Осыдан бір апта бұрын Алматы облысына арнайы іссапармен Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев келген болатын. Алдымен ол Қонаев қаласында облыс бойынша су ресурстарын тиімді пайдалану және ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіп, одан кейін Қарасай жеріне келді.
Қанат Алдабергенұлының біздің ауданға ат басын бұрудағы басты себебі – Жібек жолы ауылындағы «ПК Алтын таға» кешенінің базасында орналасқан 200 тоннаға дейінгі ауыр жүк көтеретін тіркемелер өндіруді көздейтін жаңа индустриялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысу. Аталған өндірістік ортада жеке цех қалыптастырылып, жақын арада арнайы жабдықтарды жеткізу және монтаждау жұмыстары жүргізілу жоспарлануда.
«ПК Алтын таға» кешені – Алматы облысындағы негізгі өндірістік нысандардың бірі. Мұнда қалалық және жоғары кернеулі электр беру желілеріне арналған темірбетон тіректер өндіріледі. Кәсіпорын тәулігіне орташа өндірістік қуаты 300-ден астам конструкцияны құрайды. Бұл елдегі инвестициялық жобалардың шамамен 90%-ының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорында заманауи технологиялық шешімдер енгізілуде. Бұл туралы өндіріс орынның директоры Валерий Ухватов түсіндірді.
«Бұл цех PIR сэндвич-панельдерін өндіретін заманауи желімен жабдықталған. Мұндай өндірістік желі Қазақстанда алғаш рет іске қосылып отыр. Өндірістік қуаты жылына 1,5 млн шаршы метр панель шығаруға мүмкіндік береді. Өнімнің басты артықшылығы – жоғары жылу оқшаулау және энергия тиімділігі, бұл ғимараттарды жылыту мен пайдалануға кететін шығындарды айтарлықтай азайтады. Гигроскопиялық қасиеттерінің болмауы панельдердің қызмет ету мерзімін 50 жылға дейін қамтамасыз етеді», – деді кәсіпорынның коммерциялық директоры В.Ухватов.
Сонымен қатар «ПК Алтын таға» кешені жыл сайын 500 мың шаршы метрге дейін тротуар плиталарын, шамамен 6 мың дана машина жасау өнімдерін, 6 мың тоннадан астам металл конструкцияларын және 1,5 млн шаршы метрге дейін сэндвич-панель шығарады. Кешенді дамытудың басым бағыттарының бірі – отандық өнеркәсіп үшін стратегиялық маңызы бар ауыр жүк тасымалдайтын тіркемелер өндірісін іске қосу.
«Біз 200 тоннаға дейінгі жүк көтергіш тіркемелер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Біздің бағалауымыз бойынша, Қазақстанға жыл сайын негізінен Қытайдан шамамен 2 мыңға жуық тіркеме мен кран-балка әкелінеді, ал мұндай техника ел ішінде өндірілмейді. Біздің мақсатымыз – ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп, экспортқа шығу», – деді компания директоры Әлішер Нұрмағанбет.
Айта кетейік, қазіргі уақытта кәсіпорынға жақын орналасқан елді мекендерден, яғни Алматы облысының 300-ден астам тұрғыны жұмыспен қамтылған. Бұл бір жағынан жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізуде. Ал Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өндіріс алаңымен танысу барысында тиісті мемлекеттік органдарға шығарылатын ұзын өлшемді автомобиль тіркемелері мен стационарлық көтергіш механизмдерді сертификаттау және сынақтан өткізуді қамтамасыз етуді міндеттеді. Одан бөлек вице-премьер Қанат Алдабергенұлы осы кәсіпорында шығарылатын темірбетон өнімдерін су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында ирригациялық желілерді жаңғыртуда, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту (ЭКСЖ)» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуда кеңінен қолдануды тапсырды. Яғни бұл жұмыстар жүзеге асырылып жатқан жобалардағы отандық қамту үлесін арттыруға мүмкіндік бермек.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
