Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бағыты бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты жоба жүзеге асырылуда.Президентіміз өзінің бағдарламалық мақаласында: «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себептен уақыт ұттырмай ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек» деп Үкіметке нақты тапсырма берді.
Осылайша қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша 100 жаңа оқулықты аударуға жаңадан құрылған Ұлттық аударма бюросы кірісіп кетті. Бірден 100 оқулықты аудару ешқандай мемлекеттің маңдайына жазылмаған дүние болуы керек. Қазақта «ақыл – ауыс, ырыс –жұғыс» деген сөз бар. Әлемдік мықты стандарттар өзара алмасып отыруға тиіс. Бұл кез-келген қоғамдық дамудың көшінде бар тәжірибелер. Әлемдегі экономиканың, өндірістің, адамзаттың ақыл-ойының дамуы ерекше. Сондықтан біздің де «100 жаңа оқулықты» аудару мәселесін қолға алуымыз – қажеттілік.
Аталмыш жоба бойынша әлемнің ең үздік деп танылған 100 кітабының ішінде қазірше отызға жуық кітап қазақ тіліне аударылды. Мәселен, Дуэйн, Сидней Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Париж университетінің профессоры Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Грэгори Мэнкьюдің «Менеджмент», Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік; теория, процесс және практика», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция», Ли Энн Пек, Гай С. Рилдің «Медиа этика. Жас мамандардың тәжірибесінен», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» сияқты оқулықтар бүгінде республикамыздағы кітапханалардың сөрелерінен жарқырап орын алды. Бұл жоғарғы оқу орындарында посткеңестік замандағы идеологияның құрсауынан шықпаған ескірген жүйенің білім стандартымен шектелмей, саясаттану, философия сияқты гуманитарлық ғылымдарды әлемнің жоғары оқу орындарының бағдарламасымен оқуға мүмкіндік туғызады. «100 жаңа оқулықтың» электронды және аудио нұсқасы да жуырда жобаланып басылатынына деген сеніміміз мол. Себебі, ол қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, сондай-ақ, аударма саласының дамуына да әсер етпек.
Елбасы өзінің мақаласында «Қазақстанда білім салтанат құруы керек» деген болатын. Сондықтан білімнің салтанат құруына 100 жаңа кітап қомақты үлес қосады деп сенеміз. Енді екі жыл ішінде аяқталуы тиіс «100 жаңа оқулық» жобасы жастардың жаңа рухани белеске көтерілуіне жетекші болсын деген тілек білдіреміз.
Ұ. ӨТЕЕВА,
аудандық орталық кітапхананың директоры.