Талғар ауданында 21 ұлт өкілі тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың барлығы бір шаңырақ астында біте қайнасып, қоян-қолтық араласып тірлік етуде. Осыған орай мемлекетті құраушы халқымыздың рухани байлығы – ұлттық тілде сөйлеп, өз тіліне құрметпен қараған халықтың достығы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқанын айта кеткен жөн.
Жасыратыны жоқ, кеңестік кезеңде қазақ тіліне көңіл бөлінген жоқ. Тіпті орыс тілін білмеген адамды жұмысқа алмай, әскерге шақыртуды да тоқтатып жататын. Қазір заман өзгерді. Ел тәуелсіздігін алған тұстан бастап ана тілімізге деген көзқарас өзгеріп, осы бағытта көптеген жұмыс атқарылды. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ақын Қадір Мырза Әлінің өлеңінде айтылғандай, бұл ретте ортақ тілде сөйлеп, хал-қадірінше қазақ тілінің дамуына үлес қосқан диаспора өкілдерінің еңбегін де жоққа шығаруға болмайды.
Салт-дәстүр – сарқылмас қазына, таусылмас байлығымыз. Осыған байланысты Талғар қаласында №46 мектепте ұлттық дәстүрді сақтау мақсатында оқушылар арасында асық ату, бес тас ойнаудан облыстық жарыс өтті. Оған Алматы облысына қарасты барлық аудандардың оқушылары қатысты. Олардың арасында түрлі диаспора өкілдері де бар. Міне, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңіре берсек, ел бірлігінің бекем болары сөзсіз.
Мәселен, 2023 жылы 27 маусымында Қонаев қаласында қазақ тілін қорғау тіл мәселесін жаңғырту бойынша «Әділетті Қазақстан – келісім бірлік тұрақтылық» атты Алматы облыcтық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІІ сессиясы өтті. Онда Алматы облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Марат Елеусізұлы сөз сөйлеп, ассамблеяның маңыздылығын айтты. Сонымен қатар, бұл сессияға орыс, славян, қазақ ұйымдарының тұлғалары мен Талғар ауданының мамандары және аудан ақсақалдары қатысты. Бұл да қазақ еліндегі қазақ тілінің болашағы үшін атқарылған істің бір парасы деуге болады.
Қазіргі уақытта Талғар ауданында қазақ салт-дәстүрін сақтау және тіл мәселесі бойынша көптеген іс-шаралар қарқынды түрде қолға алынуда. Нәтижесінде қазақ тілі мен қазақ салт-дәстүрінің қолданылу аясының кеңейіп келе жатқанын көруге болады. Дегенмен көптеген салт-дәстүрді жастар біле бермейді. Мұны отбасында ата-ана, мектеп, балабақшада ұстаздар, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға үнемі үйретіп, құлағына құйып отырса, ұтарымыз көп болар еді. Атақты ғалым Нағашыбай Шайкенов: «Ұлт дәстүрі заңнан биік», – деген екен. Ендеше осы тұста халқымыздың өз ұрпағын тәрбиелеуде ғасырдан ғасырға жалғасқан салт-дәстүрді басты құрал еткенін де білеміз. Сондықтан елімізде қазақ тілінің тұғыры нық болу үшін оны салт-дәстүрмен сабақтастыра отырып дәріптеуіміз керек. Сонда көпұлтты Отанымыздың көкжиегі кеңейіп, ел бірлігі де бекем боларына сенеміз.
Бар күшімізді ұлттық салт-дәстүріміңз бен қазақ тілінің мәртебесін көтеруге сарп етуді басты мақсатымыз деп білемін. Осыған байланысты қоғам алдында әртүрлі мекемелерде мектептерде үнемі үздіксіз дәріптеуді қолға алу керек. Ол үшін ұлт дәстүрін сақтап, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны терең түсіндіру мен насихаттауды қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқару қажет. Діни бірлестіктер мен партиялар арасындағы байланысты жолға қойып, бұқаралық ақпарат құралдарының да мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн.
Меркибай МОЛДАМУРАТОВ,
Талғар қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Талғар ауданы.