Өткен жылдан бастап аудан әкімдері халық алдында тоқсан сайын есеп беріп келеді. Жақында Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков өзінің кезекті есеп беру жиналысын Бесағаш ауылында өткізіп, онда жергілікті тұрғындардың мазалап жүрген сауалдарына жауап берді. Жиынға әдеттегідей аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық бірқатар бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Есептік кездесуде алдымен аудан басшысы осыған дейін атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді баяндап, келешектің кестесінде тұрған қыруар шаруаға тоқталып өтті. Оның ішінде аталған округте жүзеге асатын жобалық жұмыстар да бар екенін тағы айтуға болады.
Сонымен нақтырақ тарқатсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарына 425 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын атқару үшін 2020 жылдың қазан айында 367 млн теңгеге «Қолғанат құрылыс» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісім шарт жасалған. Нәтижесінде бөлінген қаржы толығымен игеріліп, алдағы Наурыз мейрамы қарсаңында аталған мәдени орданы ашуды жоспарлауда. Сонымен қатар, Бесағаш ауылдық округіндегі көшелерді жарықтандыруға облыстық бюджеттен 8 млн 140 мың теңге бөлінген. «Орынтай» ықшам ауданының электрмен жабдықтау жүйесін жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжат әзірлеленіп жатыр. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ауылда жалпы ұзындығы 1620 метрге Хамраев, Ш.Айманов, М.Жұмабаев көшелеріне 54 дана жарық бағаналары қойылу жоспарланып отыр, осы уақытқа дейін оның 35-і орнатылып үлгерген. Ауылда жалпы, барлығы 288 трансформаторлық қосалқы станциясының 35-і «Алматы Жарық» компаниясына, 253 трансформатор жекеменшікке тиесілі.
Ауылдық округті көгілдір отынмен қамтамасыз етілу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бесағаш ауылдық округінің су жүйесінің күрделі жөндеуге 475 млн 41 мың теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын «Мад» ЖШС-і толығымен аяқтады. Ауылдың шығыс бөлігінде «Алматы облысы Талғар топтық су тартқышты қайта жаңарту және салу» жобасы бойынша «Көлстрой» мекемесі ауыз су жүйесін жүргізген.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың қаңтар айында Бесағаш ауылдық округінің 78 отбасына 5,2 млн теңге соммасында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал, үйде отырған жалғызбасты екі қарт пен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің арнайы қызметкері көмек көрсетіп, Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккен алты адамға біржолғы өтемақы төленіп, үш адамға куәлік берілген. Туберкулезбен ауыратын 12 бала 587,2 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алатын болады.
Міне, осылайша аудан әкімі баяндама барысында көптің көкейінде жүрген бірнеше мәселеге қатысты ойын жеткізіп, басқа жағдайларға байланысты жұртшылықтың пікіріне құлақ асуды жөн санады. Тұрғындар тарапынан өзекті мәселелерге байланысты сұрақтар қойылды. Оның басым бөлігі жол жөнделмегені, жарықтың жоқтығы, судың тапшылығына қатысты болды.
Мәселен, алғашқы болып сөз алған Бесағаш ауылының тұрғыны Hазым Толыпбаев халық саны 10 мыңға жеткен Думан мен Бесағаштың арасын бөліп жатқан таулы бөктердегі тұрғын үйлерде қыс мезгілінде жарықтың әлсіз болатыны, жолдың нашар, су жоқ екенін айтып, саяжайға ауыл мәртебесін беруді сұрады.
Ауыл тұрғыны көтерген мәселеге аудан басшысы «Сұрақ өте күрделі. Өзекті мәселелердің бірі. Бұл тақырып қаншама жылдар бойы қозғалып келе жатыр. Өздеріңіз білесіздер, кеңес одағы кезіндегі саяжайлар Алматы тұрғындарына арналғандықтан олар демалыс күндері келіп өздерінің саябақтарына қарап кететін. Енді бұл мәселе халықтың күрт өсуіне байланысты болып тұр. Қазіргі уақытта Үкіметте осыған қатысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз биліктегілерге толық ақпараттардың барлығын бердік. Жалпы Талғар ауданында 154 саяжай бар. Осы саяжайларда 180 мыңнан астам халық тұрады. Бұл алдағы уақытта шешілетін мәселе», – деп жауап берді.
Несібелі Әлеш болса көшелеріне төселген асфальттың сапасыздығын айтып, екі жыл болмай ойлы-шұңқырға айналғанын алға тартты. «Біздің көшемізге осыдан екі жыл бұрын асфальт төселген. Сапасыз жөнделген жолды қабылдап алған комиссия қайда? Асфальттың қалыңдығы неше сантиметр болуы қажет? Осыны қадағалайтын адам бар ма? Жаңбырдан кейін асфальтта үлкен жарықшалар пайда болды. Тіпті, балаларымызды сол асфальттың үстіне ойнатпаймыз. «Секірмеңдер! Асфальтты құртасыңдар!» деп айқайлаймыз. Қаланың іргесінде отырып бұл не масқара? Ішетін суымыз жоқ! Сатып аламыз. Кейбір жағдайы төмен отбасылардың бұған жағдайы да келмейді», – деп көптің көкейінде жүрген бірқатар маңызды мәселені ашына айтты. Бұл ретте аудан әкімі Т. Айдарбеков көп бөгелмей: «Қаншама қаржы бөлініп жатыр. Бұл мәселені де қолға аламыз. Соңына дейін жеткіземіз» – деп ғана қысқаша қайырды.
Келесі кезектегі Бесағаш ауылдық округіне қарасты «Самал» жекеменшік саяжайының төрағасы Жанар Дулатбекова бес күннен бері сусыз отырғандарын айтып налыды. Оның айтуынша, саяжай тұрғындары судың төлемдерін уақтылы төлесе де, су жекеменшіктің иелігінде болған соң оның иесі кез-келген уақытта өшіріп, қалаған уақытында қосады екен. Ауыл тұрғындарының арасына осы мәселеге қатысты іріткі туған. Төрағаға ретінде оған қарсы қойып келген адамдардың алдында өзінің «халық игілігіне жұмыс істеп келе жатқан адам» екенін айтып ақталды. Жанардың айтқан сөзіне сүйенсек, суға жауапты мекеме бастығы халықты сумен қамтамасыз етемін деп уәде беріп, сөзінде тұрмаған. Өйткені, мұндағы құбырлардың әбден тозығы жеткен. Меншік иесі құбырларды қайта қалпына келтіру үшін әрбір тұрғыннан 30 мың теңге көлемінде ақша жинауды талап етіп отыр. «Қарапайым халық не үшін ақша жинауы керек? Бұрынғы есептеуіш құралы 2700 теңге болатын. Соңғы кезде 5-6 мың теңгеден жинап отыр. Бұл қаншалықты дұрыс? Кім жауап береді?» – деп ашынды Жанар. Мұның арты әрі қарай дауға ұласты.
Аталған саяжайдан келген Аяулым Айдынқызы да өзінің мұң-мұқтажын алға тартып: «Біз тұзды су ішіп отырмыз. Жаздыгүні екі күннің бірінде суымыз тоқтап қалады. Қалалық су құбырына қосылғымыз келеді. Алайда кейбір адамдар «қалалық су құбырына қосылуға болмайды. Мүмкін емес! Қосыла алмаймыз!» – деп қарсылық білдіруде. Ал, қалған тұрғындар «Сусыз отырғанымызға бүгін үш күн болды. Ішетін суды сатып аламыз. Осы жағына көмектессеңіздер», – деп көмек сұрады.
«Сіздер тұратын жер саяжай болғандықтан, су – жекеменшіктікі. Су – тұзды. Білемін, ішуге жарамайды. 32 жыл бұрын өздеріңіздің қалталарыңыздан шығарған ақшамен тартылған су құбырларының бүгінде тозығы жетіп, жарылып жатыр. Жекеменшік судың иесі: «Мен су беріп отырмын. Жарылған құбырларды не үшін мен жөндеуім керек?» – дейді. Қай жерден су тартсаңыздар да өз еріктеріңіз. Халықпен сөйлесіп, өздеріңіз шешіңіздер», – деп Бесағаш ауылының әкімі Ернар Жүнісов турасын айтты.
Жалпы, есептік кездесуде талайларды алаңдатқан жағдайдың жай-жапсары толығымен талқыланды. Дегенмен аудан әкімі Таңат Айдарбеков әрбір тұрғынның талап-тілегі ескерілетінін, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
ТАЛҒАР АУДАНЫ.