рет бұл атақ 1999 жылы қазақ эстрада әншісі, Қазақконцерттің солисі Нағима Есқалиеваға, қазақ әншісі, «Гүлдер» ансамблінің солисі Қапаш Құлышеваға берілді.
Болат Әшірбаев,
Қаскелең Мәдениет колледжінің орынбасары,
ҚР Мәдениет қайраткері.